Білім

Сәтбаев салған сара жол

Конференция

Ақтөбе қаласындағы Қ.Сәтбаев атындағы орта мектеп-лицейінде «Сәтбаев салған сара жол — ұрпаққа ұлағат» атты I облыстық ғылыми-практикалық конференция өтті.

Конференцияға Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті, облыстық білім басқармасы, «Батысқазжерқойнауы» өңіраралық департаменті, облыстық ғылыми-тәжірибелік орталығы өкілдері, қалалық білім бөлімінің басшылары мен мектеп директорлары қатысты.

Конференция Қаныш Сәтбаевтың мүсінін ашу салтанатымен басталды. Мүсінді осы мектептің қызыметкері Мырзагерей Мейірманов жасаған. Бұл балалармен мүсіндеу бағытында жұмыс жасап келе жатқан автордың тұңғыш туындысы екен.

— Бұл ғылыми конференция 2022 жылдың 1 маусымында Жаңақоныс елді мекенінде орналасқан Новый орта мектеп-лицейіне қазақтың тұңғыш академигі Қаныш Сәтбаевтың есімі берілуіне орай ұйымдастырылып отыр.

Ғылыми-практикалық конференцияның мақсаты — білім беру ұйымдарында ғалымның ұлы тарихи тұлға ретінде есімін ұлықтау, жобалық-зерттеу жұмыстарын жүзеге асыруда ақпараттық, əдістемелік қолдау көрсету, — дейді мекеп-лицейдің директоры Айжан Оразалина.

Өткізілген іс-шара барысында облыстағы  жалпы білім беретін мектеп мұғалімдері мен техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының оқытушылары Қазақстанның металлогения мектебінің  негізін қалаушы ғалымның өмір жолындағы маңызды зерттеулері мен жаңалықтары туралы тың деректерді зерделеуге бағытталған жұмыстары сараланды.

Сонымен қатар білім алушылардың ғылымға құштарлығын арттыру мақсатында Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті, «Батысқазжерқойнауы» өңіраралық департаменті және Қ.Сәтбаев атындағы орта мектеп-лицей арасында үш жақты меморандумға қол қойылды. Меморандум аясында білім беру ұйымдары оқушыларының ғылыми-зерттеу жұмыстарын ұйымдастыру бойынша бірқатар бағыт айқындалып, бірлескен қызметтің жұмыс жоспары жасалады.

— Мектебіміз көптеген жетістіктерге жетіп келеді. 2020-2021 оқу жылының қорытындысы бойынша «Орта білім беретін үздік ұйым» грантын иеленіп, облыс әкімінің 9 миллион теңге көлемінде қаржылай қолдауына ие болды.

Қазіргі уақытта облыстық деңгейде бастауыш сынып, физика және география пәндерінен тәжірибелі мұғалімдердің шеберханалары жұмыс жасап жатыр.

Шәкірттеріміз халықаралық, республикалық және облыстық байқаулардың жүлдегерлері атанып келеді, — дейді мектеп директорының оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Айгүл Омарова.

Талғат ТІЛЕУЛЕСОВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button