Мереке

Ерлікке тағзым еткен күн

Жеңіс күні қарсаңында Ақтөбе облыстық «AMANAT» партиясы филиалының өкілдері мен бір топ депутаттар облыс орталығындағы батырлар ескерткішіне тағзым етіп, партиялықтар өңірдегі үш соғыс ардагері мен 150 тыл ардагеріне сый-құрмет көрсетті.

«AMANAT» партиясының Ақтөбе облыстық филиалының атқарушы хатшысы Ербол Данағұлов пен бір топ депутат Тілеу батыр ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, рухына тағзым етті. Батыр бабалардың ерлігін ұлықтау шарасы дәл осындай облыс орталығындағы 40-тан астамескерткіш алаңында ұйымдастырылды.

Шарада Тілеу Айтұлының 1681-1684 жылдары қазақ халқының тағдыры талқыға түскен Сайрам соғысында қол жинап, қасына баласы Жолдыаяқ пен інісі Қалдыбайды ертіп,ерлік көрсеткені айтылды.

Тілеу бабамыз — даңқты қаһарман болған кісі. Тарихта оның 1684 жылы  Сайрам қаласын қорғаудағы шешуі ұрыста өзі де, баласы Жолдыаяқ батыр да опат болғандығы айтылады. Екеуінің де сүйегі Қожа Ахмет Яссауи кесенесіне жерленген. Есімдері кесенедегі ескерткіш тақтада жазулы тұр. Меніңше, оның бұл кесенеде жерленуі батырға деген зор құрметтің белгісі. Өйткені халқын сүйіп, еліне, жеріне адал қызмет еткен батырдың өзі өлсе де, аруағы ардақталып отыр. Жалпы қазақ тарихындаТілеу Айтұлы сияқты ел мен жерді қорғаған, қасық қаны қалғанша күрескен, намысты қолдан бермеген батыр бабаларымыз көп. Бүгінгідей тәуелсіз елде бейбіт өмір сүруіміз – осындай нар тұлғалы батырларымыздың арқасы. Сондықтан біз келешек ұрпаққа осындай тарихты жеткізіп, Жеңістің қадір-қасиетін ұғындыруымыз қажет, — деді Ербол Данағұлов.

Ол жиналғандарға Ұлы Отан соғысындағы Жеңісті ұлықтау, соғыс және тыл ардагерлерінің ерлігін құрметтеу барысында «AMANAT» партиясы «Ардагерлерді ардақтайық!» жобасын сәтті жүзеге асырып келе жатқанын атап өтті.

Жыл сайын партия мүшелері 9 мамыр мерекесі қарсаңында осы жоба аясында ардагерлерге сый-құрмет көрсетіп, олардың өшпес ерлігі мен жасаған еңбегін жастарға үлгі етіп көрсетеді.

Шарада депутаттар мен жас буын өкілдері Жеңісті жақындатқандар рухына тағзым етіп, патриоттық тақырыпта өлеңдер оқып, жүрекжарды лебіздерін арнады.

Бұдан соң Ақтөбе облыстық мәслихатының төрағасы Гүлқасима Сүйінтаева мен «AMANAT» партиясы Ақтөбе облыстық филиалының атқарушы хатшысы Ербол Данағұлов, облыстық мәслихаттағы фракция жетекшісі Күлпаршын Айдарханова бастаған топ соғыс жылдары тылда еңбек еткен ардагерлер— Жәкібай Бисенғалиева, Анна Морсова, Тасқира Еменғалиевалардың үйіне барып, оларды мерекемен құттықтады.

— Біз соғыс ардагерлерінің майданда көрсеткен ерлігін, ал сіздердің елде қалып, тылда еткен жанкешті еңбектеріңізді ешқашан ұмытпаймыз. Сіздердіңтабанды еңбек, маңдай терлеріңіздің арқасында еліміз жеңіске жетіп, бүгінде тәуелсіз мемлекетте бейбіт өмір сүрудеміз. Сол үшін сіздерге мың алғыс, — деді Ербол Данағұлов тыл ардагерлеріне алғысын жаудырып.

Өз кезегінде ақ жаулықты әжелер депутаттарға ақ баталарын беріп, естерінде қалған естеліктерімен бөлісті.

107 жастағы Жәкібай Бисенғалиева соғыс жылдары ауылда астық таразышысы,  тракторшы, сауыншы болған. Кейінгі жылдары ауылдық кітапханада еңбек еткен. Ол тыл еңбеккері ретінде «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталған. Қазір кейуана сол медалін әлі кеудесіне тағып жүр. Оның айтуынша, соғыс жылдары ауылда ішерге тамақ, киерге киім болмапты.

— Менің көрмеген қиындығым, жасамаған жұмысым жоқ. Соның барлығына төзіп, тағдырыма бас идім. Жолдасым Ғабит өз өмірінде үш соғысқа қатысқан. Өкінішке қарай, ол өмірден ерте кетті. 60 жылдан астам уақыт тату-тәтті өмір сүрдік, үш бала сүйдік. Үш баладан бір ұл ғана аман қалды. Қазір сол баладан тараған немерем бағып отыр, — деді Жәкібай әже.

М. Бектұрғанова.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button