Мереке

Арнайы құттықтады

Жеңіс күні қарсаңында облыс әкімі Ералы Тоғжанов Ұлы Отан соғысының ардагері Василий Грецкийді мерекемен құттықтау үшін Хромтау қаласына барды.

Ардагерді салтанатты түрде ұлықтау рәсіміне қоғам өкілдері, Хромтау қаласының тұрғындары, оқушылар қатысты.

Василий Грецкий 1942 жылы Қызыл әскер қатарына шақырылған. Ол 8-полктің 1-кавалериялық корпусы, 1-Украина, 111-Беларусь, Польша және Чехословакия майдандарында  соғысқан.

Жауынгерлік қызметі үшін 1944 жылдың күзінде мемлекеттік «Қызыл жұлдыз» орденіне ұсынылды. Кейін II дәрежелі Отан соғысы орденімен наградталды.

Василий Иванович жеңісті Берлиннен 75 шақырым қашықта орналасқан ауруханада қарсы алған. Кейін олардың полкі Орал қаласына жіберіледі. 1946 жылы соғыста алған жарақаттарына байланысты демобилизацияланды.

Ералы Тоғжанов 99 жастағы соғыс ардагерін Жеңіс мерекесімен құттықтап, көрсеткен ерлігі үшін алғыс білдірді.

Сіз өмірді сүю және ол үшін қалай күресу керектігін көрсеткен нағыз батырсыз. Сіз секілді төзімді, батыл, бейбітшілік үшін жанын беруге дайын тұлғалардың арқасында біз бақытты және еркін өмір сүріп жатырмыз.

Бүгін сізді құттықтай отырып, жеңіс үшін күрескендердің барлығын ұлықтаймыз. Біз оларды әрқашан есте сақтаймыз! Біз ардагерлерімізге Отанға деген сүйіспеншілігі мен батылдығы арқасында ұрпаққа сыйлаған бостандық пен бейбіт өмір үшін бас иіп, тағзым етеміз, — деп атап өтті өңір басшысы.

Майданға аттанғанда 17 жаста едім. Сұрапыл соғыстан оралмағандар көп болды, бірақ олардың әрқайсысы — біздің жадымызда. Бейбітшілік мәңгілік болсын, — деді Василий Грецкий.

Сол күні ардагердің көптен бергі арманы орындалды. Ол тұратын көпқабатты үйдің ауласында концерт ұйымдастырылып, жергілікті шығармашылық өнер ұжымдары соғыс жылдарындағы әндерді шырқады.

Айта кету керек, өңірде Жеңіс күнін тағы екі ҰОС ардагері қарсы алды.

103 жастағы Сатылған Бекмағамбетов Ақтөбеде тұрады.

Ал 99 жастағы Қазтай Тыныштықов Мұғалжар ауданы Құмсай ауылын мекен етеді. Соғыс жылдарында Украинаны, Курск пен Беларусь елін азат етуге қатысып, көптеген медаль, соның ішінде екінші дәрежелі «Отан соғысы» орденімен наградталды.

Хромтауға жұмыс сапары барысында облыс әкімі аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімнің жұмысымен танысты.

Мұнда аймақ басшысы әскерге шақыру науқанын өткізуге арналған пунктті аралады. Ғимарат 2022 жылдың тамызында пайдалануға берілген.

***

Облыс әкімі Ералы Тоғжанов еңбек ардагері Кеңес Бірмановты 7 мамыр — Отан қорғаушылар күнімен құттықтады.

Өңір басшысы аға буын өкілдерінің еліміздің дамуына және өсіп-өркендеуіне, Тәуелсіздігімізді нығайтуға қосқан ерен еңбектерін атап өтіп, олардың өмір жолы бүгінгі жас ұрпаққа үлгі-өнеге екенін жеткізді.

Өз кезегінде қария облыс басшысына көрсеткен құрметі үшін ризашылығын білдіріп, бейбіт өмір, болашақтың жарқын болуын тілеп, ақ батасын берді.

Кеңес Бірманов 1938 жылы Мұғалжар ауданында дүниеге келген. Еңбек жолын зоотехник және асылдандыру маманы болып бастаған ол кейін ауылдық партия хатшысы, Қазақстан компартиясының Ақтөбе облыстық ауылшаруашылық бөлімінің нұсқаушысы, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы болды. Кеңес Бірманов— Мұғалжарауданыныңқұрметтіазаматы.

Г.БАЗЫЛҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button