Мереке

Ынтымақ пен бірлік мерекесі

Ақтөбеде 1 мамыр — Қазақстан халқының бірлігі күні кең көлемде тойланды. Мереке күніне арналған басты шара облыс орталығындағы «Қазақ еліне мың алғыс» стеласы алаңында ұйымдастырылды.

Жұртшылықты облысәкімі Ералы Тоғжанов достық пен келісім мерекесімен құттықтап, жылы лебізін білдірді.

Халқымызда «Бірлік түбі — береке» деген даналық сөз бар.Ел тәуелсіздігін алғалы бері толағай табыстарға, үлкен жетістіктерге қол жеткізді. Мұның бәрі — бірлік пен татулықтың арқасы.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы Ассамблеясының 32-сессиясында: «Еліміздің тәуелсіздігі және аумақтық тұтастығы бәрінен қымбат. Ел бірлігі осы мызғымас құндылықтармен қатар тұруға тиіс. Сонда ғана болашағымыз баянды болады», — деген болатын.

«Әралуандылықтағы бірлік» қағидаты мемлекетіміздің саясаты мен Қазақстан халқы Ассамблеясы қызметінің негізгі бағыттарының бірі болды және бола береді, —  деп атап өтті облыс әкімі Ералы Лұқпанұлы.

Ол Ассамблея мүшелеріне, өңірдің этномәдени бірлестіктерінің басшыларына бейбітшілік, достық идеяларын түсіндіру бағытындаатқарылып жатқан маңызды жұмыстар үшін алғысын білдірді.

Бүгінде облысымызда 90-нан астам ұлт өкілдері тату-тәтті тірлік етіп жатыр. Ассамблея 16 этномәдени бірлестіктің, өз этносының ана тілі мен мемлекеттік тілді, салт-дәстүрлерін зерделеу бойынша жексенбілік мектептердің белсенді жұмыс істеуіне ұйытқы болып отыр.

Тұрақтылық пен бірлік — қазақстандық қоғамның негізгі құндылықтары. Біз бірлесіп жұмыс істесек,талай қиындықты жеңіп, түйінді мәселелерді шеше алатынымызға сенімдімін.

Әрбір ақтөбелік бірлікті нығайту жолында тынымсыз еңбек етуге тиіс. Өйткені бірлік бар жерде тірлік бар, — деді облыс әкімі.

Ералы Тоғжанов бірлік пен тұрақтылықты нығайтуға елеулі үлес қосқан өңірдің 9 тұрғынына Алғыс хат табыс етті.

Олардың қатарында этномәдени бірлестіктердің, әлеуметтік саланың өкілдері, БАҚ қызметкерлері бар. Әріптесіміз, облыстық «Актюбинский вестник» газетінің тілшісі Татьяна Виноградова да облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button