Мәдениет

Ұлттық биіміздің белесі

Фестиваль

Қалалық мәдениет үйінде 29 сәуір — халықаралық би күніне орай талантты биші Базаргүл Омарованың жүлдесіне арналған «Ұлттық биім — елге сыйым» атты V ашық биі байқау-фестивалі өтті.

Фестивальге қатысушылар алдымен Жұбановтардың есерткішіне тағзым етіп, гүл шоғын қойды. Байқауға облысымыздан он екі би ансамблі қатысты.

Бабы мен бағын сынауға келген қатысушылардың өнерін қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Әсел Бөлекова төрағалық еткен қазылар алқасы бағалады. Оның құрамында Базаргүл Омарованың немересі  Гүлмира Сәкенова, Батыс Қазақстан облысының би спорты федерациясының президенті Рая Берішова, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Әли Ермекбаев, ҚР мәдениет саласының үздіктері Сәкен Еркеғұлов мен Шолпан Айнабековалар болды.

Байқау қортындысы бойынша Ақтөбе гуманитарлық колледжінің халықтық ұжымы «Гүлдер-Айым» қазақ би ансамблі бас жүлдені жеңіп алды. Жеке және топтық құрамда билеген бишілердің өнері бағаланып, жүлделі орындарға қол жеткізді.

— Биыл  бұл фестиваль Ақтөбе өңірінде қазақ биін алғаш дамытқан  биші Базаргүл Омарованың туғанына 105 жыл толуына арналып отыр. Ұйымдастырудағы басты мақсатымыз — жастардың талантын шыңдау, — дейді қалалық мәдениет үйінің директоры Мұратбек Дәрібаев.

Екі күнге созылған фестивальді қортындылаған Әсел Бөлекова ұйымдастырушылар мен қатысушыларға ризашылығын білдіріп, жеңімпаздарды марапаттады. Сонымен қатар шеберлік сағатына қатысқан талапкерлерге сертификаттар табысталды.

 Т.БҰРХАНҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button