Білім

Түлек және мамандық

Ашық есік күні

Облыстық білім басқармасының қолдауымен Ақтөбе гуманитарлық колледжі ғимаратында «Кәсіптік білім — болашаққа бағдар» тақырыбында кәсіби бағдар беруге арналған Ашық есік күні өтті.

Аталған іс-шараға гуманитарлық автожол, жоғарғы политехникалық, «Дүние», көпсалалы «Тарлан», медресе және А.Жұбанов атындағы Ақтөбе музыкалық колледждерінің ұстаздары мен психолог мамандары қатысып, биылғы мектеп түлектеріне мамандық таңдауға қатысты кеңес берді.
— Бүгінгі іс-шараның басты мақсаты — мектеп оқушыларының білімге қызығушылығын арттырып, еңбек нарығындағы сұраныстар негізінде кәсіби бағдар, мамандық бойынша керекті мәліметтер беру. Сонымен қатар кәсіптік білім беру ұйымдары арасында әлеуметтік серіктестікті арттыру, — дейді облыстық ғылыми-тәжірибелік орталығы директорының орынбасары Дина Халетова.

Жастардың кәсіптік техникалық мамандықтарға қызығушылығын арттыру түлектердің болашақта өз мамандығын дұрыс таңдауға ықпал ететіні анық.
— Біздің оқу орнымыз 100 жылдық тарихы бар, маман даярлаудың үлкен ұстаханасы десек болады. Жыл сайын студенттер саны артып келеді. Бүгінде колледж студенттері негізгі және орта мектеп базасы негізінде 7 мамандық бойынша білім алып жатыр. Контингент — 1204 адам. Бүгінде түлектердің еңбекпен қамтылуы 94 пайызға жетіп отыр. Оқу орнымыз заманауи талаптарға сай жабдықталған, — дейді Ақтөбе гуманитарлық колледжі директорының оқу-өндірістік ісі жөніндегі орынбасары Венера Уәлиева.
Сөрелерде әр колледждің жеткен жетістіктері көрсетіліп, оқуға шақыру жарнамалары ілінген.
— Жоғарғы көпсалалы «Болашақ» колледжіміз 2010 жылдан бастап жұмыс жасайды. Осы кезге дейін көптеген оқушылар біздің оқу орнымызға түсіп, өз мамандықтарының иелері болып жатыр. Бізде информатика, спорт, актерлік, кітапханашылық, есеп, құқықтану, туризм, тағы басқа да көптеген мамандықтар бойынша жастар білім алады. Бүгінгідей түсіндірме жұмысын жүргізіп, жастарға бағыт берсек, олардың болашақта қалаған мамандықтарына түсуіне септігіміз тиеді деген үміттеміз, — дейді осы колледждің жастар ісі жөніндегі комитет төрағасы Гүлназ Омарова.

Бұл іс-шараға қатысқан медресе колледжінің директоры Әбдімүтәлі Дауренбеков: «Біздің негізгі мақсатымыз — облыстағы мешіттермен бірлесе отырып иманды ұрпақ тәриелеу. Сонымен қатар өткен ғасырлардағы араб жазуларын оқи білетін мамандар даярлаймыз. 9-сыныптан келгендер үш жыл он ай, 11-сыныптан келгендер екі жыл он ай оқиды. Оқу ақысы мен жатақханасы тегін. Сондай-ақ шәкірақы беріледі», — деді.
Іс-шара барысында шеберлік сағаттары да өткізілді. Мектептердің 600 түлегіне нұсақамалар таратылды. Ашық есік күні келесі күні жоғарғы политехникалық колледжінде жалғасты.

Т.ТІЛЕУЛЕСОВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button