Мереке

Алғыс пен тағзым

Ақтөбеліктер Отан қорғаушылар күнін мерекелеуді Қазақстанның тәуелсіздігі үшін күресушілерге арналған «Азаттықтың ақ таңы» мемориалды кешеніне гүл шоқтарын қоюдан бастады.

Іс-шараға облыс әкімі Ералы Тоғжанов, Парламент Мәжілісінің депутаты Ғалымжан Елеуов, өңірдің қоғам және ғылыми зиялы қауым өкілдері, облыс жастары қатысты. «Шабыт» вокалдық ансамблі шырқаған патриоттық «Тәуелсіз елім» әні жиналған қауымға мерекелік көңілкүй сыйлады.
Өңір басшысы құттықтау сөзінде тарихи оқиғаларды жадымызда сақтау — ең алдымен, жас ұрпақ үшін маңызды екенін алға тартты.
— Халқымыздың ұлы тұлғаларын, олардың ерлігін, даналығын біз ең алдымен, болашағымыз үшін, жас ұрпақты отансүйгіштік рухта тәрбиелеу үшін дәріптеуіміз керек. Өскелең ұрпақ, халқымыз тәуелсіздік жолындағы күрескерлерді бір сәт естен шығармауға тиіс, — деді Ералы Тоғжанов.

Одан соң тарих ғылымдарының докторы Нұртаза Абдоллаев тарихқа қысқаша шолу жасаса, еңбек ардагері Сұлтанбек Тәшкенбай шараға қатысушыларды Отан қорғаушылар күнімен құттықтады.
Батыс-2 шағын ауданындағы Тәуелсіздік және Әлия Молдағұлова даңғылдарының қиылысында орналасқан мемориалды кешенде «Алаш» партиясының қайраткерлері — Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Мұстафа Шоқай, Халел Досмұхамедов, Міржақып Дулатов, Жаһанша Досмұхамедов, Мағжан Жұмабаев, Телжан Шонанов, Темірбек Жүргенов, Ұзақбай Құлымбетов, Мұхамеджан Тынышбаевтың барельефтік бейнелері салынған.
Шара соңында жас өнерпаз Д.Дастанұлы «Атамекен» әнін орындап, жиналған қауым азаттықтың ақ таңы үшін күрескендердің кешеніне гүл шоқтарын қойды, естелік суретке түсті.

«Мәңгілік алау» ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, майдангерлер рухына тағзым етумен жалғасты.

Салтанатты жиынға еңбек ардагері Серік Ботағарин, облыстық мәслихат депутаты Құдайберген Бекенов, «Жас сарбаздар» патриоттық клубы, этномәдени бірлестік өкілдері және мектеп оқушылары қатысты.

Отан қорғаушылар күні — Отан үшін қалтқысыз қызмет ететін рухы мықты, ержүрек азаматтардың  мерекесі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің қорғаныс қабілетін нығайтуға, заманауи және кәсіби армия құруға ерекше көңіл бөліп келеді. Әсіресе Отан алдындағы борышын өтеп келген азаматтардың  жоғары оқу орнына үш жылға дейін түсуіне мүмкіндік жасап отыр. Сондықтан Қарулы Күштер қатарында қызмет ету әрбір қазақстандықтың құрметті міндетіне, аға буынның ерлік және жауынгерлік дәстүрлеріне негізделген патриотизмнің адамгершілік мектебіне айналады деп сенемін, — деді еңбек ардагері Серік Ботағарин.

Содан соң салтанатты іс-шаралар Әлия Молдағұлованың ескерткіш кешенінде, «Батырлар аллеясында», генерал-лейтенант Жансен Кереевтің ескерткіш мүсіні маңайында және басқа да ескерткіш кешендерінде өткен мерекелік концертпен жалғасты.

Әлия Молдағұлованың ескерткіш кешенінде өткен салтанатты жиынға облыстық мәслихат депутаты Айгүл Дүйсенова қатысып, майданда от кешкен көзі тірі ардагерлерімізді құттықтап, ізгі тілегін білдірді. Мазмұнды іс-шараға қатысқандар арасында облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ақжарқын Сұлтанова да бар.

Өмірін ел қорғауға арнаған ардагерлеріміздің ерлігін ешқашан ұмытпауымыз керек. Еліміздің тәуелсіздігі жолында қасық қаны қалғанша күрескен ата-бабаларымыздың өмір жолы, адал еңбегі мен қаһарман тұлғасы көпке үлгі. Сондықтан баршаңызды Отан қорғаушылар күнімен және Жеңіс күнімен құттықтаймын. Майданда ерлікпен қаза тапқан батырларымыздың есімін ұмытпай, солар секілді ержүрек, батыл болуға шақырамын! — деді ол. М.Құрманғалиева атындағы №32 мектеп-гимназиясы директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Гүлмира Есенғосованың айтуынша, жастарды патриотизмге баулитын іс-шаралар тек мерекеде ғана емес, жиі ұйымдастырылады екен.

Біз әрқашан Жеңіс күнін аға буынның Отанға деген шексіз сүйіспеншілігінің, жастарды ерлік пен патриотизм рухында тәрбиелеудің өлшеусіз өнегесі деп білеміз. Мектеп жанынан ашылған «Жас сарбаз» патриоттық клубы іс-шараларды жиі ұйымдастырып, республикалық турнирлерге қатысып, жүлдемен оралып жүр.Жеңіс күні біз соғыста жас өмірін қиып, елге оралмаған боздақтарды еске алып, олардың өшпес рухына бас иеміз,— деді ол.

***

Облыс әкімі Ералы Тоғжанов түркі әлемінің ортақ тұлғасына айналған Ер Едігенің рухына тағзым етіп, гүл шоғын қойды.

— 7 мамыр — Отан қорғаушылар күні қарсаңында тағылымды тарихымыздағы батыр бабаларымызды еске алудың тәлім-тәрбиелік маңызы ерекше. Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін төл тарихымызды түгендеп, барымызды бағалауға мүмкіндік алдық. Едіге батыр тұлғасы да тәуелсіздігіміздің арқасында тарихымызға оралды. Күллі түркі жұртына ортақ тұлғаның рухына тағзым ету, оны ұлықтау — тек қазақ руханиятын ғана емес, тұтас түркі әлемінің руханиятын түгендеу. Бүгінгі іс-шарамыз соның айғағы деп санаймын, —  деді Ералы Тоғжанов.

Ақтөбе облысының құрметті азаматы Алтай Тайжанов пен «Ер Едіге» республикалық қоғамдық қорының директоры Ахат Мырзалин де батыр рухына тағзым етіп, отансүйгіштік, патриотизм тақырыбында лебізін білдірді.

Аталған  іс-шараға зиялы қауыммен қатар, студенттер мен оқушылар да қатысып, ұлттың рухын көтеретін әндер шырқады.

***

Облыста Отан қорғаушылар және Жеңіс күндері қарсаңында қазақ халқының көрнекті қайраткерлерінің ескерткіштеріне гүл шоқтарын қою бойынша іс-шаралар өтті.

Облыс әкімі Ералы Тоғжанов, ақын-жазушылар және зиялы қауым ақын Төлеген Айбергеновтің рухына тағзым етіп,  құрмет көрсетті.

Гүл шоқтарын қою рәсімі барысында өңір басшысы қазақ даласының қасиетті топырағында қаншама таланттар туған болса, Төлеген Айбергенов сол таланттардың бірегейі деп атап өтті.

— Төлеген Айбергенов — ешкімге ұқсамайтын ерекше ақын, оның шығармашылығында адам рухының күші айқын көрінеді. Оның өлмес туындылары оқырманына шабыт сыйлайды. Ақын есімі ұмытылмайды,— деді Ералы Тоғжанов.

Ақын Мейірхан Ақдәулетұлы тарихи жадты сақтау, ең алдымен, өскелең ұрпақ үшін маңызды екенін алға тартты.

— Ертеңіміз бүгіннен басталады. Ал біздің «бүгін» ұлы, күшті тұлғаларымызбен «кеше» қалыптасқан. Олар туралы естелік, ең алдымен, болашақ ұрпақтың игілігі үшін, жас қазақстандықтардың рухы мықты болуы үшін, ар-ождан, ар-намыс бар екенін түсініп, олардан асып кетпеуі үшін, мәңгілік құндылықтарды өткінші құндылықтардан ажырата білуі үшін сақталуы керек,— дейді ақын.

Шара барысында №21 мектеп-гимназиясының оқушылары ақынның өлеңдерін оқыды.

Төлеген Айбергенов 1937 жылы туған. Ақын көзі тірісінде тек екі өлеңдер жинағын шығара алды, үшінші кітап қайтыс болғаннан кейін бір жыл өткен соң — 1968 жылы жарық көрді. Төлеген Айбергеновтің жарқын, ерекше шығармашылығы Қазақстанның қазіргі поэзиясында берік орын алды.

Ақтөбедегі ақынның ескерткіші 2021 жылы орнатылды.

«Ақтөбе» газетінің тілшілер қосыны.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button