Мәдениет

Ақтөбенің Жұлдызы

Ғ.Жұбанова атындағы облыстық филармонияның ұйымдастыруымен «Өнер орталығы» концерт залында ҚР Мәдениет саласының үздігі, әнші Жұлдыз Нұрқасымованың «Әнім менің» атты жеке шығармашылық кеші өтті.

Кеште камералық оркестр, классикалық музыка ансамблінің солистері Нұртас Омаров, Қуан Жаңбырбаев, «Тамсан» тобы, Нұржан Оразовтар өнер көрсетті.
Жұлдыз Нұрқасымова 2001 жылдан бастап Ғ.Жұбанова атындағы облыстық филармониясында қызмет етіп келеді. Ол — көптеген облыстық, республикалық, халықаралық байқаулардың жеңімпазы.
— Ең алғашқы жеке есеп беру концертім 2010 жылы өтті. Осы жолғы кештің жөні бөлек. Камералық оркестрдің сүйемелдеуімен өткен ән кешімде шырқалған әндерді 100 пайыз жанды дауыста орындадым. Өнеріме қолдау білдірген барша ұйымдастырушыларға алғысым шексіз, — дейді ол.
Концертке қатысқандар арасында Қазақстан Композиторлар одағының мүшесі Бақтығали Жұмалин де бар.
— Жұлдыз — өте еңбекқор әнші. Ол үнемі ізденісте жүреді. Мен оның көптеген әндерін әрлеп, дауысына лайықтап, өңдеп бердім. Ең алғаш әншімен байқауда танысқан едім. Сол сәттен бері оның бұлбұлдай даусына тәнтімін. Әншіге шығармашылық шыңдалу тілеймін, — дейді ол.

Жұлдыз 2016 жылы Қазақстан Республикасының 25 жылдық мерейтойына арнап «Ән-жүрек» атты жеке шығармашылық концертін берген еді. Бала кезінен өнерге құштар әншінің концертіне қатысқандар оның өнеріне дән риза болды.
— Жұлдыз кез келген әнді жүрекке жеткізіп орындайды. Оңталап Базаралының сөзіне жазылған «Киелі аққу» әнінің әуенін Жұлдыздың дауысына лайықтап әрлеген едім. Аққу құстың әсемдігін әнші мен ойлағаннан да керемет жеткізе білді, — дейді Қазақстан Композиторлар одағының мүшесі Дулат Айтжанов.
Камералық оркестрдің көркемдік жетекшісі, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Әли Ермекбаевтың және «Арайлы Ақтөбе» ансамблінің көркемдік жетекшісі Серік Закарияның сүйемелдеуімен жанды дауыста өткен концерт көрермен көңілінен шықты. Сонымен қатар кеште Жұлдыз Нұрқасымованың шәкірті, «Тамсан» тобының әншісі Мерей Самұрат та ән шырқады.

Ақмарал МҰҚАШЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button