Пікір

Келісімнің тиімді жақтары да бар

Мұхтарита САҒЫНДЫҚОВА,
«Қызмет» салалық кәсіподағы облыстық филиалының төрайымы.

Қазір қоғамда Қазақстан мен Қытай арасындағы визалық талаптарды алып тастауға қатысты түсінбеушілік пайда болып, келеңсіз пікір айтылып жатыр. Әсіресе визалық талаптарды алып тастау салдарынан қытайлық азаматтардың елімізге жаппай кіріп, арзан жұмыс қолының есебінен өз еліміздің азаматтарының арасында жұмыссыздықтың көбеюіне әкеліп соғады деген үрей бар. Бұл үлкен мәселе екендігі рас және халықтың алаңдауы өте орынды. Алайда бұл келісімнің басты ерекшелігі — қытайлық азаматтарға Қазақстан аумағында еңбек қатынастарына түсуге және басқа да төленетін жұмыстармен айналысуына тыйым салынады. Осылайша бұл проблема шешімін тапты деуге толық негіз бар.
Енді мұндай шешім неге қабылданды және оның артында қандай мақсат тұр деген сұрақ туындайды. Жалпы екі елдің арасында визасыз кіру және шығу талаптары бұрыннан бар. Мысалы, Қытай Халық Республикасының азаматтары үшін 2022 жылдың шілде айынан бастап біржақты тәртіпте, өзара келісімсіз, 14 күндік визасыз режим жүзеге асуда. Екі елдің арасындағы визалық талаптарды алып тастау үлкен мүмкіндіктерге жол ашады. Атап айтсақ, Қазақстан азаматтары жеке істерін жүзеге асыру, туризм, ем алу, халықаралық тасымал, транзит, сондай-ақ іскерлік мақсаттарда Қытайға кіру және шығу үшін 30 күн визалық талаптардан босатылатын болады.
Бұл келісім Қазақстанның туристік әлеуетінің дамуына ықпал етеді, ол өз кезегінде туризмнің айналасындағы 32 салаға оң әсерін тигізеді. Яғни келісім негізінде елімізге қытайлық инвестиция мен туристер тартылып, туристік орындар дамып, қосымша жұмыс орындары ашылады. Нәтижесінде еліміздің бюджеті артып, әлеуметтік бағыттағы жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндіктер туады.
Сонымен қатар ғылым мен білім, мәдениет, гуманитарлық әріптестік бағытындағы бірлескен түрлі жобаларды жүзеге асыруға оң ықпалын тигізеді деп күтеміз.
Қысқаша айтқанда, аталған келісім еліміздің тұрақтылығына ешқандай нұқcан келтірмейді. Немесе алдағы уақытта қандай да бір мәселелер туындаса, Қазақстан келісімнің бір тарабы ретінде өзгерістер енгізуге немесе келісімді толықтай жоюға құқылы болады деп есептеймін.

Мұхтарита САҒЫНДЫҚОВА,
«Қызмет» салалық кәсіподағы облыстық филиалының төрайымы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button