Тағзым

Облыстық газеттің редакторы Нұрқайыр Телеуовке ескерткіш тақта орнатылды

Ақтөбе қаласының Шернияз көшесіндегі 39-үйдің қабырғасынан бүгінгі «Ақтөбе», кешегі күні «Коммунизм жолы» атанған облыстық газеттің жиырма жеті жыл редакторы болған Қазақстанның құрметті журналисі Нұрқайыр Телеуовке арналған мемориалды тақта орын алды.

Салтантты жиында аға буын қаламгерлер атынан алғашқы болып сөзді Қазақстанның құрметті журналисі, облыстық газетте отыз жылдай еңбек еткен Идош Асқар алды. Ол осы басылымда газеттің жауапты хатшысы, редактордың орынбасары, содан кейін 1996-1999 жылдары бас редактор қызметін атқарды.

– Біз қызмет еткен жылдары газет таралымы отыз мыңға дейін көтерілді. Алыс аудандарда, шалғай ауылдарда оқырмандарымыз көп болатын. Олардың арасында штаттан тыс тілшілеріміз де жеткілікті еді. Еңбекшілер хаттарымен жұмыс істеу жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Осындай игілікті жұмыстардың басында тәжірибелі журналист, білікті ұйымдастырушы, іскер азамат Нұрқайыр Телеуов жүрді. Ол кісінің өзінің де қаламы жүйрік болатын, талай публицистикалық мақалалары оқырмандар тарапынан жоғары бағасын алды, — деді Идош аға өз сөзінде.

«Ақтөбе Медиа» ЖШС директоры, Қазақстан Журналистер одағы облыстық ұйымының төрағасы Раукен Отыншин республика көлемінде танымал редактор болған Нұрқайыр Телеуовтің жастарға ерекше қамқорлық көрсеткенін, облыстық газетте қызмет атқарған бірнеше буын өкілдерінің өзара сабақтастығының жарасымды жалғасуына көңіл бөлгенін атап көрсетті.

— Менің әкем облыста танымал адам болды. Журналист ретінде де, елдің азаматы тұрғысынан да халықпен жиі араласты, қоғамдық шаруалардан да тыс қалған жоқ. Анам Бақытжамал екеуі ұзақ жыл осы үйде тұрды. Оларды көршілердің бәрі танитын, құрметтейтін. Сондықтан да болар, жалпы жұртшылық әкеме құрмет көрсету жөніндегі бастамаға қолдау көрсетті, — дейді журналистің баласы, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің доценті, биология ғылымдарының кандидаты Ақылжан Телеуов.

Нұрқайыр Телеуов 1929 жылы 20 ақпанда Батыс Қазақстан облысының бұрынғы Фурманов ауданына қарасты Әлімбек деген ауылда дүниеге келген. Балалық шағы елдегі байларды тәркілеу, шаруаларды ұжымдастыру, ашаршылық, қуғын-сүргін жылдарымен қатар сабақтасып өтеді. Жасы жетіге жетпей апасы Мариямға ілесіп мектепке барады. Он екі жасында жетіжылдық мектепті, он бес жасында педагогикалық училищені бітіреді. Сол он бес жасынан ауыл мектебіндегі оқушыларға орыс тілінен сабақ береді. Түске дейін мұғалімдік қызметін атқарып, түстен кейін колхоздың жұмысына шығады. Жазда шөп шауып, мал бағысады, көктемде — жер жырту, сабан айдау, күзде — егін жинау, масақ теру, қыста — мал суару, қора тазалау. Осындай шаруалармен шыныққан ол жоғары білім алуды армандайды. Сөйтіп, Алматыға жол тартады.

Сол уақытта С.Киров атын иеленген Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика бөліміне қабылданып, оны 1952 жылы үздік бітіреді. Оралда облыстық газетте, облыстық комсомол комитетінде қызмет атқарады, облыстық партия комитетінің «Үгітші блокноты»-«Блокнот агитатора» журналдарының редакторы болады.

1958-1960 жылдары Мәскеудегі СОКП Орталық Комитеті жанындағы жоғары партия мектебінде оқиды, оны да үздік тәмамдайды.

Нұрқайыр Телеуұлының өміріне өзгеріс әкелген кезең 1962 жыл болатын. Батыс Қазақстан өлкесі ұйымдастырылып, оның орталығы Ақтөбе болып белгіленгенде білімді де жігерлі жасты партия қызметіне шақырады. Осындағы бір жыл қызметтен соң жаңадан ұйымдасқан өлкелік телерадиокомитет төрағасының орынбасары қызметіне жібереді. Ал өлке таратылып, бұрынғы құрылымдар өз орнына келген кезде ол облыстық «Коммунизм» жолы газетінің редакторы болып тағайындалады. Содан 1992 жылға дейін, яғни ширек ғасырдан астам уақыт бойы облыстық басылымның тізгінін берік ұстайды.

Осы жылдар ішінде «Коммунизм жолы» заман талабына сай өзінің насихатшылық, үгітшілік қызметін жоғары деңгейде атқара білді. Газет «Құрмет белгісі» орденімен, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің екі рет Құрмет грамотасымен, Мәскеудегі Бүкілодақтық Халық шаруашылығы жетістіктері көрмесінің І және ІІ дәрежелі дипломдарымен, алтын, күміс медальдарымен, КСРО Журналистер одағының, одақтық «Журналист» журналының дипломдарымен марапатталды. Көптеген қалам иелері Одақтың наградаларына, республикалық атақ-дәрежелерге ұсынылды. Нұрқайыр Телеуұлының редакторлық ұйымдастырушылық еңбегі екі мәрте Еңбек Қызыл Ту, екі мәрте «Құрмет белгісі» ордендерімен атап өтілді. Ол үшін он бес жасында алған «Ұлы Отан соғысы жылдарындағы тылдағы жанқиярлық еңбегі үшін» медалі — көзі тірісінде өзі талай рет атап көрсеткеніндей, ең қымбат наградасы. «Бұл менің балалық, жастық балғын шағымды тамашалай алмағаным үшін берілген өтем сияқты» деуші еді ардагер аға.

— Шынында да, ағатайым бәріміздің қамқорымыз еді, —  деп еске алады Нұрағаның қарындасы, халық ағарту ісінің үздігі Дина Телеуова. — Біз негізінде шалғайдағы ауылда өстік. Отбасымызда бес бала болатынбыз, ағам екінші перзент болды. Ол Алматыдағы Қазақ мемлекеттік университетін бітіргеннен кейін жолдамамен Орал қаласына келіп, сонда қызметке орналасқаннан кейін бірден бәрімізді қасына көшіріп алды. Әке-шешеміз бұл кезде егде тартып қалған еді. Біз апам екеуміз мектепте оқыдық, бастапқыда шағын пәтерде тұрдық, ағамның, яғни жас журналистік жалақысы — тіршілік көзіміз еді. Біздің ата-анамыз көпті көрген, ескіліктің ізгілікті салт-дәстүрлерін жақсы сақтайтын, солардың тәрбиесімен тату-тәтті тұрдық. 1961 жылы Ақтөбе Батыс өлкесінің орталығы болғанда ағамды осында қызметке шақырды. Сонымен, бәріміз де ақтөбелік болып шыға келдік.

…Нұрқайыр аға тоқсан жастың үстіне шығып, ақсақалдықтың кемелді биігіне көтеріліп өмірден өтті. Ол туралы көзі тірісінде жарыққа шыққан «Нұрқайыр Телеуов: Журналист. Редактор. Публицист» атты кітап қарымды қалам иесінің бүкіл ғұмыр жолын сипаттайды.

Нұрқайыр ағаның бір немересі атасының атын иеленді. Қазір жігіт Нұрқайыр үлкен азамат болды. Қазақстандағы «KAZ Minerals» деп аталатын үлкен компанияда жетекші маман болып еңбек етеді. Ол Американың Калифорния штатындағы Санта-Барбара қаласында білім алды, мамандық игерді.

— Әкеміз газетте қызмет еткен жылдары, әсіресе кеңестік кезеңде 5 мамырды — Баспасөз күні ретінде атап өтетін. Бұл күн біздер үшін де ерекше мереке болатын. Енді нақ осы күні әкемізге өзінің сүйікті қаласы болған Ақтөбедегі үйімізде ескерткіш тақта ашылуы, ондағы суретте қолына газетін ұстап отыруы біз үшін өте тебіреністі сәт болды, — деді журналистің Алматыдан келген қызы Әсия.

Нұрмұханбет ДИЯРОВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button