Өнерлі отбасымен жүздесті
Отбасы күні
Облыстық тарихи-өлкетану музейінде халықаралық Отбасы күніне орай «Отбасы — тәрбие мектебі» атты кездесу кеші өтті. Кездесуге белгілі күйші Жайлау Асылхановтың отбасы қатысты.
Жайлау Асылханов пен зайыбы Бағдагүл Қосмағанбетова өз отбасылары мен оның құндылығы және бала тәрбиесі туралы тұшымды әңгіме өрбітті.
— «Отан — отбасынан басталады» демекші, ата-анамыздан алған тәлім-тәрбиенің арқасында жақсы оқып, өнер жолында көптеген үлкен жетістіктерге жеттік. Бала кезімнен қазақтың киелі қара домбырасын жаныма серік етіп келемін. «Оқу — білім бұлағы, білім өмір шырағы» дегендей, сендер де жақсы оқып, табанды еңбек етіп, елдің мақтан тұтар, үлгілі азаматы болыңдар, — деді Жайлау Асылханов кездесуге келген Ұ.Құлымбетов атындағы №64 орта мектеп оқушыларына.
Сонымен қатар ол Әбдімомын Желдібаевтың «Ерке сылқым», Құрманғазының «Адай» және Қазанғаптың «Жем суының тасқыны» атты күйлерін орындап, көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді. Жиналған қауым өнегелі отбасы туралы әзірленген шағын бейнесюжетті тамашалады.
Өз кезегінде музей қызметкері Алмагүл Сарыбай, көпбалалы ана Бибігүл Әбілдаева, қолөнер шебері Лаура Бердібекова тәрбиелік мәні зор кездесуге арқау болған отбасына алғыстарын айтты. Шара соңында музей директорының орынбасары Медет Құлмұқанов қонақтарға өлке тарихынан сыр шертер кітаптар табыстады.
Кездсесуден соң Жайлау Асылхановтың отбасы,музей қызметкерлері, қатысушылар музей ауласына тал көшеттерін екті.
— Отбасы күні қарсаңында музей ауласын абаттандыруға атсалысқан отбасыларға алғысымды білдіремін, — дейді музей директорының шаруашылық жөніндегі орынбасары Дәурен Бекеев.
Сағымбек ҰЛЫҚПАНОВ,
облыстық тарихи-өлкетану музейінің менеджері.