Білім

Құжат тапсырдыңыз ба?

1 сәуірден бастап өңірдегі 404 мектепте балаларды 1-сыныпқа қабылдау үшін ата-аналардан құжат қабылдау басталды.
— Құжаттарды ертерек қабылдау екі жаққа да — ата-ана үшін де, мектеп әкімшілігіне де қолайлы. Ата-аналар мектепті алдын ала анықтаса, мектеп басшылығы 1-сыныпта қанша сынып-комплект болатынын біледі. Бұл арқылы қанша дана оқулық керектігі, педагог құрамы нақытыланады. Яғни жаңа оқу жылына дер кезінде дайын болуға септігін тигізеді, — дейді облыстық білім басқармасының бөлім басшысы Гүлжан Құлыбекова. Оның айтуынша, құжат қабылдау тамыздың 1-іне дейін жалғасады.
— Құжаттарды қабылдау ата-аналардың электронды цифрлық қолтаңбасы (ЭЦҚ) арқылы www.egov.kz порталы негізінде жүзеге асырылады. Өтініш беру үшін сайтқа кіріп, өтінішті толтырып, қажетті құжаттардың сканерленген көшірмелерін тіркеу керек, — дейді бөлім басшысы.
Құжаттар тізімі: ата-аналардың өтініші (немесе оларды алмастыратын тұлғалар), баланың туу туралы куәлігінің көшірмесі, бала денсаулығы паспорты 026/у-3 нысаны бойынша денсаулық жағдайы туралы құжат, 065/у нысаны бойынша денсаулық жағдайы туралы құжат, 3х4 көлеміндегі 2 фото.
Өтініш бір жұмыс күні ішінде қарастырылады екен.
— Жалпы, 2023-2024 оқу жылына 18759 оқушы 1-сыныпқа қабылданады деп жоспарланып отыр. Оның басым бөлігі 13 964 бала қазақ тілінде білім алады, — дейді Гүлжан Құлыбекқызы.
Бүгінгі күнге дейінгі дерек бойынша 1801 ата-анадан өтініш түскен.

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button