Әдебиет

Бауыржан Құрманқұлов

Бауыржан Құрманқұлов 1954 жылы Батыс Қазақстан облысы Сырым ауданы Қырыққұдық елді мекенінде дүниеге келді.
Алғашқы өлеңдері «Балауса», «Рауан», «Баспалдақтар» жас ақындардың ұжымдық жинақтарына енді. Кейін орталық баспалардан «Кеш емес әлі», «Хат», «Бір өкініш, бір үміт», «Кешір мені», «Беу, дүние-ай!» өлең жинақтары, «Қыдыр ата» мистикалық хикаят пен детективтік әңгімелер жинағы, «Ақтөбе кітапханасы» сериясымен бір томдық өлеңдер жинағы жарық көрді.
Таңдаулы шығармалары «Жәдігер» антологиясына енді.
«Құрдымға апарар жол» толықметражды кинофильмде басты рольдердің бірін сомдады. «Беу, дүние-ай!», «Ауылдың балалары», «Сені іздеймін», «Ақты жұлдыз», «Әкеге хат», «Ең бақытты жұбайлар жыры», «Ой, құдаша!», «Сен мені сағындың ба, жаным», т.б. жиырмадан аса әннің авторы.
Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін тәмамдаған.
Ұзақ жылдар ішкі істер органдарында, журналистика саласында қызмет етті. «Мүгедектердің «Сауап» орталығы» жеке мекемесінің құрылтайшысы. Сондай-ақ Қазақстан Жазушылар одағы облыстық филиалы төрағасының орынбасары болып жұмыс істейді.

***
Мекенімді өзгеше бақ көремін,
Мін тақпаймын, шабытын тапты өлеңім.
…Қала менен даланың қиылысы —
Мен тұрған үй шетінде Ақтөбенің.

Шет жақ деп жоқ менің аһ ұрарым,
Осы жерде гүлдеуде жапырағым.
Кешке қарай балконға шығып алып,
Оң мен солға көз тастап отырамын.

Сондай сәтте көңілім емінеді,
Емінеді, екіге бөлінеді.
Зәулім қала көз тартса сол жағымнан,
Оң жағымнан кең дала көрінеді.

Сонау бір жыл…
(Еске алсам, лаулар жаным!),
Басылмаған кез еді шаужаңдарым.
Балалықтың балауса арманымен
Қонысымды қалаға аударғанмын.

Тарқаған соң базары балалықтың,
Тайталасқа сан түсіп… шаманы ұқтым.
Далалыққа мен қазір қалалықпын,
Қалалыққа мен әлі далалықпын.

Мекенжайым осындай саз ұқтырды,
Мезгіл-мезгіл тудырып нәзік мұңды.
Сол жағымда — қаланың биіктігі,
Оң жағымда — даланың жазықтығы.

Түсінгенге бір уайым бар осында,
Түсіретін жанымды борасынға.
Қарап тұрсам, біраз жыл өткен екен,
Қала менен даланың арасында.

Ойға алғаным болды ма, болмады ма,
Ол сауал боп жүрген жоқ жанға мына.
…Мен кешкісін балконда отырғанда
Ұзағырақ қараймын оң жағыма…

Жолаушымыз

Жырларыма сүйін, мейлі, сүйінбе,
Сырымды айтам, тәлім болар кейінге.
…Дәм-тұз айдап, жол сапарда жүргенде
Қонақ болдым бір ағаның үйінде.

Жас шамасы жетпіс бестен аспаған,
Аға, сірә, тақуа адам, жақсы адам.
Дүние-мүлік жинамапты ешқандай
Тақа кенде болмаса да ақшадан.

Үкімет берген
үш бөлмелі үй —
тұрағы,
Бар байлығы — жайнамазы, құраны.
Жағдайы бар, жиһазы жоқ үйінде…
Неге бұлай тұратынын сұрадым.

Үлгі болар мына біздей пендеге,
Бұл ағаны ғұламадан кем деме.
— Қолға ұстаған бір сөмкең бар, байқаймын
Артық мүлік жоқ қой, — деді, — сенде де.

Үйде қалған дүниемді сөз етпей,
Жағдайымды түсіндіру керектей.
— Сапардағы жолаушымын, — дедім мен, —
Менің жайым сізден гөрі бөлек қой!

Бір жымиып бұл сөзіме ақталған,
Аға маған уәж айтты…
— Жоқ, қарғам!
Мен де сендей жолаушымын, — деді ол, —
Жолаушымын… ақиретті бетке алған.

Ақын сыры

Аллаһ — ақын,
Құранның әр жолы өлең.
Мен де ақынмын,
Талантым бар дегенмен,
Жазған жырым Құрандай оқылмайды
Сан өзгертіп, сан түзеп, әрлегенмен.

Көңілім пəс,
Қолымда — Құран Кәрім,
Кінәлімін алдында бір Алланың.
Мына өмірге ақын боп келгеннен соң,
Айыбым сол — жыр жазбай жүре алмадым.

Жүре алмадым,
Жүрерім жоқ тағы да,
Иллаһи жыр жазайын ақтарыла.
Періште емес, мына мен, пендемін ғой,
Ақынмын ғой, бауырым, тақпа кінә.

Жыр жазбасам көңілге күйік толар,
Аллаһ берген талантым тұйықталар.
Иллаһи жыр жазайын не болса да
Ақиретте сауабы тиіп қалар…

Сені іздеймін

Өтті күндер…
Өтті айлар…
Өтті жылдар…
Өзек жарған жоқ қазір отты жырлар.
Менің қара шашыма қырау түсті,
Ерте түсті… ертерек соқты да ызғар.

Бұл жалғанда түсіндім — бәрі бекер,
Бәрі бекер…
Өмір де…
Бәрі де өтер.
Қарағым-ай, қай жерде жүр екенсің,
Сағындым ғой өзіңді…
Жаныма кел…

Мен өзіңді жылатып кетіп едім,
Кетіп едім, соныма өкінемін.
Қарағым-ай, қай жерде жүр екенсің,
Бір көрінші көзіме… өтінемін.

Тереңіне тартады теңіздей мұң,
Бәріне де кінәлі өзім деймін.
Келемін деп мен саған келмей кеттім,
Келмей кетіп, бүгінде сені іздеймін.

Сені іздеймін…
Алдыңда кінәлі едім,
Мазам болмай жүр содан мына менің.
Қарағым-ай, жығылып аяғыңа
Мен бәріне кешірім сұрар едім.

Жаным, бәлкім, сол кезде табады жай,
Жайым осы, түсінші, қарағым-ай.
Қарағым-ай, менде арман болмас еді
Кездескенде қарсы алсаң баяғыдай!..

Ақындық пен мергендік

Ол кезде өзгешелеу атағым да,
Сарт та сұрт
Бір тірлік бар сапарымда.
Қалам мен пистолетті қатар ұстап,
Жүргенмін милиция қатарында…

Жанымның жаға алмаймын жыр отын көп,
Жағдай сол…
Шағым айтар ретім жоқ.
Бөлімнің жауынгерлік дайындығын
Күшейттік…
МВД-дан бір өкіл кеп.

Сан сынақ секундтарды санатуда,
Сап құрдық…
Пистолеттен оқ атуға.
Алдында әр жігіттің — бір нысана,
Ал өкіл…
Бір-бір оқтан таратуда.

Саңқ еткен бұйрықпенен
Сатыр-сұтыр
Жарыса сан пистолет атылды бір.
Қатардан қалу ұят…
Шүріппені
Қалтырап мен де бастым апыл-ғұпыл.

Жайы жоқ жігіттердің құса болар,
Мұндайда бір ғажап күй құшады олар.
Әп-сәтте жусап қалды жау тигендей
Әлгінде самсап тұрған нысаналар.

Өкiлге осы жайдың ұнағаны,
Мен болдым жалғыз ғана сынағаны.
Өйткені құламады бір нысана,
Нысана мен көздеген кұламады.

Төкті өкіл маған қарап бар айбынын:
«Капитан Құрманқұлов, қалай мұның?!
Жоқ екен мергендікке ешбір ебің,
Жоқ екен майорлыққа даярлығың…»

Қайтейін, үндемедім, кектемедім,
Білемін —
мергендікке жоқ көп ебім.
Білемін —
өкіл жолдас айтып тұрған
Шенге де көп талпыныс етпеп едім.

Өзінің ісіне адал,
Көпке — керім,
Өкiлге
жоқ титтей де өкпелерім.
Ол, сірә, білмейді ғой
Мына менің —
Ақынның
оқ атуды жек көрерiн!

Мергендік
біздер үшін өнер ме еді?!
Ол — мұңы бар ақынның әлемдегi!
Дәл көздеп
нысанаға оқ ата алса,
Пушкин мен Лермонтов
өлер ме еді?!

Арқалап мен де өтермін ақын мұңын,
Жоқ, сірә, мергендікке жақындығым.
Дәл көздеп
ештеңеге оқ ата алман…
Мерт болып кететіндей ақындығым!

***
«Бір басымда бір емес алты үйім бар,
бақыт деген осы емес пе!..» деп, байлығына
мастанған жас жігіт қарқ-қарқ күлді.
…Мен үнсіз қала алмадым…

Байлығыңды несіне
сен бақытқа баладың,
Ақиқатын өмірдің мен есіңе саламын.
Білгеніңді қаладым, білігі аз, қарағым,
Үйің алтау болғанмен, молаң жалғыз боларын!

Айтарым бар тағы да,
Болса егер де ұғарың,
Байлығына фәнидің байланбасын құмарың.
Үйің алтау болғанмен уақытша олар, шырағым,
Молаң жалғыз болғанмен, сол — мәңгілік тұрағың!

Геометрия заңы

Тәрбиеге, Ғайниге

Өрнектеуге өмірді жыр гүлімен,
Шабыт іздеп көңілім жүр білімнен.
Геометрия заңдары қызықтырды,
Дәлдігімен,
Бұлтартпас шындығымен.

Көбін жатқа білемін бұл күні мен,
Ұмыт қылмай тірліктің ың-жыңымен.
Екі сызық — параллель, түзу болса,
Қосылмайды, мысалы, бір-бірімен.

Мен бір кезде
Бұл заңды кесіп-үзіп,
Өзгертуге бекінгем…
Осы қызық!
— Мейлі, он жерден параллель, түзу болсын,
Қосылады, — дегенмін — екі сызық!

Түспей қойдым соны айтып тіпті ырыққа,
Түсінбейтін жайымды ұқты жұрт та.
Қырсықтығым екен ғой, жаңа білдім,
Санап едім мен оны мықтылыққа.

Мықты емеспін бүгінде,
Босадым көп…
Ешбір заңға өзгеріс жасарым жоқ.
Қоса алмадым параллель қос сызықты,
Ұмтылсам да қаншама қосамын деп.

Заң біткеннің бұл күнде, білгірі мен,
Заңға қайшы келуге ділгір емен.
…Екі сызық — параллель, түзу болса,
Қосылмайды ешқашан бір-бірімен!..

ххх

Осы бір «жаман» әдетті қоймасым анық,
(Қоятын жастан мен, сірә, асқан шығармын).
Кешкісін жайлы төсекке жайғасып алып,
Ертеңгі күнге өзімше жоспар құрамын.

Жоспар құрамын.
Сонымды бейкүнә көріп,
Жөнге санама…
Бар мендік күдік көңілде.
Кешкісін жылы төсекте ұйқыға еніп,
«Оянуым» әбден мүмкін ғой… суық қабірде!

Ал мен… жоспар құрамын.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button