Мереке

Ер есімі— ел есінде

Ақтөбеде Отан қорғаушылар күніне арналған салтанатты іс-шаралар ұйымдастырылды. Ең алдымен ақтөбеліктер «Мәңгілік алау» ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, майдангерлер рухына тағзым етті.
Салтанатты жиынға еңбек ардагері Серік Ботағарин, облыстық мәслихат депутаты Құдайберген Бекенов, «Жас сарбаздар» патриоттық клубы, этно-мәдени бірлестік өкілдері және мектеп оқушылары қатысты.
— Отан қорғаушылар күні Отан үшін қалтқысыз қызмет ететін рухы мықты, ержүрек азаматтардың мерекесі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің қорғаныс қабілетін нығайтуға, заманауи және кәсіби армия құруға ерекше көңіл бөліп келеді. Әсіресе Отан алдындағы борышын өтеп келген азаматтардың жоғары оқу орнына үш жылға дейін түсуіне мүмкіндік жасап отыр. Сондықтан қарулы күштер қатарында қызмет ету әрбір қазақстандықтың құрметті міндетіне, аға буынның ерлік және жауынгерлік дәстүрлеріне негізделген патриотизмнің адамгершілік мектебіне айналады деп сенемін, — деді еңбек ардагері Серік Ботағарин.

Содан соң салтанатты іс-шаралар Әлия Молдағұлованың ескерткіш кешенінде, «Батырлар Аллеясында», генерал-лейтенант Жансен Кереевтің ескерткіш мүсіні маңайында және басқа да ескерткіш кешендерінде өткен мерекелік концертпен жалғасты.

Әлия Молдағұлованың ескерткіш кешенінде өткен салтанатты жиынға облыстық мәслихат депутаты Айгүл Дүйсенова қатысып, майданда от кешкен көзі тірі ардагерлерімізді құттықтап, ізгі тілегін білдірді. Мазмұнды іс-шараға қатысқандар арасында облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ақжарқын Сұлтанова да бар.
— Өмірін ел қорғауға арнаған ардагерлеріміздің ерлігін ешқашан ұмытпауымыз керек. Еліміздің Тәуелсіздігі жолында қасық қаны қалғанша күрескен ата-бабаларымыздың өмір жолы, адал еңбегі мен қаһарман тұлғасы көпке үлгі. Сондықтан баршаңызды Отан қорғаушылар күнімен және Жеңіс күнімен құттықтаймын. Майданда ерлікпен қаза тапқан батырларымыздың есімін ұмытпай, солар секілді ержүрек, батыл болуға шақырамын! — деді ол.
М.Құрманғалиева атындағы №32 мектеп-гимназиясы директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Гүлмира Есенғосованың айтуынша, жастарды патриотизмге баулитын іс-шаралар тек мерекеде ғана емес, жиі ұйымдастырылады екен.
— Біз әрқашан Жеңіс күнін аға буынның Отанға деген шексіз сүйіспеншілігінің, жастарды ерлік пен патриотизм рухында тәрбиелеудің өлшеусіз өнегесі деп білеміз. Мектеп жанынан ашылған «Жас сарбаз» патриоттық клубы іс-шараларды жиі ұйымдастырып, республикалық турнирлерге қатысып, жүлдемен оралып жүр.
Отанымыздың тарихында алтын әріптермен жазылған бүгінгі қастерлі күні біз соғыста еліміз үшін қыршын өмірін қиып, елге оралмаған боздақтарды еске алып, олардың өшпес рухына бас иеміз, — деді ол.

Ақмарал МҰҚАШЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button