Білім

Гимназияның бүгінгі тынысы

Тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш қазақ мектеп-гимназиясы 1991 жылы Ақтөбе қаласында ашылды. Бүгінде №32 мектеп-гимназиясы осы білім ордасының ашылуына ұйытқы болған алғашқы директоры Мәрия Құрманғалиеваның есімін иеленген. Тәуелсіздік құрдасы атанған білім ұясы елімізбен бірге дамып, жылдан-жылға өркендеп келеді.

М.Құрманғалиева атындағы жалпы білім беретін №32 мектеп-гимназиясы жас ұрпаққа сапалы білім беру қызметін жақсарту мақсатында еліміздің тиісті заңнамаларына сәйкес облыс әкімдігінің қаулысы негізінде өткен жылдың қараша айынан бастап гимназия атанды.

Білім ордасының бүгінгі тынысын осы гимназияның директоры Айжан Жамбылованың өзінен сұраған едік.

Орындалған арман

Облыс орталығында орналасқан №32 гимназияның тарихы 1989 жылдан басталады. Ұлағатты ұстаз марқұм Мәрия Ғизатқызының ұйытқы болуымен Ақтөбеде ашылған алғаш қазақ мектебі, арада екі жыл өткен соң, еліміздегі тұңғыш қазақ мектеп-гимназиясы атанды. Ел Тәуелсіздігімен құрдас білім ошағы Қазақстандағы тұңғыш ұлттық гимназия болуымен де ерекшеленеді.

— Мен бұл қарашаңыраққа 2016 жылы басшы боп келдім. Білім ұясының құрылуына біраз тер төгіп, «қазақ мектебін ашамын» деп, Мәскеуге дейін барған алғашқы директорымызМәрия Ғизатқызының есімі мектебімізге 2017 жылы берілді. Сол жылы мектебіміздің қасбетіне алғашқы директордың құрметіне ескерткіш тақта ілініп, келесі жылы мектептің бір бұрышына бюсті орнатылды. Мәрия Ғизатқызынан кейін мектеп-гимназияны Есет Анарбек, Зәуреш Алтынбаева, Марта Малайдарова басқарды. Мен бесінші директормын. Сол кезде жұмыс істеген ұстаздарымыздың көбі зейнетке шықты. Әлі де еңбек етіп жүрген аға буын өкілдері бар. Бірде ардагер ұстаздардың басын қосып, дөңгелек үстел басында әдемі кездесу өткіздік. Сол кезде Зәуреш Болысбекқызы бір кездері өзі басқарған қарашаңырақтың таза гимназистер даярлайтын білім ордасына айналғанын көру арманы екенін айтқан болатын. Кездесуде бұрынғы басшының арманы жақын күндері орындалатынын, сол бағытта жұмыстар жүргізіліп жатқанын айтқан едім. Сөйтіп, былтыр қараша айында облыс әкімінің қаулысымен Мәрия Құрманғалиева атындағы №32 гимназия атауын алдық. Енді гимназистік, профессорлық сағаттар қосылып, жоғары оқу орындарымен бұрынғыдан да гөрі тығыз қарым-қатынаста, әріптестік ынтымақтаста жұмыс істейтін болдық, — дейді №32 гимназияның директоры Айжан Жамбылова.

«Үздік ұйым» және «Данышпан үкі»

Директор одан әрігимназияның облыс орталығындағы мектеп-гимназиялар арасында білім сапасы көрсеткіштерімен алдыңғы лекте тұрғанын мақтанышпен айтты.

Басшының кабинетінен барлық пән бойынша жақсы нәтиже көрсеткен білім ордасына берілетін олимпиада символы — «Данышпан үкі» статуясын көрдік.

— «Данышпан үкіні» карантин кезінде екі жыл ала алмай қалдық, оған дейін үш жыл қатарынан алып келгенбіз.Негізі бұл статуя білім сапасы бойынша жоғары нәтиже көрсеткендер арасында қолдан-қолға өтіп отырады. Былтыр қаламыздағы 85 орта мектеп пен мектеп-гимназиялар арасында «Данышпан үкіні» тағы да біздің ұжым иеленді. Әзірге қалалық білім бөлімінің «білім құсы» біздің шаңырақта тұр, — дейді Айжан Сматқызы.

Ал облыстық тамыз мәслихатында 2021-2022 оқу жылының қорытындысы бойынша М.Құрманғалиева атындағы №32 гимназия «Орта білім беретін үздік ұйым» атанып, 9 миллион теңгенің сертификатына ие болды. Сондай-ақ білім ұясы екі жыл қатарынан, яғни 2019 және 2020 жылдары жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиаданың облыстық кезеңіне қатысып, «Үздік инновациялық мектеп» атанып, ІІ дәрежелі дипломмен марапатталды.

Мұның бәрі тегіннен-тегін берілмейтіні анық, гимназистердің көпшілігі түрлі деңгейдегі байқау, жарыс, олимпиадаларда топ жарып жүр.

Биыл 93 оқушы мектеп бітіреді

М.Құрманғалиева атындағы №32 гимназияда барлығы 1434 оқушы оқып жүр. Олардың жүзге жуығы — оқу озаттары. Биыл гимназияны 93 оқушы бітіргелі тұр. Оның алтауы — «Алтын белгіге», тағы алтауы — үздік аттестатқа үміткер.

— Биылғы 11-сынып оқушылары — шетінен алғыр, өнерлі, дарынды, талантты балалар. Олар облыстық, республикалық пәндік олимпиадаларда, ғылыми жобалар қорғау жарыстарында да, спорттық-мәдени сайыстардада биіктен көрініп, жеңімпаз, жүлдегер атанып жүр. Былтыр гимназия оқушылары пікірсайыс турнирі бойынша қалалық, облыстық, республикалық жалпыкомандалық сайыста І орыннан көрінді. Мәселен, былтыр 11-сыныпта оқып жүргенде Ақылжан Итеғұлов пен Әлішер Құлдыбаев республикалық пікірсайыста көзге түсіп, «Тұран», Сәтпаев университеттерінің білім грантын жеңіп алып, қазір сол оқу орындарында білім алып жүр. Олардың жолын жалғастырған 11-сыныпта оқитынӘлішер Қуаныш пен Арыстан Садыбековбиылғы пікірсайыста топ жарып, «Тұран», Сәтпаев университеттерінің білім грантына иеленіп қайтты. Биыл 9-сынып оқушысы Жұлдыз Сәрсенбаева «Ақтөбе-Дарын» орталығының қолдауымен елордаға барып, Оқу-ағарту министрлігінің кубогына арналған республикалықпікірсайыс турнирінде І орынға ие болды. Астана қаласында Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевтың қолынанмақтау қағазын алып келді. Сонымен қатар гимназия оқушылары Айшат Сағынаева мен Ақниет Құрманова Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің Алғыс айту күніне арналған «Ризашылық — мейірімділік бұлағы» жалпыұлттық мәдени-білім беру жобасы аясында өткізілген ұлттық пікірсайыс турниріне қатысып, жүлделі оралды, — дейді гимназия басшысы.Оның айтуынша,гимназия оқушыларын пікірсайысқатарих пәнінің мұғалімі, «Ұшқыр ой» пікірсайыс клубының жетекшісі Темірлан Снасапин даярлап жүр.

Сондай-ақ Айжан Сматқызы «Елбасы медалі» жобасының қола деңгейіне былтыр — 8 оқушы, биыл 5 оқушы қатысқанын айтты.

Гимназия оқушылары былтырғы оқу жылынан бері «Қуат алған ғасырдан, өлке даңқын асырған» айдарымен жергілікті ақын-жазушылармен, ұлағатты ұстаздармен, қоғам қайраткерлерімен кездесіп тұрады. Мәселен, гимназистер профессор, физика-математика ғылымдарының докторы Жайшылық Сартабановпен, өлкетанушы Бекарыстан Мырзабай, күйші Жайлау Асылханов, тарихшы Рахым Бекназаров, айтыскер Марат Сәрсенбайұлымен кездесу өткізіпті.

Ұстаз марапаты — ұжым мерейі

Қазір Ақтөбе қаласындағы №32 гимназияда барлығы 113 педагог еңбек етіп жүр.Оның ішінде педагог-зерттеуші, педагог-сарапшы, педагог-модератордың жалпы саны — 86.

— Ұстаз марапаты — ұжым мерейі. Биыл тамыз конференциясы аясында Ақтөбе қаласында екі мұғалім «Ыбырай Алтынсарин» төсбелгісіне ие болды.

Соның бірі — гимназиямыздың қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі, Білім беру ісінің құрметті қызметкері Күләй Бекетова. Ұлағатты ұстазелордада өткен республикалық тамыз конференциясына қатысып, «Ыбырай Алтынсарин» төсбелгісінсол кездегі Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетовтің қолынан алып келді. Бұл марапат — ұстаз үшін ғана емес, бүкіл ұжым үшін үлкен қуаныш, зор мәртебе.Ұстаздық қызметте 30 жылдан астам еңбек етіп жүрген әріптесіміз Күләй Қарабасқызы былтыр «Ерен еңбегі үшін» медаліне ие болды, — дейді гимназия директоры Айжан Жамбылова.

Сондай-ақ облыстық тамыз мәслихатында бастауыш сынып мұғалімі Айна Жылқыбаева облыс әкімінің қолынан «Ақтөбе облысының құрметті ұстазы» төсбелгісін тағып, 700 мың теңге көлеміндегі грантты жеңіп алды. Ал әлемді тамсандырған әнші Димаш Құдайбергеннің ұстазы — бастауыш сынып мұғалімі Клара Қажығалиева «Қала құрметі» төсбелгісімен марапатталды.

Расында,бөліп-жаратын ештеңе жоқ, гимназия мұғалімдерінің дені пәндік олимпиада мен ғылыми жобаларға оқушыларды даярлап, үнемі шығармашылық ізденісте жүреді.

Димашқа қарап бой түзейді

№32 гимназия отыз жылдан астам уақыт ішінде қаншама түлекті ұшырды. Соның бірі — әлемді тамсандырған әнші Димаш. Ол да осы білім ордасында оқып, тәлім-тәрбие алды. «Димаштың мектебі» деп мұнда шетелден де біраз жанкүйер келгенін біледі жұрт.

Қоғамдық-гуманитарлық бағытты ұстанған білім шаңырағының ұстаздары әр оқушының білімі мен білігін шыңдап, олардың еркін сөйлеп, ойын ашық жеткізуіне ықпал етуге тырысады. Гимназия оқушылары үлкеннің алдында тосылып, кібіртіктемейді. Бүгінде гимназияның әр оқушысы Димашқа қарап бой түзейді. Алдарына биік мақсаттар қойып, соған жету үшін ізденіп, оқып, ілгерілеп дамуға тырысады.

Мектептің дәлізі мен қабырғасы көрнекіліктерге толы. Әсіресе бірінші қабатында Абайдың өлең жолдары жазылып, портреті бейнеленген бұрыш бар. Мария Ғизатқызының бюсті тұрған жер де ұлттық оюларымызбен үйлестіре көмкерілген. Сондай-ақ Димаштың портреті мен жанкүйерлерінің суреті топтастырылған бұрыш ұйымдастырылыпты. Мектептегі қандай да бір жылтыраған әдемі дүниенің бәрінде көркем еңбек пәнінің мұғалімі Берік Жарықовтың қолтаңбасы бар. «Дәлізде тұрған, қабырғаға салынған көрнекіліктердің бәрі де осы Берік Жарықовтың қолынан шықты», — деді гимназия басшысы.

Үш қабаттан тұратын білім ұясында жалпы 36 оқу кабинеті бар. Мұнда «оқимын, ізденемін» дейтін оқушыға барлық жағдай жасалған: физика, химия, биология, информатика, робототехника, IT кабинеттері толық жабдықталған. Сондай-ақ ұлдар мен қыздардың бөлініп жұмыс істеуі үшін технология кабинеттері, алғашқы әскери даярлықпәні кабинеті, 2 спорт залы, кітапханасы мен мұражайы, 200 орындық мәжіліс залы бар.

Айнұр ЖАЛМАҒАНБЕТОВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button