Білім

Құжат тапсырдыңыз ба?

Облыс бойынша жаңа оқу жылында 18 459 бала 1-сыныпқа қабылданады деп жоспарланып отыр. Оның 13 964-і қазақ тілінде (75,6 пайыз) білім алмақ. Мектеп табалдырығын аттайтын балалардың құжаттарды қабылдау тамыздың 1-і күні аяқталады. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтылды.

Шараға облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Нұргүл Бертілеуова айтты.

Білім беру ұйымдары дайындық деңгейіне қарамастан, 6 жастағы және күнтізбелік жылда 6 жасқа толатын балаларды1-сыныпқа қабылдайды.Құжаттарды қабылдау және мемлекеттік қызметті көрсетудің нәтижелерін беру электрондық үкімет веб-порталы арқылы жүзеге асырылып жатыр, — деді Нұргүл Лескенқызы.

Оның айтуынша, өтінімдерді өңдеу автоматтандырылған ақпараттық жүйелер арқылы өткізіледі. Egovkz порталы тұрақты жұмыс істеп тұр. Өтінімдерді тапсыруда ешқандай мәселе жоқ.

Қажетті құжаттардың тізбесі:өтініш, денсаулық жағдайы туралы анықтама (№065/у нысан №026/у-3 нысан), баланың 3х4 см өлшеміндегі цифрлық фото суретi.

11мамырдағы жағдай бойынша 11 131 бала 1-сыныпқа қабылданды. Оның 8585-і немесе 77,1 пайызы қазақ тілінде білім алуға ниет білдіріп отыр.

Гимназиялар мен лицейлер15 маусымға дейін қабылдау емтихандарын өткізеді, — деді Нұргүл Бертілеуова.

Қазір Ақтөбе қаласындағы Батыс-2 шағын ауданында мектепке қабылдауда мәселе туындауда. Мұның себебі туралы Нұргүл Лескенқызы былай дейді:

Аталған аумақта екі мемлекеттік мектеп орналасқан, ал 1-сыныпқа баратын оқушылар саны мектептің сыйымдылығынан үш есеге көп.  Сол себепті ата-аналар балалардың құжаттарын Гришин және ағайынды Жұбановтар көшелерінде орналасқан  №1 мектеп пен  Бәйішев мектеп-лицейіне тапсырғандары дұрыс. Балалардың тасымалы ұйымдастырылатын болады.

«Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында аталған шағын аудандағы орын тапшылығы мәселесі шешілетін болады. Бұл мақсатта 6900 орындық 4 мектептің құрылысын салу жоспарланып отыр.

Нұргүл Бертілеуованың айтуынша, мектепке дейінгі 581 ұйым бар. Онда 45 731 бала тәрбиеленіп жатыр. Өңірде 186 балабақша, 231 бөбекжай-бақша, 4 арнайы балабақша, 155 шағын орталық, 5 санаторлық бөбекжай-бақша жұмыс жасайды.

Былтыр 2750 орынға 26 мектепке дейінгі ұйым ашу жоспарланған болатын. Барлық ашылған жеке балабақшаға мемлекеттік білім беру тапсырысы орналастырылыпты. Биыл да 26 мектепке дейінгі ұйым ашу жоспарланып отыр. Оның 20-сы Ақтөбе қаласында пайдалануға берілмек. Қазірдің өзінде 4 жекеменшік балабақша еңсе көтерді.

Қазір 1 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен қамту 88,4 пайызға жетті. 2 жастан 6 жасқа дейінгі балапандардың балабақшалармен қамтылу көрсеткіші — 93 пайыз. Ал 3 жастан 6 жасқа дейін балдырғандардың барлығы да балабақшаға барып жүр.

Облыс бойынша жалпы 7792 балапан балабақшаға баруға кезек күтіп жүр.

2018 жылдан бастап облыста балаларды мектепке дейінгі мекемелерге кезекке қою және жолдама берудің автоматтандырылған жүйесі (balabaqsha.akt.kz, e-aktobe.kz) енгізілді.

Бұл жүйе балаларды кезекке қою рәсімін ашық етіп, қандай да бір сыбайлас жемқорлық тәуекелдері мен бұзушылықтарын болдырмауға мүмкіндік берді. Жүйе тәулік бойы жұмыс істейді.

Жүйелер бөгде адамдардың, соның ішінде ішкі жүйелеріне тікелей қол жеткізе алатын техникалық мамандардың араласуына жол бермеу үшін блокчейн технологиясымен қорғалған, — деді Нұргүл Лескенқызы.

Оның айтуынша, мамыр айының соңында облыс бойынша 7602 бала балабақшамен қоштасады. Маусым айында барлық балабақшадағы бос орындар жарияланатын болады.

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button