Білім

«Ақша жинауға жол берілмеуі керек»

Биылғы, яғни 2022-2023 жылғы оқу жылы 31 мамырда аяқталады. Облыс бойынша мектеп бітіретін 11-сынып оқушыларының саны — 8 208. Ал 14 мыңнан астам бала 9-сыныпты бітіреді. 4-сыныпты бітіріп, бастауыш мектеппен қоштасқалы отырған балалардың саны 19 мыңнан асады.
Бұл жөнінде кеше оқу жылын аяқтау мәселелеріне арналып, өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында айтылды. Жиынға облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Нұргүл Бертілеуова мен облыстық білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы Гүлнар Сәрсенғалиева қатысты.
— Меншік нысанына, яғни мемлекеттік немесе жекеменшік болғанына қарамастан, орта білім беру ұйымдарындағы оқу сабақтары 31 мамырда аяқталады. 9-сыныпты бітірген оқушылар әрі қарай оқуын мектепте жалғастыра ма, әлде орта арнаулы білім алуды таңдай ма — осыған байланысты шешім қабылдайды. Кәсіптік-техникалық оқу орындарына баратын жасөспірімдер емтихан тапсырмайды, аттестаттың орташа балы бойынша қабылданады. 9-сынып және 11-сынып бітіретін оқушылар үшін ең маңызды мәселе — болашақ мамандықты таңдау. Оқу жылының соңына жоспарланған тақырыптық сынып сағаттарында, тәрбие сағаттарында талқыланатын мәселелердің бірі де осы болмақ. Сондай-ақ сынып сағаттарында оқу жылы қорытындыланып, жазғы демалыс кезінде қауіпсіздікті сақтау ережелері жөнінде айтылады. Жазғы демалыс 90 күнге созылады, — деді Нұргүл Бертілеуова.
Биыл соңғы қоңырау тек 1, 4, 9, 11-сынып оқушылары үшін ұйымдастырылады. Оны мектеп ауласында немесе мектептің мәжіліс залында өткізу керек. Ал басқа сыныптар оқу жылын сынып сағатымен ғана аяқтайды.
9 сынып оқушылары үшін мемлекеттік емтихандар — 2-13 маусым аралығында, 11-сыныпты бітіруші түлектер үшін 5-19 маусым аралығында өткізеледі. Мектеп бітіруші түлектер 20-22 маусым аралығында аттестат алады. Түлектер үшін мектеп бітіру кештерін мектеп қабырғасында ұйымдастыру ұсынылып отыр.
— Оқу жылын қорытындылауға арналған сынып сағаттары, аттестат тапсыру, соңғы қоңырау шаралары кезінде педагогикалық этиканы сақтау және сыбайластық құқықбұзушылықтың алдын алу мәселелері ескерілуі керек. Ата-аналардан іс-шараны өткізуге, аниматорларды, салтанатты кеш ұйымдастырушыларды жалдауға, мектеп әкімшілігі мен мұғалімдерге сыйлыққа ақша жинауға жол берілмеуі керек, — деді Гүлнар Сәрсенғалиева.
Сондай-ақ жазғы демалыс кезінде педагогтер жөндеу жұмыстарына және басқа да жұмыстарға тартылмауы керек.
Биыл облыста мектепті «Алтын белгімен» бітіруге 519 бала үміткер болып отыр.

А.САРЫБАЙ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button