Білім

Дарынды балалар сынағы және мемлекеттік қолдау

Дарынды балаларға арналған мамандандырылған білім беру ұйымдарына оқушылардан құжат қабылдау 15 сәуір күні аяқталады. Биылғы басты ерекшелік — 8 санат бойынша халықтың әлеуметтік осал тобына жататын отбасылардың балаларына квота бөлініп отыр. Мектепке қабылданатын балалардың 15 пайызы осы санаттағы балалар болуға тиіс.
— Мысалы, бір мектепке 50 бала қабылданатын болса, соның 7-еуі осы санаттағы балаларға тиесілі. Бұл санаттағы балалар өз араларында ғана сынға түседі. Егер бұл топтағы оқушылар үшін 8 орын бөлінген болса, құжат тапсырушы бала саны да 8 болса, онда олардың барлығы да мектепке қабылданады.
Бұл ереже былтыр тамыз айында шықты. Ол кезде конкурс өткізіліп болған-ды. Дегенмен бұл санаттағы балалар үшін арнайы орын бөлініп, оқушылар қабылданды. Мысалы, «Білім-инновация» мектеп-лицейіне 5 бала құжат тапсырып, 5-еуі де квота бойынша қабылданды. Жалпы квота бойынша аталған білім шаңырағына 8 квота бөлінген болатын, 3 орын артық қалды. Өйткені ереже қабылдау емтиханынан кейін шығып, көпшілік хабардар бола алмай қалды. Ата-аналар мемлекет тарапынан беріліп жатқан осы мүмкіндікті тиімді пайдаланып, балаларының облыстың мықты мектептерінде білім алуына ықпал етсе дейміз, — дейді облыстық білім басқармасының бөлім басшысы Гүлжан Құлыбекова.
Айта кету керек, М.Құсайынов атындағы облыстық дарынды балаларға арналған мамандандырылған лицей-интернаты (5-сыныпқа 45 орын) мен облыстық мамандандырылған физика-математикалық лицей-интернатына (6-сыныпқа 45 орын) құжаттарды онлайн-тіркеу және қабылдау 1 ақпаннан бастап Оқу-ағарту министрлігі «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының https://www.qabyldau.daryn.kz/kz/ сайтында жүргізіліп жатыр. Ал «Білім-инновация» лицей-интернатына (7-сыныпқа 52 орын) қабылдау емтиханына тіркеу bilemtihan.kz сайты арқылы қабылдануда.
Тіркеу кезінде қажетті құжаттар: баланың ата-анасынан немесе өзге де заңды өкілдерінен өтініш (үлгі бойынша); ЖСН көрсетілген үміткердің туу туралы куәлігінің көшірмесі; үміткердің оқу орнынан ұйымның мөрімен расталған фотосуреті бар анықтамасы; баланың сандық фотосуреті; халықтың әлеуметтік осал топтарына жататынын растайтын құжаттардың көшірмелері.
Барлық құжаттар PDF немесе JPEG форматында қабылданады. Жеке, жүктелетін файлдың өлшемі 3 МБ-дан аспауға тиіс.
Квота берілетін халықтың әлеуметтік осал топтары:
1. мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алатын ауылдық жерден шыққан отбасының балалары;
2. ата-аналарының біреуі бірінші топтағы мүгедектігі бар отбасының балалары;
3. мүгедек баласы бар немесе оны тәрбиелеп отырған отбасылар;
4. жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар;
5. отбасыларда тұратын жетiм балалар, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар;
6. төтенше жағдайлар салдарынан шұғыл көмекке мұқтаж отбасылардан шыққан балалар;
7. экологиялық зілзалалар, табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдай салдарынан тұрғын үйінен айырылған отбасыларының;
8. мемлекеттік немесе қоғамдық міндеттерді, әскери қызметті атқарған кезінде, ғарыш кеңістігіне ұшуға дайындалу немесе жүзеге асыру кезінде қаза тапқан адамдардың отбасыларының балалары жатады
Конкурстық іріктеудің өткізу күні қосымша хабарланады.
Айта кету керек, М.Құсайынов атындағы облыстық дарынды балаларға арналған мамандандырылған лицей-интернатына 5-сыныпқа бөлінген орын — 45 оқушы. Қазір бұл білім шаңырағына 200 үміткер құжат тапсырған. «Білім-инновация» лицей-интернатына 672 оқушы тіркеліпті. Аталған білім ордасына әлеуметтік осал топ санаттары үшін 11 орын бөлініп отыр. Облыстық мамандандырылған физика-математикалық лицей-интернатына 100 оқушы құжат тапсырыпты.
Осы үш білім шаңырағының үшеуінде де ауылдық мектептердің ұлттық зияткерлік «Мың бала» олимпиадасының жеңімпаздары үшін де арнайы квота бөлінген.

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button