«Ақтөбе» — 100!

Өзгеше жаратылыстың адамы

Журналистикада және мемлекеттік тіл саясаты саласында өзіндік орны болған Сексенбай Күлімбетовтің дүниеден озғанына он екі жылға таяп қалыпты. Марқұм арамызда жүргенде 75 жас биігіне шығар еді.

Әріптес аға-доспен алғаш кездескенім санамда сайрап тұр. Шалқардың аудандық газетінде жауапты хатшымын. Ол кезеңнің жақсы дағдысы өңірге іссапармен облыстан немесе республикадан келген қаламгерлер сондағы газет редакциясына бас сұғып, сәлемдесіп шығатын. Ақтөбедегі «Коммунизм жолының» екі қызметкері — жауапты хатшы Сексенбай Күлімбетов пен меншікті тілші Жолдымұрат Сегізбаев редакциямызға келе қалды. Әншейінде былайғы жұртқа көп түсін бермейтін басшымыз Тауман Төрехановтың ілтипаты бөлекше. Болмыс-бітімі ірі Сәкең өзін еркін ұстайды, ой-пікірін ашық айтады екен. Әңгімеден аңғарғанымыз – облыстық газетке жергілікті сауда мекемелерінің бірінің лауазымды тұлғалары Қап тауындағы республикадан цитрус дақылдарын алдырып, дүкен сөресіне жеткізбей қымбат бағаға саттырғаны туралы шағым хат түсіпті, соның анық-қанығын тексермекші.

Жолымыздан жаңылмау ниетіммен кешкісін қонақтарды үйге шай ішуге шақырдым. Дастарқанда төртеуміз: ақтөбелік екеу, аудандық газет редакторының орынбасары Мұқанбетәли Есмағанбетов және мен. Бір терінің пұшпағын илеп жүргеніміз бар, жасымызда бәлендей айырмашылық жоқ —ортақ әңгіме өрістей түсті. Сәкең болса әңгіме ауанын арасында саясатқа бұрып жібереді — биліктегі қайсыбір адамдар таяу уақытта орнын ауыстырады-мыс, енді бірде сапарласы Жолдымұратқа «Сын материалдар жазбайсың» деген сыңайда ескерту жасап қояды. Ол болса қарсы уәж айтпай құтылып кетті. Кейін сапар нәтижесімен облыстық газетте көлемді мақаласын жариялады.

Арада көп уақыт өткен жоқ, мен облыстық «Коммунизм жолының» Шалқар, Ырғыз, Мұғаджар аудандары бойынша меншікті тілшісі қызметіне ауыстым. Күнбе-күн демей-ақ қояйын, облыстағы кеңсемізден оқтын-оқтын тапсырма алып тұрамыз, іссапарға жиі шығамыз, жылдың әр тоқсанында Ақтөбеге шақырылып, есеп береміз. Сөйтіп, мұндағы әріптестерімді тереңірек танып-білуіме мүмкіндік туды.

Сексенбай Күлімбетов Қызылорда облысындағы Қазалы өңірінен екен. Аудандық газетте корректор, әдеби қызметкер болған. ҚазМУ-дың журналистика факультетінде сырттай оқыпты. Әкесі Күлімбеттің туған жиені, «Актюбводстрой» тресінің басқарушысы Әбек Алданазаровтың ықпалымен ағасы Қуантай екеуі Ақтөбеге көшіп келеді.

Бір әңгімесінде өзі:

—Облыстық газеттің редакторы Нұрқайыр Телеуов корректор қызметіне қабылдап тұрып: «Ірі жігіт екенсің, жұмысың да саған лайық болсын» деп айтты, — деді маған.

Адам жатырқамайтын, тапсырманы уақытында орындайтын Сәкең жаңа ортаға тез сіңісіп кеткен. Көп ұзамай газеттің өнеркәсіп, көлік, құрылыс және сауда бөліміне тілшілікке ауыстырылады, одан әрі әріптестер «бас штаб» деп атап кеткен секретариаттағы қызмет. Ойындағы пікірін тайсалмай ашық айтатын Сәкең ұжымдағы кәсіподақ ұйымының төрағалығына сайланады.

Әріптестер пікіріне назар аударайық.

Қазақстанның құрметті журналисі Төлеміс Меңдіғалиев:

—Сексенбайдың бөлімдегі жұмыс істегенін газет тігінділеріндегі материалдары айғақтайды деген ойдамын. Жалпы, әріптес інімнің азаматтық бейнесі, кісілік тұлғасы туралы ойлағанда, оны түсіну қиын: бірде көл, бірде шөл… Бір жағынан, оқырман мінезін де байқай алатын сияқты. Кез келген кедергіні, тосқауылды бұзып өтуге жаратылғандай. Бөлімге күн сайын кемінде бес-алты хат түседі. Сәкең өңкей сын хаттарды өзі таңдап алатын, жариялауға келмейтін болса, топтап шолу жасай қоятын.

Ардагер журналист Алмат Пангереев:

—Сәкеңнің кейде артық айтатыны, ірі қозғалыс жасайтыны жасырын емес. Қызығы сол — ол барлық жаңалықтан хабардар болып отыратын. Танымайтын да адамы жоқ, есте ұстау қабілеті мықты. Әсіресе адамдарды ұмытпайды. Жәрдем беруге дайын тұрады. Оның да жақсылығын көп адам көргенін білеміз.

Біздің кейіпкеріміз «Коммунизм жолында» жауапты хатшы, бас редактордың орынбасары қызметтерін абыройлы атқарды. 1996-1998 жылдары Ақтөбе қалалық «Қала тынысы — Городские новости» газетінің бас редакторы, бұдан кейін бес жыл бойына республикалық «Ана тілі» газетінің батыс аймақ бойынша меншікті тілшісі болды. Еліміздегі қаржы-экономикалық дағдарыс жағдайында қалалық басылымды уақытында сапалы шығару үшін Ресей Федерациясындағы көрші Орынбор қаласына әлденеше рет сапар шегіп, мәселені оңтайлы шешкенін марқұм бір әңгімесінде айтып еді. Сол сияқты «Ана тілінің» таралымын көбейтуге айтарлықтай еңбек сіңіргені және рас.

Сәкең мемлекеттік қызмет саласында да ұйымдастырушылық қабілетін, адамдармен тіл табысу шеберлігін көрсете білді. Ол 2003-2005 жылдары облыстық ақпарат және қоғамдық келісім басқармасына жетекшілік етті. Аталған басқарма таратылған соң зейнет демалысына шыққанға дейінгі алты жылын облыстық тілдерді дамыту басқармасына басшылық етуге арнады.

Аға-досты тереңірек танып білуіме де мүмкіндік берген — осы кезең. Алғашқысында облыстық газет аппаратында қызмет етіп жүрген мені бастығымнан арнайы сұрап алып, екеуміз іссапарға сан мәрте бірге шықтық. Қалыптасқан дағдыменол баратын ауданымыздың басшылығына алдын ала арнайы телефонмен қоңырау шалады. Әншейінде әлдебір сылтаумен жауапкершіліктен қашатын әкімдердің өзі Күлімбетовке еш уәж айта алмай, тастүйін дайындықпен қарсы алады. Бәрі де кесте бойынша: тұрғылықты халықпен жүздесеміз, сан қилы сауалдарға сол бойда жауап беріледі, жүріс-тұрыс, басқа да жағдайлар жөнінде іркіліс жоқ. Мәселенің бұлай шешілуі Күлімбетовпен облыс билігінің санасатынынан да болса керек.

2004 жылға дейін облыс әкімдігінде тіл жөніндегі бөлім болып келген құрылым ауқымы ұлғайтылып, басқарма жасақталды. Жетекшілігіне Сексенбай Күлімбетовтің тағайындалуы оң шешім болды. Себебі еліміздің егемендігі жарияланғаннан бергі кезеңде ұзақсонар жырға айналған мемлекеттік тіл саясатының тізгінін Сексенбай сияқты ұстанымы мықты, ой-пікірін жасқанбай айтатын адамдарға тапсыру қажеттігі сезілді. Жаңа басшы қысқа уақытта командасын жасақтап үлгерді, бұл ретте мемлекеттік қызметте төселген Гүлайым Төлебаеваны, Гүлшара Бөкенбаеваны, Алмат Пангереевті, Ұлболсын Нәдірбекованы жанына жинақтауы жақсы нәтиже берді.

Облыс әкімі Елеусін Сағындықовтың қолдауымен еліміз облыстарында алғаш рет мемлекеттік тіл саясатын жүргізуде айрықша белсенділік көрсеткен адамдарға үй беру, жеңіл автокөлік мінгізу, ақшалай және заттай сыйлықтармен ынталандыру шаралары көпшіліктен қолдау тапты. Қазақ тілін және тәрбиелік тағылымы зор ұлттық салт-дәстүрлерді жетік меңгерген Анна Данченко, Евгения Пономарева, Артем Ходырев, Наталья Тамбовцева және басқа өзге ұлт өкілдерінің осындай жоғары марапатқа ие болғаны үшін тілдерді дамыту басқармасына арнайы келіп, ризашылық білдіргенін көзіміз көрді.

Сәкең басшылық еткен жылдарда қолға алынған игілікті бір шара —жыл сайын «Мемлекеттік тіл — ұлт тірегі» атты фестиваль өтуі. Жеті-сегіз номинация бойынша байқауға қатысушылар жыл санап артты. Әсіресе ауылдардан, шалғай аудандардан тілек білдірушілер көбейгені тіліміз бен ділімізге, дінімізге құрмет болды. Мұнымен шектелмей, аудандарда көшпелі семинар-кеңестер өткізу әдемі үрдіске айналды.

Сексенбай Күлімбетовтің бір қасиеті — мемлекеттік тілге немқұрайдылық немесе аяқасты ету жөнінде дабыл түссе, бейжай қарамай, дереу атқа мінетін. Бірде әлдекімнен басшымыздың телефонына «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» акционерлік компаниясында бас кеңсе маңдайшасындағы ұран қате жазылғаны жөнінде хабар келіп түседі. Қасына басқарманың тілдерді дамыту және үйлестіру жұмыстары бөлімінің басшысы — мені ертіп алып, екеуміз аталған мекемеге келдік. Сол күні акционерлік қоғам акционерлерінің жиналысы өткізіледі екен. Ғимарат маңдайшасындағы осы басқосуға орай ұран қытай тілінде жазылып, ілінген. Сәкең өзіне тән омырау қиымылымен алға түсіп,бас директордың орынбасары Рахметулла Мүсіркегеновтің қызмет бөлмесіне кірдік. Екеуміздің түр-әлпетімізден кабинет қожасы абыржып қалды. Басқарма басшысы Конституциямыз бен «Тіл туралы» Заңдағы жарнама-сілтеме жазулары туралы бап талаптарын түсіндіріп жатыр. Яғни мәтін ең алдымен мемлекеттік тілде, одан төмен ресми тілде — орысша жазылуға тиіс. Әңгімемізді түсінген Мүсіркегенов дереу бұған дейінгі қытайша ұран алынып, қайтадан екі тілде жазылып, ілінетініне сендірді. Күш-қуаты мығым кәсіпорын ғой, дереу жағдайды Заң талаптарына сай өзгертті.

Енді бірде «СНПС-Ақтөбемұнайгазға» қарасты ғимараттардың бірінде Қытайдың мемлекеттік туы ілінгенін айтып, облыстық прокуратураға телефонмен қоңырау соқты. Дабылдан соң қате жедел түзетілді.

Жасалған жоспарға сай басқармамыздың қызметкері Ақтөбе қаласындағы «Анвар» сауда желісіне қарасты дүкендерде тауар этикеткаларының тіліне, мазмұнына тексеру жүргізуге тиісті еді. Алайда осы үлкен құрылымның заңгерлік бөлімі тарапынан кедергіге тап болған. Сәкеңнің батыл талабымен әлгі заңгер басқармадан кешірім сұрауға мәжбүр болды.

Негізгі мамандығы журналист әріптесіміз Қазақстан Журналистер одағының облыстық ұйымына біршама жылдар бойына төрағалық етті. Сәкеңнің қасында жауапты хатшысы болған Арыстан Аймағамбетұлы ағамыз төрағаның іскерлігін, ескерімділігін тебірене еске алады. Нәтижесінде ондаған әріптесіміз облыс әкімі қолынан Алғыс хаттар, ақшалай және заттай сыйлықтар алды. Жоғарыда айтылған «Мемлекеттік тіл —ұлт тірегі» фестивалінің номинациялары бойынша қаламдастар еңбегі айтарлықтай бағаланды. Қазылар алқасының құрамына мерзімдік басылымдар мен телеарналар қызметкерлерін енгізіп, ынталандыруы да азаматтығының бір көрінісі.

Сенксенбай Күлімбетұлының адамгершілігін сөз еткенде өзі туып-өскен Сыр өңірімен байланысын бір сәтте де үзбеуін айтар едім. Мен онымен қызметтес болған кезімде бірге Қызылордаға екі рет, Қазалыға алты мәрте бардым. Әр сапарымызда азаматтың атамекеніне, ағайын-туыстарына, дос-жолдастарына сағынышын байқайтынмын. Аранды ауылының іргесіндегі қорымда жатқан әкесі Күлімбет пен анасы Күлпаршынның бейітіне топырақ салып, дұға бағыштау бұлжымас дағдысына айналды.

Бір әңгімесінде былай деп еді:

—Әкем мыңғыртып мал өсіріп, шетінен Қазалының базарында сататын. Түскен ақшаны шашау шығармай жастығының бас жағындағы қоржынына салып қоятын. Бала болсам да байқаймын, қарызға ақша сұраушылар көп, ішінде колхоздың сол кездегі басқармасы да болды. Әкем сонда қарсылық көрсетпей: «ана қоржыннан ал» дейтін. Бір күні анам шыдамай: «Шал-ау, қолдарын қайтармай бересің, өзіңнің де балаларың барғой, соларды да ойласайшы», — деді. Сонда әкем: «Саспа, кемпір, тілегімізге Құдай Сексенбайымды берді, ертең орнын сол толтырады», — деп жауап қайтарды. Мен әкемнің 79 жасында көрген баласымын, он бірге енді толғанымда қайтыс болды жарықтық…

Құлпытастардағы жазуларды қарадым. Шынында, әке мен ана арасындағы жас айырмашылығы айтарлықтай. Апасы Жаңыл мен інісі Ордабайдың ортасындағы Сәкеңе үлкен әулет тізгінін ұстау бұйырыпты.

Сәкеңді еліне барған әр сапарында Қасқырбай Әлімбай, Досбол Байназарұлы, Тілек, Кеңес Арықбаев және басқа дос-құрбылары күтіп алып, Ақтөбеге қарай бет алғанша бар жағдайын жасайтын, әрине, бірге барған маған көзқарас-құрметі деерекше. Мұндай қошеметтің бір сыры — Сексенбайдың бала достарды ұмытпай, қолдан келген қызметін жасауында. Яғни олардың балаларының Ақтөбедегі жоғары немесе арнаулы орта оқу орындарына қабылдануына күш салады, тіпті бірқатарын біздегі мұнай-газ кәсіпорындарына жұмысқа орналастырған. Өздерінің айтуынан ұққаным – Сәкең бірқатардостарының отбасы үшін Ақтөбеде үй салуы үшін жер учаскесін алуына жәрдемдесіпті. 2008 жылдың 3 қаңтарында Қазалы қаласында шығатын «Тұран-Қазалы» газетінің алғашқы санына бес жыл толуына байланысты салтанатқа қатысқанымыз бар. Сонда Сексенбай сөз сөйлеп, газеттің бас редакторы, белгілі қаламгер Әлмәмбет Әлішевтің сонау жылдарда жасаған жақсылығын еске алды және ұстазына «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» акционерлік қоғамының демеушілігімен сатып алынған қымбат баспа машинасын сыйға тартты.

Сәкеңнің өз отбасына деген ықыласыда сүйсінерліктей болды. Зайыбы Шәрипаны «Қожаның қызы ғой» деп, төбесіне көтере сөйлейтін. Қыздары Райлаға, Гүлшатқа, Кәмшатқа, Айеркеге, күйеубалалары мен бауырларына шаң тигізбей өтті.

Естелігімді сыйлас інісі, ақын Жетіскен Мәкеналының азалы өлеңіндегі шумақпен аяқтайын:

Әрқашанда ақ болды ақ дегенің,

Жатсынбады өзіңді тақ дегенің.

Жалын жақтың Сырынан Қызылорданың,

Бақыт таптың қырынан Ақтөбенің.

Жанғабыл ҚАБАҚБАЕВ,

Қазақстанның құрметті журналисі.  

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button