Мереке

Спортта бағы жанған жұптар

Халықаралық Отбасы күнінде біз спортта бағы жанған жұптармен әңгімелескен едік. Бірінші отбасы мүшелері төл өнеріміз — тоғызқұмалақтан топ жарып жүрсе, екіншісі Шалқар қаласындағы В.Цеханович атындағы 1 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде болашақ чемпиондарды даярлауға атсалысып жүр.

«Жарыстарға жиналмалы бесікпен баратынбыз»

Тоғызқұмалақтан топ жарып, чемпионаттарда алдарына жан салмай жүрген Нұрбек Қабиев пен Диана Кенинаның жұбы — Ақтөбедегі спортшы отбасылардың бірі. Олар — Ақтөбенің ғана емес, еліміздің намысын қорғап жүрген мықты спортшылар. Екеуі де тоғызқұмалақты шебер ойнайды.

Нұрбек 2012 жылы Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институтының денешынықтыру және спорт мамандығы бойынша бітірді. Ал Павлодардың қызы Диананың екі мамандығы бар. Ол С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік институтының денешынықтыру және спорт, одан кейін есеп-аудит мамандықтары бойынша білім алған. Нұрбектің айтуынша, Диана екеуі тоғызқұмалақтан өткен бір жарыстардың бірінде танысқан. Таныстық достыққа, сүйіспеншілікке ұласып, бүгінде екеуі жарасымды отбасына айналған. Тоғызқұмалақшылар отбасында екі ұл, екі қыз өсіп келеді. Бүгінде Мұстафа — 9 жаста, Хадиша — 7 жаста. Ал Хабиб — 4 жаста, Фатима — тоғыз айлық. Спортшы жұптың балалары да спортқа жақын екен.
— Үлкен ұлымыз таэквандомен айналысады. Жасыл белбеуі бар. Шахмат, тоғызқұмалақ ойнағанды жақсы көреді. Бірінші сыныпта оқитын Хадишамыз да тоғызқұмалақ ойнай алады. Бұлардың спортқа бейім болатын да реті бар. Бұл екеуі кішкентай болғанда біз жарыстарға жиналмалы бесігімізбен баратынбыз, — дейді Нұрбек Қабиев. Жұбайының сөзін қостаған Диана: «Біз балаларымыз кішкентай кезінде де жарыстан қалмадық. Ұстаздарымыз оған жол бермеді. Нұрбектің алғашқы ұстазы, марқұм Қабидолла Нұршин жарыстарға барғанда балаларымызды ойнатып отыратын, атасындай болды. Ал Дүниежүзілік көшпенділер ойындары секілді ірі жарыстарда Қазақстан құрамасының бас жаттықтырушысы Айнұр Жапақбаева да біз ойын алаңына кіріп кеткен кезде балаларымызды ойнатып, қарап қалғаны бар. Өзімнің ұстазым — мемлекеттік жаттықтырушы Дастан Қапаев. Ол кісінің де тәлім-тәрбиесін көп көрдім, — дейді Диана.

Сөйтіп, екеуі 2012 жылы Бұқаралық спорт түрлері бойынша жоғары спорт шеберлігі республикалық мектебінде тоғызқұмалақтан жаттықтырушы-оқытушы мамандығы бойынша кәсіби біліктіліктерін арттырады.
Спорттық жолын 2002 жылы зияткерлік спорт түрінен облыстық балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде жаттықтырушы Қабидолла Нұршиннің қол астында бастаған Нұрбек Қабиев — қазіргі таңда тоғызқұмалақ бөлімшесінің аға жаттықтырушысы. Сондай-ақ ол — Қазақстанның халықаралық дәрежедегі спорт шебері, еліміздің еңбек сіңірген спорт шебері әрі ұлттық спорт төрешісі. Келіншегі Диана да 2012 жылдан бері аталған спорт мектебінде тоғызқұмалақ бөлімінде жаттықтырушы-оқытушы қызметін жасап келеді. Қазіргі таңда бала күтімімен үйде отыр.
Спортшылардың тоғызқұмалақтан жеткен жетістіктері де жетіп артылады. 2009 жылдан бері тоғызқұмалақтан еліміздің ерлер құрама командасының мүшесі Нұрбек — Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы, Азия чемпионатының 4 дүркін жеңімпазы, Әлем чемпионатының бірінші орын иегері. Ал Диана 2005 жылдан бері еліміздің әйелдер құрама командасының сапында ойнап келеді. Бірнеше дүркін ел чемпионы атанған Диана 2012 жылы Прагада өткен Әлем чемпионатында, 2014 жылы Қырғызстанда өткен Дүниежүзілік көшпенділер ойынында, 2021 жылы Азия чемпионаты І орынға ие болды.

«Әлем чемпионын шығарғым келеді»

В.Цеханович атындағы 1 мамандандырылған балалар-жасөспірімдердің спорт мектебінің қызметкерлері Рахымжан Шатаев пен Әсем Исмаилованың жұбы да спортшылар отбасы деуге әбден лайық.

1992 жылы Шалқар қаласының 1 орта мектебінің табалдырығын аттаған Рахымжан спортсүйер бала болады. Оның оқушы кезінде Шалқар ауданында грек-рим күресінің дамуы ерекше қарқын алады да, сөйтіп ол 1997 жылдан бастап В.Цеханович атындағы 1 балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде грек-рим күресімен айналысып, түрлі жарыстарда жүлделі орындар иеленеді. 2001 жылы Атырау қаласында жасөспірімдер арасында грек-рим күресінен өткен Қазақстан Республикасының біріншілігінде бас жүлде алып, 9-сынып бітірген соң Рахымжан Астана қаласындағы Қажымұқан атындағы спорт-интернатына оқуға қабылданды. 2003 жылы Астана қаласындағы спорт-интернатты бітіре сала, Алматы қаласындағы Қажымұқан атындағы республикалық спорт колледжіне оқуға түсті. Оны тәмамдап, Алматы қаласындағы Қазақтың спорт және туризм академиясының кәсіби спорт және жекпе-жек күрес факультетінің 3-курсына оқуға түседі. Екі жылдан соң қазақтың спорт және туризм академиясын грек-рим күресінің жаттықтырушысы мамандығымен бітіріп, Шалқар ауданының В.Цеханович атындағы 1 балалар жасөспірімдер спорт мектебіне жаттықтырушы болып қызметке орналасты. Бүгінде ол — біліктілігі жоғары деңгейдегі І санатты жаттықтырушы әрі спорт төрешісі, грек-рим күресінен Қазақстанның спорт шебері. Оқушы кезінен облыстық, республикалық жарыстарға қатысып, спортқа қатысты біраз оқу орында оқыған Рахымжан бүгінде өзі де жеткіншектерге грек-рим күресінің әліппесін үйретіп, шәкірт тәрбиелеп жүр.
— Шәкірт тәрбиелеу — өте қиын. Спортқа қызығып келген баланың екінші әкесіндей болып кетесің, сонымен бірге қуанып, сол баланың жанын түсінуге тырысуың керек. Менің мақсатым — грек-рим күресінен Әлем чемпионын шығарғым келеді. Францияның Париж қаласында өткен әлем чемпионатының күміс жүлдегері, Қазақстанға еңбек сіңірген спорт шебері Мейрамбек Айнағұлов — біздің спорт мектебінің түлегі. Бірақ тәуелсіз елімізден грек-рим күресінен әлі бір Әлем чемпионы шықпай тұр, — дейді Рахымжан Шатаев.
Жолдасының жанына жалау бола білетін келіншегі Әсем Исмаилова үйге де, түзге де үлгеріп жүр. Ол да аталған спорт мектебінде директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары болып қызмет етеді. Бүгінде Шатаевтар отбасында алтын асықтай үш ұл, екі қыз өсіп келеді. Қыздардың тәрбиесін анасына қалдырған Рахымжан ұлдарын спортқа баулып, салауаттылыққа жетелеп жүр. Ұлдар көбіне әкесімен бірге спорт залына барып, ойнайды, жаттығады.
Рахымжанның спорт саласына қосқан елеулі үлесі үшін алған Алғыс хаттары да жетерлік. Осы уақытқа дейінгі жүріп өткен жолдары мен жеткен жетістіктерінен табандылығы аңғарылып тұрған жаттықтырушының «Әлем чемпионын шығарамын» деген ниетіне тілеулестік білдіреміз.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button