Мәдениет

Маңғыстау театры — Ақтөбеде

Театр

Маңғыстау мәдениетінің қара шаңырағы атанған Нұрмұхан Жантөрин атындағы Маңғыстау облыстық музыкалық драма театры гастрольдік сапармен Ақтөбеге келді. Өнер ұжымы 6-9 сәуір аралығында ақтөбелік көрерменді Т.Ахтанов атындағы облыстық драма театрында күтеді.

Театр ұжымы Әлихан Бөкейхан бастаған Алаш зиялылары туралы Н.Сауданбекұлының реквием жанрындағы «Әлиханның аманаты», М.Әуезовтың 125 жылдығына орай жазушының үш әңгімесі желісімен қойылған «Қорғансыздың күні», У.Шекспирдің «Гамлет» трагедиясын, Б.Соқпақбаевтың «Менің атым Қожа» және кішкентай көрермендер үшін «Мың бір түн» ертегісінің желісімен жазылған «Аладдиннің сиқырлы шамы» қойылымын сахналайды.

—  Нұрмұхан Жантөрин атындағы Маңғыстау облыстық музыкалық драма театры биыл өзінің 20 жылдық белесін атап өтеді. Осыған орай театрымыз еліміздегі ірі қалаларды аралап, көрермен назарына тың дүниелерді ұсынады. Шығармашылық ұжым көптеген республикалық және халықаралық театр фестивальдері мен байқауларына қатысып, жүлделі орындар алып келеді.

2003 жылдың  21 наурызы  күні ашылған театр ең алғаш Ғабит Мүсіреповтің «Қыз Жібек» спектаклі мен Тәкен Әліпбаевтың «Томирис» драмасын сахналап, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді, — дейді театр директоры, режиссер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Гүлсина Мирғалиева.

Н.Жантөрин атындағы Маңғыстау облыстық музыкалық драма театры директорының орынбасары, Мәдениет саласының үздігі Тоқтамұрат Тілеудің айтуынша, театр ұжымы жыл сайын «Әбіш әлемі» фестивалін және «Каспий жағалауы елдерінің халықаралық театр фестивалін» ұйымдастырады екен.

Театрдың қоржынында ересектерге  арналған 90-ға тарта, балаларға арналған 20-дан астам спектакль бар. Әсіресе қойылымдардың ішінен  «Гамлет» спектаклін көрермен жоғары бағалайды. Арменияда өткен фестивальде осы қойылымды бірнеше рет сахналаған сәттеріміз де болды. Алдағы жоспарымыз — әлемдік сахналарда өнер көрсету, — дейді ол.

 Ақмарал МҰҚАШЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button