Мәдениет

«Бейуақтың» тұсауы кесілді

Халықаралық отбасы күніне орай Т.Ахтанов атындағы облыстық драма театрында жазушы Думан Рамазанның «Бейуақ»  отбасылық қойылымының тұсаукесері өтті. Бұл қойылымды Ақтөбе қаласы Есет батыр тұрғын үй алабындағы №78 мектеп-гимназияның оқушылары сәтті ойнап шықты.

Бұдан 2 жыл бұрын аталған мектептің жанынан актерлік үйірме ашылған болатын.

Қойылымды көруге облыс әкімі Ералы Тоғжанов арнайы келіп, балалардың өнерін тамашалады.

Бір жарым сағатқа созылған қойылым өте әсерлі болды. Мансап пен байлықтан басқаны көргісі келмейтін әке, үлкенді тыңдамайтын, үйден безген  ұлмен қыз, оларды татуластыруға тырысқан ана, араздасу, жанжал, соттасу оқиғалары шынайы сахналанды. Кеш соңында облыс әкімі шараны ұйымдастырушыларға, мектеп ұжымына және жас өнерпаздарға ризашылығын жеткізді.

Бұл — нақты өмірден алынған оқиға. Отбасында кездесетін жайт. Сіздер қоғамдағы маңызды мәселені қозғап қана қоймай, оның шешілу жолдарын да көрсеттіңіздер. Мен «Жусан» операциясының қалай жүргізілгеніне куә болдым. Елге оралғандармен сөйлестім. Көздерінде ешқандай жалын жоқ, сөнген. Сана уланған.

Ең бірінші адам өзін тәрбиелеуі керек. Өмірді сүйіп, қиындықпен күресуге тиіс. Міне, бұл қойылым авторы жастарға осындай ой тастап, керемет тәрбие береді деп ойлаймын. Балалардың талантын шыңдайтын осындай үйірмелер барлық мектепте болса да артық етпейді. Сол себепті барлығыңызға алғысымды айтамын, — деді облыс басшысы.

Қойылымның соңы марапатқа ұласты. Облыс әкімі мектеп ұжымына Алғыс хат ұсынып, үйірменің жұмысының жандануы үшін 1 миллион теңгенің сертификатын табыс етті.

Жас өнерпаздарды үлкен сахнаға даярлаған «Жанталас» актерлік мектебінің режиссері, музыка пәнінің мұғаліміФархат Шынтеміровте облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.

Ал қойылымға қатысушы кейіпкерлерге облыс әкімдігінің атынан естелік сыйлықтар берілді.

«Бейуақ» қойылымын сахналауға біздің мектептің үйірмесіне ұсыныс түсті. Барлығы 17 адам қатысады. «Жанталас» театр үйірмесінің өнерпаздары осыған дейін 6 рет  спектакль қойды. Астана, Алматы қалаларына барып, халықаралық фестивальдерден гран-при алып келді. Ал бұл спектакльді оқушыларымның ойдағыдай орындап шыққанына қуанып тұрмын.  Сенім артып, қолдау білдірген облыс әкімшілігіне ризашылығымды білдіремін, — дейді мектеп директоры Жанар Сейітмағанбетова.

Самат НАРЕГЕЕВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button