Мәдениет

Көктемге арналған суреттер

Көрме

Облыстық өнер музейінде «Nauryz-2023» арт-акциясы аясында қорытынды көрме өтіп жатыр. Мұнда 15 суретшінің шығармашылық жұмыстары қойылған.
Мұндағы мақсат — қылқаламды серік еткен өнер иелерімен байланыс орнату, олардың шығармашылықтарын дәріптеу, сондай-ақ музей қорын толықтыру.

— Ереже бойынша арт-акция кезінде суретшілерге құралдар, яғни кенеп және майлы бояу берілді. Кейіннен суреттер музей қорына тапсырылды.
Акцияға Қазақстан Суретшілер одағының мүшелері Қайрат Ноғаев, Манас Қожағұлов, Вячеслав пен Светлана Русановкскийлер, Аслан Ідірісов, Әлімжан Ибраев, Мейрамбек Малдықұлов, Евгения Сухотина, басқалар қатысты. Олардың қатарында Валентин, Михаил Русановскийлер, Нұрқасым Қыдырберген сынды жас талаптар да бар. Барлығы өнер музейі атынан Алғыс хаттармен марапатталды, — дейді облыстық өнер музейінің қызметкері Динара Ибрашева.

Көрмеге кескіндеме жанры бойынша 15 еңбек қойылды. Ұсынылған туындылар көктемнің келуі, күн мен түннің теңелуі, Наурызға дайындық, киіз үй маңындағы көрініс секілді тақырыптарды қамтиды.
Сондай-ақ аталған музейде «Анима» жеке дамыту орталығының «Азбука» бейнелеу студиясы балаларының біріккен көрмесі ашылды. Ұйымдастырушылар сол арқылы оқушылардың шығармашылығын насихаттап, өз ұлтына, еліне деген сүйіспеншілікті арттыруды көздейді. Мектепке дейінгі дамыту орталығының көрмесі музейде осымен үшінші рет өтіп жатыр.
Көрмеге 4-13 жас аралығындағы балалардың 60-ға жуық жұмысы қойылды. Жұмыстар графика, түрлі түсті карандаштар, акварель, фломастер, пастель, гуашь техникасында орындалған, — дейді Динара Ибрашева.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button