Мереке

«Махаббат марафоны»: үш отбасы үздік атанды

15 мамыр — Халықаралық отбасы күні

Жексенбі күні Ақтөбе қаласындағы Триатлон паркінде облыс әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның бастамасымен «Махаббат марафоны» жарысы өтті. Оған үш санат бойынша 33 отбасы қатысты.

Жыл сайын облысымызда 15 мамыр — Халықаралық отбасы күніне орай марафон ұйымдастырылады. Биыл бұл бағыттағы шараны облыс әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия мен облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы бірлесіп өткізді. Жарысқа үш санат (35 жасқа дейін, 45 жасқа дейін, 45 жастан жоғары) бойынша отбасылық жұптар қатысты. Олар 2400 метр қашықтықта жүгіріп, өзара сынға түсті.

— Биылғы марафонға әртүрлі жастағы, сондай-ақ әр салада абыройлы еңбек етіп, бірнеше бала өсіріп отырған отбасылар қатысты. Олардың арасында көпбалалы отбасылар да бар. Мәселен, биылғы марафонға бес бала тәрбиелеп отырған ақтөбелік Саламат, Алма Отарбаевтар қатысты. Өздеріңіз білесіздер, Саламат дзюдодан Бейжіңдегі олимпиадалық ойындарға қатысып, Азия чемпионатының қола жүлдегері атанса, Алма — дзюдодан еліміздің төрт дүркін чемпионы. Олар өздерінің бойындағы спортқа деген құштарлығын балаларының бойына да сіңіріп келеді.

Жалпы марафонның бірінші бөлімі спорттық бағытта өткізілсе, екінші бөлімінде мәдени шаралар ұйымдастырылды. Бір қызығы, марафонға қатысушылардың дені спортқа жаны құштар азаматтар екен. Олар еш қиындықсыз 2400 метрге жүгіріп, жақсы нәтиже көрсетті. Үздіктері марапатталып, қалған қатысушыларға ризашылығымызды білдірдік, — дейді облыс әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның хатшысы Гүлжан Маханова.

Жарыстың қорытындысы бойынша 35 жасқа дейінгі қатысушылар арасында I орынды Қараштар отбасы иеленді. Оларға бесік сыйға тартылды.

45 жасқа дейінгі қатысушылар арасында I орынды Үмбетовтер отбасы жеңіп алды. Бұл отбасыға балалар велосипеді берілді. Ал жасы 45-тен жоғары отбасылар ішінен Отарбаевтар отбасы I орынға ие болып, велосипед алды. Сондай-ақ барлық қатысушыға Алғыс хаттар табысталды.

Шараның екінші бөлімінде бес отбасылық жұп «Өнермен өрілген өмір» атты концертте өз өнерлерін көрсетті.

 Д.АЙДАР.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button