Әдебиет

Қайнар жырдың Қайнары

Тұсаукесер

С.Бәйішев атындағы облыстық әмбебапғылыми кітапханасының «Қаламгер» әдеби қонақжайында елімізге белгілі айтыскер ақын Қайнар Алагөзовтің «Ер» кітабының тұсаукесері өтті.

Қаршадай кезінен айтысқа шығып, елге сөз өнерімен танылып, бірнеше әннің мәтінін жазған ақынның қуанышын бөлісуге келгендердің қарасы көп болды. Шалқар топырағына аунап өскен бала өзінің сыныптасы Аян Сейітовпен бірге мектептегі «Айтыс» үйірмесіне қатысып, бір-бірімен сөз қағыстырып, шыңдалып өседі. Мөңке бидің асында алғаш айтысқа шыққан бала Қайнар темір тұлпарды тізгіндеді. Онан кейін Әбубәкір Кердері ақынға арналған респуликалық айтыста тағы да бас бәйге бұйырды. Айтысқа қазылық еткен халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Ертай Ашықбаев жас ақынға ерекше бағасын берген болатын. Мөңке бидің асында Қайнардың сөз саптау шешендігіне тәнті болған айтыскер Мұхтар Ниязов Жүрсін Ерманға жеткізеді. Сол күннен бастап Жүрсіннің жүйріктерімен ат құлағын теңестіріп келе жатқан ақынды көпшіліктің көруге асығатыны заңдылық. Облыстық кітапханада өткен Қайнардың тұңғыш кітабының тұсаукесеріне Ертай Ашықбаев арнайы келіп, тұсауын кесті. Айтыс өнері мен  жазба ақындықты қатар алып келе жатқан Қайнарға ағалық жол көрсетіп, батасын берді. Ақтөбе облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Алтынай Юнисова құттықтау сөз сөйлеп, жас ақынның анасына гүл шоғын ұсынды. Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын Нұрлыбек Қалауов пен облыстық мәслихаттың депутаты, ақын Бижан Қалмағанбетов ақын інісіне жылы лебіздерін білдіріп, сый-сияпатын көрсетті. Алматыдан арнайы жеткен эстрада жұлдызы Еркін Нұржан Қайнардың сөзіне жазылған бірнеше әнді орындап, көрерменнің көңілін көтеріп тастады. Орал қаласынан келген айтыстағы үзеңгілес досы Мұрадым Мейірлановтың арнауы сәтті шықты. Жұбы жазылмаған жолдастары ақын Аян Сейітов пен сазгер Құрал Молжановтың әндері кештің көркін аша түсті. Кеш барысында ақын оқырмандардың сұрақтарына жауап беріп, өлеңдері оқылды. Сөз арасында алдағы жоспарларымен бөлісіп, Маңғыстау, Атырау облыстарында кездесу кешін өткізуге шақырып жатқанын да айтты. Баласының жетістігіне қуанған анасы Алданыш халыққа шексіз алғысын білдірумен болды. Кеш соңында кітапхана директоры Сұлушаш Хакімова кітапхана ұжымы атынан алғысын айтып, сый құрметін көрсетті.

 Талғат ТІЛЕУЛЕСОВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button