Мереке

Отан қорғаушыларға құрмет

Ақтөбедегі Өнер орталығында Отан қорғаушылар күніне арналған «Ер — ел қорғаны» атты мерекелік шара өтті.

Фойеде мереке иелерін әскери-патриоттық әуендермен Ғ.Жұбанова атындағы облыстық филармонияның камералық оркестрі қарсы алды. Салтанатты жиын басында ортаға көк Туымыз әкелініп, мемлекеттік Гимн шырқалды. Шараға облыс әкімі Ералы Тоғжанов, облыстық және қалалық мәслихат депутаттары, еңбек ардагерлері мен әскери қызметшілер, күштік құрылымдар мен құқық қорғау органдары қызметкерлері, интернационалист жауынгерлер, қоғамдық ұйымдардың өкілдері, жастар қатысты.

Облыс әкімі Ералы Тоғжанов құттықтау сөзінде ғасырлар бойы ата-бабаларымыздың жерімізді қорғап, оны бүгінгі ұрпаққа аманат етіп қалдырғанын, біздің басты міндетіміз осы ұлы мұраны көздің қарашығындай сақтау екенін атап өтті.

— Отан қорғаушылар күні он жылдан астам уақыт бойы мемлекеттік мереке ретінде аталып келеді. Бұл — Отанымыздың аумақтық тұтастығын қорғаған және қорғайтын барлық әскери қызметшілер мен ардагерлерге үлкен құрмет. Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас Қолбасшысы — еліміздің Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде: «Біз ұрпағымызға біртұтас және мықты мемлекет қалдыруымыз керек. Тек елдегі бейбітшілік пен тұрақтылықты қорғай отырып, біз дамыған мемлекет құра аламыз. Қарулы күштер осы іргелі құндылықтарды сенімді түрде қорғауға арналған» деген болатын. Қазіргі уақытта Қазақстанның Қарулы Күштері — қоғамды біріктіретін, бейбітшілік пен тұрақтылықты қамтамасыз етудің кепілі. Президент пен Үкімет, жергілікті атқарушы органдар Қазақстан әскерінің күшеюіне, әскери кәсіптің сұранысқа, беделге ие болуына үлкен көңіл бөліп отыр. Аумақтық қорғаныс күштері, Ұлттық ұлан, құқық қорғау органдарының әлеуеті нығайып келеді. Жыл сайын мыңдаған ақтөбелік Қарулы Күштер қатарына қосылып, өжеттік пен ар-намыс мектебінен өтуге баға жетпес мүмкіндік алады. Еліміздің тыныштығын күзететін әрбір жас әскери қызметші мамандығын мақтан етуге тиіс, — деп атап өтті Ералы Тоғжанов. Сонымен қатар облыс әкімі мереке иелеріне алғысын білдіріп, мықты денсаулық, отбасыларына амандық, қызметіне абырой тілеп, үздік қызметкерлерге Құрмет грамоталарын, Алғыс хаттар, «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» төсбелгілерін табыстады. Қорғаныс департаментінің бастығы Әділет Отарбаевқа үлгілі қызметі үшін мерзімінен бұрын полковник шені берілді.

Марапаттау рәсімі қаламыздағы өнерлі ұжымдардың мерекеге орай әзірлеген концерттік бағдарламасына ұласты. Мұнда №6655 әскери бөлімінің әскери оркестрі, Т.Бигелдинов атындағы Әуе қорғаныс күштері Әскери институтының, сонымен қатар қалалық эстрадалық-үрлемелі оркестрі орындаған шығармалар мен «Арай» би ансамблі және «Әлия гүлі» қазақ би ансамблінің билері кеш қонақтарына мерекелік көңіл күй сыйлады.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button