Денсаулық

Қызылшадан қалай құтыламыз?

Маман кеңесі

Балаңыздың немесе өзіңіздің дене температураңыз38-40 градусқа дейін көтерілсе немесе бас ауруы, әлсіздік, жөтел, мұрын ағу, көз қызару, жарықтан қорқу, денеге бөртпе шығу сияқты белгілер байқалса, міндетті түрде дәрігерге қаралыңыз. Себебі бұл қызылша ауруының белгілері болуы мүмкін.

Қызылша — катаральды белгілерімен және бөртпе шығуымен сипатталатын жедел вирустық инфекциялық ауру. Бұл аурудың вирусы ағзаға ауа-тамшы арқылы енеді. Ал қоршаған ортаға науқас жөтелгенде, түшкіргенде, жай дем шығарғанда және сөйлескенде таралады.

Инфекция көзі — тек ауру адам. Инкубациялық кезең, яғни жасырын кезеңі 2 аптаға, кейде 1 айға дейін созылады. Қызылшаның типтік ағымы үш кезеңнің дәйекті өзгеруімен жүреді: катаральды, бөртпелер және реконвалесценция. Катаральды кезең температураның көтерілуінен және жалпы улану белгілерінің дамуынан басталады. Температура өте жоғары деңгейге жетуі мүмкін, науқастар қатты бас ауруына, ұйқысыздыққа, қалтырауға, қатты әлсіздікке шағымданады. Балаларда жалпы улану белгілері кездеседі. Интоксикация синдромының фонында алғашқы күндері құрғақ жөтел, кейін шырышты-іріңді ринорея, конъюнктивит (қабақтың қатты ісінуімен жүреді) болады.

Ересектерде бөртпе балаларға қарағанда жиі кездеседі. Бөртпелер кезінде катаральды белгілер күшейіп, дене қызуы мен интоксикация күшейеді. Ересектерді емдеу де ұзағырақ жүреді. 5-7 күн ішінде бөртпелер кетіп қалады. Асқынбаған қызылша, әдетте, толық қалпына келуімен аяқталады, косметикалық жағынан қарасақ, бөртпенің орны қалып қоймайды. Қызылша ауруы асқынар болса, бронхит, энцефалит, миокардит, гепатит, гломерулонефрит секілді біраз ауруды тудыруы мүмкін. Олүшін ең әуелі бөртпе пайда болған науқасты оқшаулау қажет.

Негізі қызылшаның алдын алудың бірден-бір жолы — екпе. Себебі қызылшаның арнайы бір емі жоқ. Екпе алған балалар қызылшамен 100 пайыз ауырмайды деген кепіл берілмейді. Ауырады. Дегенмен екпе алмаған балаларға қарағанда аурушаңдық жеңіл түрде өтеді. Қызылшаға қарсы алғашқы екпе емханаларда күнтізбеге сәйкес он екі айлық немесе бір жастағы балаларға жүргізіліп келеді. Соңғы 4-5 жылдықта қызылша ауруының бас көтеруіне байланысты оған қарсы екпе егу 9 айлықтан бастап жүргізілетін болды, ал ревакцинация 6 жаста жасалады. Ал эпидемия ошақтарындағы 25 жасқа дейінгі тұрғындарға да иммундау жүргізіліп тұрады. Қарсы көрсетілімдер болған кезінде қызылшаға қарсы арнайы иммуноглобулин енгізіледі.

Соңғы жылдары түрлі себептерге байланысты екпе алудан көп ата-ана бас тартып, соның салдарынан бұл ауру қайта өршіп, қоғамға қайта қауіп төндіріп отыр. Облыста биыл 18 жасқа толмаған 4 бала қызылша ауруын жұқтырған. Олардың төртеуі де осы ауруға қарсы екпе алмаған. Сондықтан екпеден бас тартпай, әр аурудың алдын алу шараларын дер кезінде жүргізіп отыру  — әр ата-ана үшін де, балалар денсаулығы үшін де, қоғам үшін де пайдалы болмақ.

 Гүлсана ЖАМАЛОВА,

облыстық клиникалық жұқпалы аурулар

ауруханасының резидент-инфекционисі.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button