Білім

Ақтөбе облысында қалалық және ауылдық мектептер арасындағы білім деңгейіндегі алшақтық қысқаруда

Ақтөбе облысында 2022 жылдың екінші жартысында басталған Bilim ALL өңірлік жобасын іске асыру жалғасуда. Бірегей жоба облыс әкімі Ералы Тоғжановтың бастамасымен әзірленіп, іске асырылды. Ол ауылдық шағын жинақты мектептерде білім беру сапасын арттыруға бағытталған.

Жобаның мәні Ақтөбе қаласындағы 10 жетекші мектепте жұмыс істейтін облыстың үздік мұғалімдері шағын жинақты мектептердің оқушыларын 5 негізгі пән бойынша онлайн режимде оқытады. Бұл бір мұғалімнің бірнеше пәнді оқытудан арылуға мүмкіндік беріп, көбінесе сыныптары толық емес мектептерде қолданылады. Сабақтар мектепте өтеді, мектеп оқушыларының жанында тәртіпті бақылайтын және материалды игеруге көмектесетін мұғалімдері болады.

Бастапқыда жоба 120 мектептің 10 мың оқушысын қамтыды. Жобаға барлық шағын жинақты мектептерді тарту мақсатында өңірде ауылдық елді мекендерді жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз ету бойынша жұмыс жандандырылды. Нәтижесінде өткен айда жобамен тағы үш мектеп қамтылды. Ауылдардың интернетке қол жеткізу мәселесін шешкеннен кейін өңірдің қалған шағын жинақты мектептері қамтылады, онда қазір 4 мыңға жуық бала оқиды.

Жобаны іске асырылғалы бері ауылдық және қалалық мектептер арасындағы білім деңгейіндегі айырмашылықтың тұрақты төмендеуі байқалады. Білім басқармасының мәліметінше, қаңтарда Bilim ALL өңірлік жобасы бойынша оқушылардың білім сапасының 3%-ға артқанын көрсетті, сәуірде өсім 4,7%-ға жетті.

Айта кетейік, Bilim ALL – ауыл тұрғындарының әл-ауқатын арттыруға, ауылдық аумақтарды инфрақұрылымдық дамытуға, білім беру мен денсаулық сақтау сапасын арттыруға бағытталған «Ауыл аманаты» кешенді жобасының бір бөлігі.

А.МӘЛІКҚЫЗЫ. 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button