Мәдениет

Ақтөбеде дәстүрлі театр мерекесі басталды

Фестиваль

Ақтөбеде VІ Халықаралық «Balausa» эксперименталды спектакльдер фестивалі басталды. Темірбек Жүргеновтің туғанына 125 жыл толуына арналған театр мерекесі 4 күнге созылады.

Құтты мекенде 6-рет өтіп жатқан дәстүрлі өнер додасында Ресей, Татарстан, Қырғызстан елдерімен қатар, республикамыздың бірнеше өңірінен келген 8 театр қатысып жатыр.

Кеше шараның салтанатты ашылуынан бұрын баспасөз мәслихаты өтіп, қазылар алқасының құрамы таныстырылды. Өнер ұжымдарының еңбегін Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, М.Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрының директоры, өнертану ғылымының кандидаты Еркін Жуасбек бастаған топ бағалайды.

Барлық қойылымТ.Ахтанов атындағы облыстық драма театрында өтеді.  Фестиваль 24 сәуірге дейін жалғасады. Кіру — ақылы.

Өнер додасы соңында труппалар «Үздік  қойылым», «Үздік  режиссерлік  жұмыс», «Үздік сценографиялық жұмыс», «Үздік ер адам рөлі», «Үздік әйел адам рөлі», «Үздік актерлік ансамбль», «Т.Жүргенов атындағы арнайы жүлде», «Қ.Жетпісбаев атындағы арнайы жүлде» аталымдары бойынша марапатталатын болады.

Айта кетейік, Ақтөбенің брендіне айналған «Balausa» фестивалінің тарихы 2016 жылдан басталады. Сол жылы Ақтөбе қаласында ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай республикалық жастар және студенттік театрлар арасындағы «Balausa» фестивалі өтсе, 2017 жылы халықаралық «ЭКСПО-2017» мамандандырылған көрмесі аясында Қазақстан драма театрлары арасындағы II республикалық «Балауса» эксперименталды қойылымдар фестивалі шымылдығын түрді.

2018 жылыфестиваль Астана қаласының 20 жылдығына және Т.Ахтановтың 95 жылдығына орай халықаралық деңгейде ұйымдастырылса, 2019 жылы Ақтөбе қаласының 150 жылдығына орайластырылды. 2022 жылы аталған іс-шара 5-рет өткен болатын.

Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button