Мәдениет

Қолөнер шеберлерінің жәрмеңкесі өтті

Салт-дәстүр

«Анаға тағзым» орталығында «Дәстүрге жол» қоғамдық бірлестігі облыстық филиалының ұйымдастыруымен қолөнер шеберлерінің жәрмеңкесі өтті. Қала мен аудандардан келген қолөнер шеберлері өздерінің жасаған бұйымдары мен тағамдарын көпшілікке таныстырды.

— Біздің аналарымыз Астанада өткен республикалық «Тақия-фест» фестиваліне қатысып, жүлделі орынға ие болды. Бүгінгі іс-шарамыз соның жалғасы ретінде ұйымдастырылып жатыр. Мақсат — облыстағы шеберлердің басын қосу, қазақтың ұлттық қолөнерін насихаттау. Мұнда алаша тоқу, сырмақ тігу, киіз басумен қатар, түрлі ұлттық тағамдарды дайындайтын кәсіпкерлеріміз де келді,  — дейді республикалық  «Дәстүрге жол» қоғамдық бірлестігі облыстық филиалы басшысының кеңесшісі Райгүл Серғалиева.

Қолөнер шеберлері бір-бірімен жасаған бұйымдары жайлы пікір алмасып, оның жасалу тәсілдерін үйренді.

— Мен Темір ауданынан келдім, он екі баланың анасымын, 89 жастамын. Балаларым ержетіп, қыздарым бойжетіп, отбасылы болғаннан кейін үйде қарап отыра алмай, қолөнермен айналысуды қолға алдым. Ұршық иіріп, шұлық тоқимын, көрпе тігемін. Бүгінде қоғамдық бірлестіктің мүшесімін, — дейді Тәрбия Сағиева әжей.

Астанада өткен республикалық  «Тақия-фест» фестиваліне 27 тағам түрін алып барып, көпшіліктің ықыласына бөленген Күлән Әбділдинаның айтуынша, қолөнер шеберлерінің жиі бас қосып, өскелең ұрпақты ұлттық дүниелерімізбен тәрбиелейтін осындай шаралардың жиі өткені абзал.

Жәрмеңкенің соңы Сазды мәдениет үйі әншілерінің концертіне ұласты.

 Толағай БҰРХАН. 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button