Денсаулық

Шынықсаң, шымыр боларсың …

Дүниежүзілік денсаулық күніне орай акция ұйымдастырылды. Іс-шараны облыс әкімдігі, денсаулық сақтау, білім, облыстық мәдениет және тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт басқармалары ұйымдастырды.

Іс-шара барысында қала тұрғындарына жалпы тәжірибелі дәрігер, психолог, жастар денсаулығы орталығының мамандары тегін медициналық кеңестер берді. Қала тұрғындары арнайы электрокардиография аппаратына түсіп, флюорографиялық тексеруден өтуге мүмкіндік алды. Жастар флешмоб пен түрлі акциялар ұйымдастырды.

Акцияны өткізудегі мақсатымызқала тұрғындарын салауатты өмір салтын ұстануға шақыру. Қазіргі таңда дене қимылының аздығынан аурушаңдық көбейіп отыр. Осы орайда денсаулық сақтауға қатысты осындай акцияларды, семинар-тренингтерді өткізу жоспарымызда бар, — дейді салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығының дәрігері Гүлнар Сейдашева.

Жедел жылжымалы медицина кешенінің меңгерушісі Ермекбай Бейбіттің айтуынша, шалғай елді мекендер медициналық көмекке зәру.

—  №7 қалалық емханасының дәрігерлері ауылдық жерлерге арнайы барып, тұрғындарды тексерістен өткізіп тұрады. Әсіресе қан талдауын жасайтын аппаратқа сұраныс көп. Сондықтан ай сайын ауылдық жерлерге барып, жылжымалы медициналық көмек көрсетуге дайынбыз, — дейді ол.

Салауатты өмір салтын ұстанатындар арасында да 71 жастағы қала тұрғыны Айгүл Әбдуалиқызы да бар.

Мен спортпен шұғылданып, салауатты өмір салтын ұстанатындардың бірімін. Скандинавиялық жүріспен айналысқаныма біраз жылға жуықтады. Бұл спорт түрі адамның дене бітімін жақсартып, денені түзу, жинақы ұстауға септігін тигізеді. Және қан тамырлары мен жүрек-қан тамырларының жұмысын жақсартады. Қарапайым жүрістен бұл жүрістің айырмашылығы өте көп. Бұл жүрісте жылдамдық маңызды емес, жүріп келе жатып тынығып, жаттығулар жасауға болады. Осылайша адам өзін төзімділікке, шапшаңдыққа үйретеді. Сондықтан әрдайым артық салмақтан арылып, сергек жүру үшін осы спортпен айналысамын, — дейді ол.

 Ақмарал МҰҚАШЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button