Мәдениет

Сахна саңлақтары ақтөбеліктерді әнге бөледі

Ақтөбеге гастрольдік сапармен келген Р.Бағланова атындағы мемлекеттік «Қазақконцерт» концерттік ұйымының артистері «Өнер орталығы» ғимаратында шығармашылық кешін өткізді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың моноқалаларды дамыту тапсырмасына сәйкес жоғарыда аталған шығармашылық ұжым «Ел бірлігі — Жаңа Қазақстан» жобасы аясында бұған дейін Маңғыстау, Атырау, Батыс Қазақстан облыстарын аралаған. Ал біздің өңірде танымал өнер иелері 1-6 сәуір күндері аралығында Мұғалжар, Хромтау, Мәртөк, Қарғалы және Қобда аудандарындағы тыңдармандарымен жүздесті.
Гастрольдік сапармен келгендердің арасында Қазақстанның халық артисі Мақпал Жүнісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Салтанат Ахметова, Елмұра Жаңаберген, Медет Салық, Клара Төленбаева, республикалық байқаулардың лауреаттары Ернар Садырбаев (Әміре), Салтанат Меңдіғалиева, «Астана сазы» қазақ мемлекеттік фольклорлық ансамблі, т.б. бар.

— Бұл жоба былтыр басталған. Роза Рымбаева, Бағдат Сәмединова бастаған әріптестеріміздің әрқайсысын әр облысқа белгіледі. Маған осы Ақтөбеде дәм-тұз бұйырған екен. Онда да кеше тек Қобда ауданындағы концертке қатыстым. Сосын осы Ақтөбе қаласында өнер көрсеттім. Ұжымдық концерт болғандықтан, домбыраның сүйемелдеуімен халық және эстрадалық бағыттағы 5-6 әнді орындадым. Халықтың қабылдауы жақсы. Әсіресе Бәкір аға Тәжібаев әнге қосқан Қобда ауданы халқының қошеметі ерекше болды. Өнерге сусап қалған екен. Әжелеріміз қолымыздан сүйіп, гүлдерін табыстап, мәз боп жатыр. Бізге бұдан артық не керек? Өнер адамына бұл шабыт, жақсы көңіл күй сыйлайды.

Негізінде, кезінде осындай гастрольдік сапарлар жиі болатын. Бірақ түрлі себеппен бәрі тоқтап қалды. Енді сол қайта жалғасса, ауыл-аймақты араласақ, нұр үстіне нұр болар еді. Өйткені бізге, әншілерге, осындай сапарлар халықпен етене араласуға мүмкіндік береді, — дейді Мақпал Жүнісова.
Әннен шашу шашқандардың арасында жерлесіміз, бүгінде «Қазақконцерт» ұжымында еңбек ететін Салтанат Меңдіғалиева да бар.
— Өзім туып-өскен өңірге келгеніме өте қуаныштымын. Ерекше толқыдым. Өйткені өнердегі алғашқы қадамдарыма куә болған жерлестерімнің алдында өнер көрсеттім. Бұл да емтихан тәрізді ғой. Патриоттық және лирикалық екі әнімді ақтөбеліктердің құрметіне арнадым, — дейді талай республикалық байқауда оза шапқан Салтанат.
Халық әндері, қазақ композиторларының туындылары, әлемдік классика орындалған концерттік бағдарламаның соңында облыс әкімінің орынбасары Бұлбұл Елеусінова атқарушы билік атынан ұйымдастырушыларға алғысын білдіріп, сахна саңлақтарына сәттілік тіледі. Артынша сахнаға облыс әкімінің ықылас гүлі әкелінді.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button