Жас артистер сайысы

Фестиваль
Ақтөбеде V облыстық «ЕркеТеатрAqtobe» атты дәстүрлі балалар театр фестивалі өтті.
«Алақай» қуыршақ театрында өткен фестивальге Ақтөбе қаласы мен Хромтау, Алға аудандарынан 350-ге жуық 4-10 жас аралығындағы мектеп оқушылары мен мектепке дейінгі тәрбиеленушілер қатысты.
— Іс-шара мақсаты — жас жеткіншектеріміздің театрға қызығушылығын оятып, олардың өнерге деген қабілетін арттыру, театр мен білім беру мекемелері арасындағы шығармашылық ынтымақтастықты нығайту, — деді театр директоры Әсия Құрманалина.
Үш күнге созылған фестивальге Мәдениет қайраткері Гүлнара Баймағанбетова мен мәдениет саласының үздіктері Нұрат Мұратов пен Ләззат Сүлеймен қазылық етті.
Қазылар алқасы 4-6, 7-8 және 9-10 жас санаттары арасында «Ең үздік актер», «Ең үздік актриса», «Ең үздік көркемдік жетекші», т.б. номинациялар бойынша үздіктерді анықтап, қатысушыларға дипломдар мен естелік сыйлықтар табыстады.
Қатысушыларды марапаттау үшін сахнаға шыққан облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының өнер және тарихи-мәдени мұраны дамыту бөлімінің басшысы Манаргүл Өтекешова:
— Бұл фестивальдің балаларға тигізер пайдасы көп, сахнаға шығуды, мәнерлеп сөйлеуді, өз ісіне жауапкершілікпен қарауды үйренеді. Әрине, кішкентай бүлдіршіндермен жұмыс жасау өте қиын. Сол қиындыққа қарамай балаларды үйретіп, сахнаға алып шыққан жетекші ұстаздардың еңбегі өте зор, — деді.
Талғат ТІЛЕУЛЕСОВ.



