Әдебиет

Мөңке би ескерткіші жанындағы ой 

Жақсылық АЙЖАНҰЛЫ.

Жақсылық Айжанұлы 1950 жылы Байғанин ауданындағы Жаңатаң ауылында дүниеге келген. Алғашқы өлеңдері 1978 жылы шыққан «Балауса» атты топтамаға енген. «Оралу», «Табиғат пен жүрек», «Аңсау» т.б. жыр жинақтары жарық көрген. Одан басқа «Үстірт хикаялары», «Ер қорғаны — Ер Бармақ» , «Дәуіт Асауұлы», «Аманат», «Данқты барлаушы» атты тарихи-танымдық кітаптары оқырман қолына тиді.

Ақтөбе кітапханасының 35-томына таңдаулы өлеңдері кірді. Жақсылық Айжанұлы 36 жылдай облыстық телевизияда қызмет атқарып, қатардағы редактордан бас редактор-төраға орынбасарына дейін жоғарылады. ҚР Мәдениет саласының ұздігі, Қазақстанның құрметті журналисі, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі. «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері.

Мөңке би ескерткіші жанындағы ой 

Бабам сенің байыппенен барлаған

Заманыңда туған ұрпақ бірімін.

Тым азайып бара жатыр арлы адам

Шындығында біреулердің құлымын.

 

Асан қайғы айтқанына көнбедік

Ұлы Мөңкем, болжамыңды елемей,

Түтіндедік, бықсып жанып, сөнбедік,

Қалтырадық, теңіздегі қалжыраған кемедей.

 

Бұқардың да аңғармадық кеңесін,

Кердеріні кері кеткен деп білдік.

Ұға алмадық көрегендік өресін

Өмірді ойлап екі күндік.

 

Еліктедік Европа озық деп,

Қашаннан да Шығыс нұрлы емес пе ед?

Жіктелу мен бөлінуден тоздық кеп,

Жеке бақыт талайларға елестеп.

 

Өзің айтқан

Кімге ғана үміт артпақ ел ертең,

Аңқау ғалам бара жатыр ұшынып.

Пенделігің — мағынасыз көлеңкең

Жоғалса егер жүректегі кісілік.

 

Ұқсап тұрсың тұғырдағы қыранға,

Бәлкім елдің қайта оралдың бағына.

Сабақ болсын есін жинар ұланға

Үш ғасырды болжап берші тағы да…

 

БӨКЕНБАЙДЫҢ ШОҚЫСЫ 

Ай, Баһадүр бабам-ай,

Қалай-қалай өзгереді заман бұл…

Көктен мына туғаны ма «жаман» ай?

Әлде тартпай туғаны ма саған ұл?

Ерлігіңді ұмытып,

шоқыңа да тиісті,

Жау шабар деп қай жақтан қарауылдап тұрып ең…

Қоймады ғой бір қазақ ес тандырған күйісті,

Ұға алмадым мұны мен.

Тиылғанды берілем деп бөскендер.

Қарақұмда бас қосып батырларды бастап ең

Елім-айлап көшкенде ел.

Жоңғарлардың жігерін жанарыңмен жасқап ең…

Тазарғанды Бұлантының белдері, Аңырақай аспаны,

Ізің қалды Тарбағатай тауында.

Сап тиылды төгілген көз жастары,

Таңғаламын ал бүгінгі қауымға…

Ұшқан қыран, көшкен бұлт айтсаңдаршы шындықты,

Көк түтіндеп шоқыда от жанды ма…

Сәуегей боп сөйлейді ғой бір мықты

Сен не дейсің түндік түрген таң мына.

Шын Батырын ұмытқаннан қорқамын,

Қайнатты ғой бәзбіреулер қанымды.

Бабама ұқсап оймен үнсіз жортамын.

Ай, Оралжан,

Бөкенбайлап шырқасаңшы әніңді…

Баһадүрдің алдық па екен мазасын,

Дер біреулер мұны неге жазасың…

Кешір баба, Өрлігің мен Ерлігіңмен ерексің,

Саған тау да лайықты

Тәңірімнің алдында сен Тазасың!

 

САРАЙШЫҚ

 Боздайды Ойсылқара жазығымда

Тербеуде боз даланы сазы мұңда.

Жүрегім сол әуенмен тілдеседі

Тұрған соң Алтын орда қазығында.

 

Тірлігің өрлігің мен салтың арман

Қонысы Қасым ханның Алтын ордам.

Секер көл қайда кеткен ару жүзген

Ұлы су ағады тек жарқыраған.

 

Сұраймын тылсым сырды ормандардан,

Құлазып қалған үнсіз қорғандардан.

Жайықтың жағасында жүр Өтеген

Жүрегін мазалап ой армандаған.

 

Күрессе Бату ханым бағым үшін,

Алмалы бақ болғанды нақ ырысым.

Жеті хан өткен шаһар жер астында

Сен менің болдың мұңды сағынышым.

 

Не арман бар ед мынау Жайығымда

Патшайым жүзген алтын қайығында.

Сол заман қасиетім, қасіретім

Жоғалту бас қаламды айыбым ба?

 

Қалайша арылармыз мына жайдан

Өлеңді отырған жоқ құрап ойдан.

Болған деп бір дәуірде Астанаңыз

Сыр толғар жәдігерлер мұражайдан.

 

Сарайшық сары даланың төсіндегі

Қазақтың сан өнерін өшірмеді.

Шығысқа, Батысқа да керуендеген

Толғантады «Жібек жолы» көшің мені.

 

Хандықтар тартысудан қамшы көріп,

Бұзылды іргесі елдің әлсіредік.

Сарайшық қалпыңменен өкіндіріп,

Барасың мөлдіреген тамшы болып.

 

Қарайды көкте ұшқан құс тізбектеліп

Барады біздегі ойдан мұз бөктеріп.

Араға сегіз ғасыр өткеннен соң

Тұр Құлбек, Ғалым, Дархан іздеп келіп.

 

Бұл күнге табылар ма көңіл емі,

Сағыныш Алтын орда төңірегі,

Еділім, Жайығыңның егізі ем деп

Кеттің деп, неге тастап егіледі.

 

МҰҚАҒАЛИДЫҢ МҰҢДЫ МОНОЛОГЫ

 Оу,  Алатау, ғажабым, алып, нұрлы,

Білесің бе,

Мына жақ жауратты да жалықтырды,

Суырып алшы шағын төмпешіктен

Байқасын байтақтағы халық түрлі.

 

Көрейінші келбетін

Алматымның,

Шыдамым бітіп әбден зорға тұрмын,

Өзге деп ойламағын, өзгергем жоқ

Баяғы өлең жазар сол батырмын.

 

Кең далам, ақ қарыңды уыстайын,

Самалыңды сағындым тыныстайын,

Қайта бір көріп кету арман боп жүр,

Барады өтіп айлар, жылыстай күн.

 

Бұл жақта таң да атпайды, күн батпайды,

Әйтеуір, әлдилейді жұмбақ қайғы,

Мүлгисің үнсіз ғана бәрін ойға ап

Бір пенде сырласуға тіл қатпайды.

 

Тірлік бөлек, жылайсың, күлесің бе,

Жатасың ұлы көшке құлақ түресіз де,

Өтежан бірде маған сыбырлады

Айналып кеттің ғой деп ұлы есімге.

 

Тірлікте шын ақынға жетеді жүк,

Соны естіп қалдым аздап көтеріліп,

Қайран, қарасазым жанарым көрсем дейді

Тәңіріден

Бір сәттік өмір сұрап, етем үміт.

 

Абыздарым, біріңнен батаңды алдым,

Сендер де болдың ұмыт аталмадың,

Ілияс,

Бейімбет пен

Сәкендейін

Бөлек еді-ау менің де қатарларым.

Соларды еске бір сәт түсірейін

Жетеді оған ақын күші деймін,

Қайран,

Таха,

Тоқашым оқты көрген

Сендерге көлеңкемді түсірмеймін.

 

Айтпадың қырсық сөзді

Маған бөтен,

Одағым жолым түссе өзіңе соға кетем,

Тірлікте бір атақ та алғаным жоқ

Бара қалсам орденін тағар ма екен…

 

О, халқым, құрметтеп ақын деп сыйладыңдар,

Қоштастыңдар, қамығып қимадыңдар,

Қарапайым ұлың ем шындықты айтқан,

Өлеңім — тек байлығым жиғаным бар.

 

Қара жер пенделердің бек тұрағы,

Басымнан фәни жалған өтті бағы,

Дегенмен

Кеңсайдан күнмен бірге көтеріліп,

Халқыммен сәлемдескім кеп тұрады.

 

Ақыныңмын, құлымын — асыл ардың,

Теперіш көрсем де сан жасымадым,

Жарық дүние, жүзіңді бір көрсетші

Сәулеңді байқап сонда басылармын…

 

ӨТЕЖАННЫҢ МЕДАЛІ 

Жарқамыста туған ұлы ақынға

Арналған шықты медаль жақында.

Түске кіріп сырласқанды Өтекең:

— Сыя ма бұл ақылға?

Сұрағанға тегімді — Жарқамыстық туыспын,

Қадырқұлдың бұлағынан су іштім.

Жаным мөлдір, сол кәусардай ұққанға,

Арты ашылды күңіренген қуыстың.

Еттім еңбек өлеңіммен ұлтыма,

Арнадым бар асылды жұртыма.

Білмегендер, көрмегендер көрсін деп,

Тақтым орден пальтоның да сыртына.

Патшадан да құрметті көргенмін,

Шын ақында болмайды екен өлген күн.

Енді өзім медаль болып шықтым ба?

Қолын алам елегеннің, бергеннің.

 

Кеңсай жақтан

Қарасаздық Мұқағали жолықты,

Қолымды алды, мойындады — соны ұқтым.

Өйткені мен нәзік бұлтты Жарқамыстан

шыққанмын,

Өлең-сөзде жалғасымын Тобықтың.

Құрметке лайықты бағым бар,

Сезеді оны қырдан аққан сағымдар.

Ақын етті Төбекөңде жиделер,

Олардың да омырауына тағыңдар.

 

Р.S.

Көзкөргендер естелікпен тіл қатып,

Дүбірлі өмір жатыр Сізді жырлатып.

Буырқанған мынау асау ғасырға,

Медаль болып оралу да — бір Бақыт.

 

БІР ШӨКІМ БҰЛТ

Төбесінде бұлты жүретін

Бармақ баба рухына арнаймын

Ақша бұлттар аңсарым сен де менің,

Тілегені сен болдың жердегі елдің.

Ала жаздай аптапта қинады көп

Тамшыңменен бір сәлем бермегенің.

 

Іздегендей анасын дала-бала,

Сағыныштан жүр көңіл жаралана.

Оралсаңшы бұлттарым кезе бермей

Біз жақтағы ауылға, қалаға да.

 

Ұғар ма деп сыр толғар жүрегімді

Үміттенгем үзбестен күдерімді,

Бір шөкім бұлт бұрылды сонда кенет

Түсінді ме Тәңірім тілегімді.

 

Жаңбыр иісі тынысты кетті керіп,

Мөлдір тамшы жатқанда бетті өбіп,

Шалшыққа да қарамай, балшыққа да

Жалаң аяқ жүгіргім кетті келіп.

 

Қуаттанды қырларым қалжыраған.

Түйілсе бұлт шудасы жалбыраған.

Ағыл-тегіл күй кешті Аспан мен Жер

Бір тазарып тағы да қалды қалам.

 

Ақ жауынға боз белдер елжіреді,

Орамалы орманның желбіреді.

Жасыл әлем, бал құрақ, қара тас та

Таңғалдырып тамшы да мөлдіреді.

 

Аспан нұры жүрекке қалшы қонып

Адамға да, жерге де нәрсің анық,

Көзден емес, көктем бір төгілетін

Кеткім келді мөп-мөлдір тамшы болып.

 

АТЫҢДА ДА ҒАЖАЙЫП ҰЛЫЛЫҚ БАР 

Батыр бабам аңыздағы,

Өтті өмірің арпалыста

Соқты қанша

Саясаттың сан ызғары,

Қалдың жалғыз қалтарыста.

Болып бірге дулығалы Дәуіттермен

Ұрандадың.

Далаң үшін ұрыс салдың.

Жақтырмады ауып келген

Қиып түсті қылыштарың

Жүрдің баба,

Тұмардайын жараланған жүрегімде

Болғын бізге кешірімді…

Сырты бүтін іші түтін Ұлы елімде

Атауға да ұялдық есіміңді.

Көрмедің сен,

Төңкерістік көсемді де,

Қайта құрғыш шешенді де,

Тың игерген жылдарды да,

Көлге айналған құмдарды да,

Көрмедің сен, социализм өткелін де

Теңіздердің кепкенін де,

Космодром алаңдарын

Бірақ сезем алаңдадың.

Талай таңдар халқыңа атты лаңды,

Қайсысына көнбеді көңіл-елік

Ұлы Борсық тек қана жатты мәңгі

Көтібарым, ерім деп тебіреніп.

Өрлігіңді

Есет пенен Дәрібай армандаған,

Рухыңа ризаның бірі мен бе

Заманын да қорған боп қалған бабам

Өлігі де, тіріге де.

Еңселеніп Көктөбең жатыр далаң

Тәубе деумен халқың да мұны құптар.

Ұрпағыңды жебей жүр, батыр бабам,

Атыңда да ғажайып ұлылық бар!

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button