Ақтөбеліктер азаттық үшін күрескен арыстарға тағзым етті

Ақтөбеліктер Отан қорғаушылар күнін мерекелеуді Қазақстанның тәуелсіздігі үшін күресушілерге арналған «Азаттықтың ақ таңы» мемориалдық кешеніне гүл шоқтарын қоюдан бастады.

Іс-шараға облыс әкімі Ералы Тоғжанов, Парламент Мәжілісінің депутаты Ғалымжан Елеуов, өңірдің қоғам және ғылыми зиялы қауым өкілдері, облыс жастары қатысты. «Шабыт» вокалдық ансамблі шырқаған патриоттық «Тәуелсіз елім» әні жиналған қауымға мерекелік көңіл күй сыйлады.
Өңір басшысы құттықтау сөзінде тарихи оқиғаларды жадымызда сақтау — ең алдымен, жас ұрпақ үшін маңызды екенін алға тартты.
— Халқымыздың ұлы тұлғаларын, олардың ерлігін, даналығын біз ең алдымен болашағымыз үшін, жас ұрпақты отансүйгіштік рухта тәрбиелеу үшін дәріптеуіміз керек. Өскелең ұрпақ, халқымыз Тәуелсіздік жолындағы күрескерлерді бір сәт естен шығармай, Тәуелсіздікті нығайту, оны қандай бағамен алғанын ұмытпауы тиіс, — деді Ералы Тоғжанов.
Одан соң тарих ғылымдарының докторы Нұртаза Абдоллаев тарихқа қысқаша шолу жасаса, еңбек ардагері Сұлтанбек Тәшкенбай шараға қатысушыларды 7 мамыр — Отан қорғаушылар күнімен құттықтады.
Батыс-2 шағын ауданындағы Тәуелсіздік және Әлия Молдағұлова даңғылдарының қиылысында орналасқан мемориалдық кешенде «Алаш» партиясының қайраткерлері — Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Мұстафа Шоқай, Халел Досмұхамедов, Міржақып Дулатов, Жаһанша Досмұхамедов, Мағжан Жұмабаев, Телжан Шонанов, Темірбек Жүргенов, Ұзақбай Құлымбетов, Мұхамеджан Тынышбаевтың барельефтік бейнелері салынған.
Шара соңында жас өнерпаз Д.Дастанұлы «Атамекен» әнін орындап, жиналған қауым азаттықтың ақ таңы үшін күрескендердің кешеніне гүл шоқтарын қойды, естелік суретке түсті.
Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.






