АуылБасты жаңалықтар

Бірлігі жарасқан берекелі ауыл

Мәртөк ауданына қарасты Аққұдық селолық округінде 18 ұлттың өкілі тұрады. Бірлігі жарасқан елді мекенде өзге ұлттың өкілдері қойы қоралас, үйі аралас болып тату-тәтті ғұмыр кешуде. Тіпті қазаққа қызын беріп, құда болып отырғандары да бар. Біз Ресеймен шекаралас аумақта орналасқан ауылға барып, тұрғындармен тілдескен едік…

Шаруасы жайлы мекен

Округ әкімі Ерлан Түкібаевтың айтуынша, Аққұдық селолық округінің құрамына бес ауыл кіреді. Олар — Вознесеновка, Достық, Жаңажол, Қарабұлақ және Первомайка.

Округте жалпы саны 1022 адам тұрады. Округ орталығы — Вознесеновка ауылы Ресейдің Орынбор облысына қарасты Веселый, Раздольный, Искра елді мекендеріне жақын орналасқан. Дегенмен бұл ауылдың адамдары шекарадан өтіп, емін-еркін жүре алмайды. Вознесеновка ауылына бара жатқан жолда әскери застава бар. Ауылға кіріп шыққан сайын тұрғындар осы заставадан төлқұжаттарын көрсетіп өтуге тиіс.

Мұның барлығы елді мекеннің, тұрғындардың қауіпсіздігі үшін жасалады. Шекараға жақын орналасқандықтан, біздің округте бейсауат адам жүре алмайды. Жалпы округімізде тұрғындардың жайлы өмір сүруі үшін барлық жағдай жасалған. Округ орталығы — Вознесеновка ауылында орта мектеп, клуб, кітапхана, дәрігерлік амбулатория, мектеп жанынан ашылған шағын орталық бар. Округ бойынша 82 шаруа қожалығы болса, дені осы ауылда жұмыс жасап жатыр. Негізінен, тұрғындар мал, егін шаруашылығымен айналысады. Кейбір шаруалар мал азығын дайындап, содан табыс табады. Ауылымызда жастар аз, көбі — отбасылы адамдар мен зейнеткерлер, — дейді округ әкімі.

Округ Аққұдық атауын осыдан он шақты жыл бұрын иеленіпті. Алдағы уақытта округ орталығының атауы да өзгермекші. Ауыл әкімінің айтуынша, қазақша атау қоюға бірлі-жарым тұрғындар қарсы болыпты. Соның себебін бұл «шаруа» кейінге қалдырылған.

— Округте 18 ұлттың өкілі тату-тәтті тұрып жатыр. Олардың ішінде қазақ, орыс, украин, неміс, шешен, өзбек, башқұрт ұлтының өкілі көп. Бірлігі жарасқан ауылымызда кейбір ұлттар бір-бірімен құдаласып, туыс болғандарын мақтанышпен айтып жатады. Мерекелерде, ауыл күнінде барлық іс асармен, ауызбіршілікпен өткізіледі, — дейді Ерлан Түкібаев.

Бүгінде Аққұдық селолық округінің екі ауылы — Вознесеновка мен Достық көгілдір отынмен де, ауызсумен де қамтылған. Алдағы уақытта қалған үш ауылға газ құбырын тарту жұмыстары жүргізілмек. Бұл мақсатта биыл округ әкімдігі жобалық-сметалық құжаттар әзірлепті. Сондай-ақ алдағы уақытта округ бойынша 7 көшеге асфальт төсеу жоспарда бар. Өкінішке қарай, әлі күнге дейін округ бойынша бірде-бір көшеге асфальт салынбаған.

Осы тұста айта кету керек, ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жуырда өткен Парламенттің бірінші сессиясында Үкіметке шекаралас аудандардағы халықтың әл-ауқатын арттыруға жағдай жасауды тапсырған-ды. Бұл жайында Мемлекет басшысы: «Үкімет шекаралас аудандарда қоныстанғысы келетін азаматтарымыз үшін тұрғын үйді арзандату мәселесін шешудің жаңа тәсілдерін әзірлеуге тиіс. Сондай-ақ инженерлік, әлеуметтік инфрақұрылымды жаңғыртуға және құруға назар аудару қажет», — деген болатын. Міне, бұл тапсырма аталған округ сияқты Ресеймен шекаралас жатқан елді мекендерге де қатысты болып отыр.

— Округ Ресеймен шекаралас аумақта орналасқанымен, мұнда тұрғындардың әл-ауқаты жақсы. Ауылымызда кәсіпкерлікпен де, мал шаруашылығымен де айналысамын деушілерге мемлекет тарапынан түрлі қолдау көрсетіліп жатыр. Мәселен, былтырдан бастап облыста жүзеге асырылып жатқан «Ауыл аманаты» жобасына қатысуға округ бойынша 11 тұрғын ниет білдірді. Бүгінде соның 8-інің жобасы мақұлданса, бір тұрғын жуырда ғана жеңілдікпен берілетін несиесін рәсімдеді. Атап айтсақ, 11 жобаның екеуі ешкі өсіру бағытында болса, екеуі — сүт өңдеу, қалғаны — құс шаруашылығын дамыту жобалары. Жалпы, бүгінде округте 111 кәсіпкерлік субъектісі бар. Олар биыл жыл басынан бері мемлекет тарапынан бизнестерін дамыту үшін жалпы мөлшері 148,7 миллион теңге несие алды, — дейді округ әкімі.

2021 жылы Вознесеновка ауылына көгілдір отын берілген соң, мұнда Қызылорда облысынан, сондай-ақ Ақтөбе қаласы мен Темір ауданынан 6 отбасы көшіп келіпті.

Ауылдың шаруаға жайлы, мал, құс өсіруге тиімді екенін түсінген олар қазір мұнда өз шаруашылықтарын ашып, күндіз-түні тынбай еңбек етуде.

Идристің игі ісі

Вознесеновкаға қоныс аударғандардың бірі — Идрис Шихамиров. Оның ұлты — рутул. Ертеректе Ақтөбе өңіріне сонау Дағыстаннан көшіп келген. Ақтөбе қаласында тұрған кезінде ол құрылыс, сауда саласында ұзақ жылдар жұмыс істеген. Қазір ол өсімдік шаруашылығымен айналысып жатқанын айтады. Тіпті ол бұл сала бойынша ғылыми- зерттеулер де жүргізіп, материалдарын Мәскеу, Женева қалаларындағы халықаралық патент орталықтарына жіберіпті.

— Қазір өсімдік егуге қолайлы уақыт. Сондықтан өзім тұратын аумаққа жаңғақ және павловния ағаштарының көшеттерін егіп жатырмын. Біздің ауданның климатына жаңғақ ағашын өсіріп, үйреткім келеді. Жалпы бұл ағаш өсіп шыққаннан соң 7 жылдан кейін ғана өнім береді, — дейді ол.

Шихамировтер шаңырағы ауылдағы көпұлтты отбасылардың бірі десек те болады. Себебі оның ұлты рутул болса, зайыбының ұлты — орыс. Бірнеше жыл бұрын қызы Нина қазақ жігітіне тұрмысқа шыққан. Ол отбасымен Қандыағаш қаласында тұрады. Ал екі ұлы әр салада абыройлы еңбек етіп жүр.

Идрис Шихамиров биыл «Ауыл аманаты» жобасына қатысуға ниет білдіріпті. Егер оның жобасы мақұлданса, ауылда құс шаруашылығын дамытпақ. Жоба құны — 2 млн теңге. Ол алған қаржысына тауық, инкубатор, жемшөп сатып алмақ.

Ауыл тұрғындарының айтуынша, Идрис Шихамировтің қолынан келмейтіні жоқ. Ол темірден түйін де түйеді, өсімдіктің түр-түрін өсіреді, төрт түлік пен құсты да бағады. Еңбекқор, жауапкершілігі мол шаруа болашақта елді мекендерде ауыл шаруашылығы саласы қарқындап дамыса, халықтың жағдайы бұдан да жақсаратынын айтады.

Артемнің «мектебі»

Вознесеновка орта мектебінде бүгінде 83 оқушы оқып жатыр. Оның 18-і — мектеп интернатының тәрбиеленушілері. Аталған білім беру ордасында 31 мұғалім жұмыс істейді. Мектеп қажетті барлық құрал-жабдықтармен қамтылған. Мұнда асхана, жуыну бөлмелері, спорт зал, оқу кабинеттері бар. Сондай-ақ білім беру мекемесі ғимаратында мектеп жасына дейінгі балаларға арналған шағын орталық орналасқан. 100 орындық орталықта қазір 24 бала тәрбиеленуде.

— Мектебіміз 1983 жылы салынған. 2018 жылы оқу орнына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Мектеп ғимараты 320 оқушыға арналған. Алайда қазір 83 оқушы білім алуда. Жылдан-жылға оқушылар саны азайып барады. Мұнда білім алушылар қазақ және орыс тілдерінде оқиды. Оқушыларымыздың арасында республикалық, облыстық деңгейде білімімен, өнерімен көзге түскен жастарымыз көп. Мектептің кіреберісінде балалар теннис ойнайды, ойын алаңында ер балалар футболмен шұғылданады, — дейді мектеп директоры Артем Райзих.

Оның айтуынша, қазір мектепке физика, биология, математика, информатика пәндерінің мұғалімі жетіспейді. Биыл жаңа оқу жылында Қобда ауданынан математика пәнінен сабақ беретін бір жас маман келетін болыпты.

Артемнің ұлты — неміс. Ол жас та болса, бірнеше жылдан бері білім беру саласында басшылық қызмет атқарып келеді. Орал қаласындағы Махамбет Өтемісұлы атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің тарих факультетін аяқтаған. Еңбек жолын шағын ауылда мұғалім болып бастапты. Ол қазақ тілінде емін-еркін сөйлейді, тіпті сөзінің арасында мақал-мәтелді де көп қолданады екен.

Біз отбасымызбен қазақша сөйлесеміз. Қазақтың ортасында өскендіктен, мемлекеттік тілді бала кезімнен білемін. Мен аралас мектепте оқыдым, сондықтан маған тіл үйрену оңай болды. Одан кейін қазақтың қызына үйлендім. Ол қазір ағылшын тілінен сабақ береді. Балаларымызды да балабақшада қазақ тобына бердік. Олар туғаннан бері қазақтың барлық ырым-тыйымдарын, салт-дәстүрлерін орындап келеміз. Меніңше, Қазақстанда тұрған соң қазақ тілін білу керек, — дейді ол.

Несие алып, кәсіп ашпақ

Биыл Вознесеновка ауылының тұрғыны Татьяна Кудлай да «Ауыл аманаты» жобасына қатысуға ниет білдірген. Алты жылдан бері аудандық жұмыспен қамту орталығында округ бойынша ассистент болып жұмыс істейтін ол енді сүт өңдеумен айналыспақ. Ол жоба аясында 750 мың теңгеге несие рәсімдеуді жоспарлап отыр.

— Қазір ауламызда он шақты ірі қара бар. Алдағы уақытта осы жобаны сәтті жүзеге асырсақ, тағы да сиыр сатып алғымыз келеді. Сүт өнімдерін облыс не аудан орталығына апарып сатамыз. Қазір ауданда қаймақ, сары майға сұраныс көп. Сондықтан сүт өнімдерінің түрін көбейтуді жоспарлап отырмыз. Ең бастысы, шаршамай, талмай еңбек етуіміз керек, — дейді ол.

Қай істі қолға алса да, аяғына дейін жеткізетін Татьяна алдағы уақытта Мәртөк ауданының сүт өңдеу саласына өз үлесін қоспақ. Бүгінде облыс бойынша бұл аудан сүт өңдеуден, сүт өнімдерін өндіруден алда тұр.

Сондай-ақ ауыл тұрғыны Қатира Қалилаева алдағы уақытта грант ұтып алып, нан өнімдерін дайындауды жоспарлап отыр. Ол былтыр Шұбарқұдық ауылынан көшіп келген. Бес бала тәрбиелеп отырған жалғызбасты ана қазір мемлекеттен атаулы әлеуметтік көмек алып отыр.

  • Қазір бала күтімімен демалыста отырмын. Негізгі мамандығым — аспаз. Бұрын Темір ауданында вахталық әдіспен асханада жұмыс істедім. Алдағы уақытта грант ұтып алсам, ауылда нан өнімдерін дайындап, сатқым келеді. Осылайша балаларымның қасында болып, бір жағынан, жеке кәсіппен айналыссам деймін, — дейді ауыл тұрғыны.

Р.S. Шекарада орналасқан ауылдың бүгінгі тыныс-тіршілігі — осы. Мұндағы халық уақытпен санаспай еңбек етеді, жаз шығысымен шөбін шабады, бау-бақшасын егеді. Қазір ауыл тұрғындары 1 мамыр мерекесіне қызу дайындалып жатыр. Елді мекенде жылдағы дәстүр бойынша мерекелік іс-шаралар ұйымдастырылып, барлық ұлттың өкілі ақ дастарқан басына жиналады. Тілі басқа болса да, тілегі бір олардың ауызбіршілігіне ел сүйсінеді.

Данагүл ҚАЗИХАН,

Ақтөбе-Мәртөк-Ақтөбе.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button