Жастар

Екі мың жас еңбекпен қамтылады

Жасыл ел

Биыл облыста «Атамекен» студенттік құрылыс және «Жасыл ел» еңбек жасақтары екі мың жасты жұмыспен қамтитын болады.

Бұл туралы өңірлік коммуникациялар алаңында өткен брифингте «Жасыл ел» жастар еңбек жасақтары және «Атамекен» студенттер отрядтары» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Нұржан Шаңғытбаев айтып берді.

Оның айтуынша, «Жасыл ел» еңбек жасағы өз жұмысын мамыр айының басында бастаған. Биыл жасақ құрамында 1200 жас облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы арқылы көгалдандыру жұмыстары бойынша орман шаруашылықтарына, ал 800 жас абаттандыру және құрылыс мекемелеріне еңбекке жұмылдырылады. Сондай-ақ биыл жастардың жалақысы да көбейеді.

— Биыл жалақы мөлшері 120-130 мың теңге аралығында болады. Еңбек жасақтарына облыстағы 16-35 жас аралығындағы мектеп оқушылары, студенттер және жұмыссыз жастар алынады. Мамыр айының аяғына дейін екінші маусымға жасақ құрамында еңбек еткісі келетін жастарды жұмысқа қабылдайтын боламыз. Ол үшін кез келген жас жеке куәлігінің, 075 формасындағы медициналық анықтамасының, оқу орнынан немесе жұмыссыздығын растайтын анықтамасының көшірмесін әкеліп тапсыруы керек. Ал 18 жасқа толмаған жастар ата-анасынан қолхат және ата-анасының жеке куәліктерін қоса ұсынуы қажет, — деді ол.

Нұржан Шаңғытбаев «Жасыл ел» жасағына мамыр айында 259 жас жұмысқа орналастырылғанын, оның ішінде 120-сы облыстық табиғи ресурстар басқармасы арқылы Ақтөбе орман шаруашылығы және Шалқар ауданындағы Үлкен Борсық орман шаруашылығы мекемелеріне жіберілгенін атап өтті. Сондай-ақ 130-дан астам адам  Ақтөбе қаласын абаттандыру жұмыстарына және құрылыс нысандарына бөлінген.

Ал көгалдандыру жұмыстарына жіберілген жастар Мағаджан тәлімбағында қарағаш, шаған, ақтал, қарақат, жиде, т.б ағаш көшеттерін егіп, оларды жаз бойы суарып, күтеді.

— «Жасыл ел» жасағындағы жастар қаламыздың санитарлық тазалығына да атсалысатын болады. Олар тас жолдардың жиегіндегі қураған ағаштарды кесіп, талдардың түбін әктеп, өздеріне бөлінген аумақты тұрмыстық қалдықтардан тазартады, — деді Н.Шаңғытбаев.

Д.ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button