Мереке

Балалар жанашыры

Уақытпен санаспай, қажет кезде түн ұйқысын төрт бөліп қызмет ететін мамандық иелері — дәрігерлер. Соның ішінде ақ халатты абзал жандармен бірге дәрігерлік көмек көрсететін мейірбикелердің орны ерекше. Сондай мейірбикелердің бірі Айнұр Мамилина 7 қалалық емханада жұмыс жасайды.
— Дәрігерлер әулетінен шыққандықтан болар, оқушы кезімнен ақ халат киген мейірбикелерге қызыға қарайтынмын. Арманым адастырмай, Мәншүк Мәметова атындағы Ақтөбе жоғары медициналық колледжін бітіре сала туған өлкем Әйтеке би ауданының Тереңсай ауылында еңбек жолымды бастадым. Ол жерден біраз тәжірибе жинаған соң қалаға жұмысымды ауыстырдым. Қалалық емханада балаларға жауапты мейірбикемін, — дейді ол.
Күндіз-түні адам жанының арашасы болып жүрген медицина қызметкерлерінің еңбегі зор. Мейірімнің символына айналған мамандық иелері қандай құрметке де лайық.
— Жұмыс күнімізді киім ауыстырудан бастаймыз. Ақ халатымызды киіп, ауысымды қабылдаймыз, құжаттарды реттейміз. Тегін дәрі-дәрмек алуға тіркелген науқастардың емдік препараттармен қамтамасыз етілуін қадағалаймын. Сондай-ақ әр адамның уақтылы скринингтік тексерістен өтуіне де жауаптымын. Кейде науқастың емнен бас тартатын кездері де болады. Оған отбасындағы жайсыз оқиғалар да әсер етіп жатады. Сол кезде оларға рухани қолдау көрсетеміз. Әрбір науқастың көңіл күйін бақылап отырмасақ болмайды, себебі кейде науқастарды жылы сөзбен де емдеуге болады. Мейірбике мамандығын таңдағаныма еш өкінбеймін. Адамдарға аз да болса пайдам тигеніне қуаныштымын, — дейді Айнұр Мамилина.

Ақмарал МҰҚАШЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button