Мәдениет

Қазанғап шығармашылығы туралы монография  

Тұсаукесер

Ақтөбедегі Өнер орталығында Әбдулхамит, Сайра Райымбергеновтердің «Күй төресі — Қазанғап» атты монографиясының тұсаукесер өтті.

Өнер орталығының концерт залында өткен мәдени шараға басылым авторы Әбдулхамит Райымбергенов, халық күйшісі Жұмабай Жансүгіров, Қазақстанның еңбек сіңірген артисі Тұрар Әліпбаев, тағы басқа да мәдениет және ғылым қайраткерлері қатысты.

Облыс әкімі Ералы Тоғжанов Әбдулхамит Райымбергенов бүгінге дейін ұлттық өнерге, оның ішінде домбыраны насихаттауға зор үлес қосып келе жатқанын, ал оның монографиясы ұлттық мәдениетімізге қосылған құнды жәдігер екенін атап өтті.

— Бұл —  қуанышты оқиға. Қазанғаптың барлық күйі монографияда жинақталған. Бірақ бұл кітап тек күй туралы ғана емес, қазақтың рухы, мақтанышы. Бұл Қазанғаптың мұрасын дәріптеу жолында атқарылған орасан зор еңбек, 40 жылғы ізденіс пен зерттеудің жемісі. Осындай қажырлы еңбегі үшін авторларға алғыс айтамыз, — деген Ералы Тоғжанов Әбдулхамит Райымбергеновке сый-құрмет көрсетіп, тұлпар мінгізді.

Кітапта Қазанғаптың шығармалары (79 күйі) және оның күйлерін жеткізген тікелей шәкірттерінің бұрын-соңды жарық көрмеген аса құнды үнтаспалары мен бейне көріністері (120-дан астам фильм), фольклорлық-этнографиялық экспедициялар кезінде түсірілген 600-ге жуық бірегей фотосурет QR-код арқылы берілген.

Басылым үш томнан, атап айтсақ, қазақ және орыс тілдеріндегі монографиядан, сондай-ақ ноталар жинағынан тұрады.

Шарада алғаш рет Қазанғаптың домбыра мектебі көрсетіліп, төрт ұрпаққа жалғасқан 70-тен астам күйші өнер көрсетті. Сондай-ақ Қазанғаптың қазіргі заманның ең мықты күйшілерінің орындауындағы белгілі туындылары орындалды. Оның ішінде 93 жастағы ақсақал, Қазанғаптың шәкіртінен білім алған Жұмабай Жансүгіров те бар.

Д.АЙДАР.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button