Пікір

Қарапайым азаматтарға тиімді

Әсия ҚҰЛДЫБАЕВА,
облыстық мәслихат депутаты:

— Қазақстан мен Қытай азаматтарына екі ел үкіметтерінің өзара визасыз режим ұсынатыны хабарланды. 30 күнге дейінгі визасыз режим екі ел азаматтарына тиімді деп ойлаймын.
Қазақстан мен Қытай — мыңдаған жылдар бойы араласып келе жатқан көрші елдер. Кезінде Қытай мен Еуропа арасындағы атақты Жібек жолы Қазақстан аумағы арқылы өтті. Жібек жолы арқылы сауда-саттық нығайып қана қоймай, ол екі өркениеттің арасындағы мәдени, экономикалық көпір де болды. Бұл қатынастардың дала жұртына да өзіндік игі әсері тиді.
Қазіргі күні көптеген мемлекеттермен, соның ішінде көрші елдермен өзара қарым-қатынасты нығайтудың, іскерлік байланыстардың маңызы зор. Визасыз режим шетелден инвестиция тартуға да септігін тигізетін болады деп үміттенеміз. Ұлттық Банктің биылғы 1 қаңтардағы мәліметтеріне сай, елімізге инвестиция тарту бойынша Нидерланд, АҚШ және Швейцариядан кейінгі 4-орында Қытай тұр екен.
Сонымен бірге елімізге туристер тарту мәселесіне де бұл оң әсер етеді. Қытай халқы сыртқа саяхаттаудан әлем бойынша алдыңғы қатарда тұр. 2021 жылы бұл елдің тұрғындары сыртқа саяхаттау үшін 105,7 миллиард доллар қаржы жұмсаған екен. Сондықтан Қытай туристері еліміздің туристік әлеуетін көтеруге, сол арқылы экономикаға оң әсерін тигізе алады.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button