Мәдениет

Өнерлі ұжымның наурызы

Филармония

Ғ.Жұбанова атындағы облыстық филармония ұжымы «NAURYZ- FEST- 2023» мәдени іс-шарасын өткізді.

«Өнер орталығы» фойесінде өткен мерекеге облыстық  филармонияның ардагерлері мен зиялы қауым өкілдері қатысты.

— Біздің мақсатымыз — Наурыз мерекесін ұлықтай отырып ұжымда ынтымақ пен бірлікті нығайту, салт-дәстүрімізді насихаттау, шығармашыл жастардың қалыптасуына ықпал ету, — дейді Ғ.Жұбанова атындағы облыстық филармониясы директорының шығармашылық жөніндегі орынбасары Нұртас Омаров.

Кәсіби өнер иелерінің қатысуымен құда түсу, қыз ұзату, беташар, бесікке салу, тұсаукесер, айтыс сынды салт-дәстүрімізге байланысты қойылымдар қойылып, «Күшіміз — бірлікте» атауымен арқан тартыс, асық ату, ләңгі тебу секілді спорттық ойындар өткізілді.

Облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының бөлім басшысы Манар Өтекешова, облыстық тарихи өлкетану музейінің қызметкері Алмагүл Сарыбай, спорт шебері Сағадат Салмановтар қатысушылардың өнерін бағалап, жүлделі орындарды анықтады. Қазақ камералық хор ұжымы бас жүлдені иеленді. Әкімшілік-техникалық құрамы  — I орын, «Достық сазы» фольклорлық ансамблі мен «Аққу» би ансамблі — II орын, А.Жұбанов атындағы қазақ ұлт  аспаптар оркестрі, классикалық музыка ансамблі және Б.Оралұлы шығармашылық орталығы III орын иеленді. Сонымен қатар Наурыз мейрамына белсене қатысқан «Арайлы Ақтөбе» фольклорлық ансамблі, «Саз» балалар студиясы», «Екі езу» сатира театры мен камералық оркестр ұжымы арнайы сыйлықтармен марапатталды. Мерекелік шараның соңында жеңімпаздарға басшылық тарапынан Алғыс хаттар мен бағалы сыйлықтар табысталды.

Талғат ТІЛЕУЛЕСОВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button