Мәдениет

Жәдігер жерде қалмасын!

Музей 

Кеңес Одағының Батыры Ә.Молдағұлованың облыстық мемориалды музейі 18 мамыр — халықаралық музейлер күніне орай «Жәдігер жерде қалмасын» атты дәстүрлі акцияның қорытынды шарасын өткізді.

Шараға облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Алтынай Юнисова, соғыс ардагерлерінің туысқандары мен музейге жәдігер тапсыруға келген облыс тұрғындары қатысты.

Шараға қатысушылар әуелі жыл бойы музей қорына түскен экспонаттардан жасақталған көрмені тамашалады. Көрмеге соғыс ардагері Сергей Пшонкиннің майданда тартқан баяны, майдангер Григорий Аухадиевтің фотосуреттері мен орден-медальдары, экслибрисші Әнуар Өтеген-Тананың және Қызылорда қаласы Әлия атындағы №173 мектеп ұжымының сыйға берген «Әлия» картиналары қойылды.

Акцияның қорытынды шарасына қатысқан Қобда ауданының тұрғыны Мәлік Сапанов Кеңес Одағының Батыры Абдолла Жанұзақовтың фотосуреттерін, қала тұрғыны Ләззат Омарқызы әкесі, Ұлы Отан соғысының ардагері Омар Нұржановтың құжаттары мен орден-медальдарын, сонымен қатар қала тұрғыны Жанай Оразов әкесі Сағын Оразовтың ордендерін, Орынай Амирова атасы Нұржан Медеттің фотосуретін музей қорына тапсырды. Ал ауған соғысының ардагері, екі мәрте Қызыл жұлдыз медалінің иегері Әлжан Қожбанов әскери кителін, «Жауынгерлік бауырластық» қоғамдық қорының басшысы Гумер Галеев әскерден әкелген чемоданын, қаламы мен кітаптарын, музей ардагері Айша Өтеулина музей тарихына қатысты жинақтаған деректі материалдарын музей қорына сыйлады.

— Облыс аумағындағы музейлер жыл бойы өтетін «Жәдігер жерде қалмасын!» акциясын халықаралық музейлер күнінде қорытындылауды әдетке айналдырған. Дәстүрлі акцияның арқасында музей қоры құнды жәдігерлерге толады. Тарихты білу — парыз. Әрі мұндай шара тұрғындардың отансүйгіштік сезімін оятуға ықпал етеді. Тарих пен естеліктерден сыр шертетін жәдігерлерді сақтайтын музей күні құтты болсын! Музей қызметкерлеріне зор денсаулық пен шығармашылық табыс тілеймін, — деді облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Алтынай Юнисова. Шараны М.Мәметова атындағы жоғары медициналық колледжінің өнерлі оқушылары патриоттық әндермен әрледі.

Айтпақшы, мемориалды музейлер арасында ынтымақтастық меморандум аясында

түрлі шаралар ұйымдастырылып тұрады. Сондай шараларда қабылданған Алматы облысындағы Жамбыл Жабаев музейінің ақынның шығармашылығына арналған 30 томдық жинағы, Көкшетау қаласындағы М.Ғабдуллин мемориалды музейі, Қызылорда, Атырау облыстық және Хромтау аудандық музейлерінің өңір тарихына қатысты кітаптары, майдангер-жазушы Жекен Жұмахановтың жары Клара Жұмаханова сыйға берген «Әлия әні» кітаптары, батыр қызға арналған мақала жинақтары да бұл күні көпшілік назарына ұсынылды.

Бүгінде Кеңес Одағының Батыры Ә.Молдағұлованың облыстық мемориалды музейінің қорында 10 мыңнан астам жәдігер сақталған.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button