Ауыл

Табиғи өнім — денсаулық кепілі

Алға

Алғада «Ауыл аманаты» бағдарламасының аясында барлығы 160-тан астам жоба іске асырылады деп жоспарланған. Оның ішінде жуырда облыс орталығында өткен көрмеге қатысқан кәсіпкерлердің бірі Евгения Макаревичтің де өз ісін кеңейтсем деген ойы бар.

Евгения 6 жылдан бері өз отбасымен бірге құс шаруашылығымен айналысып отыр. Оның айтуынша, о баста бұл істі қолға алғандағы мақсаты —  отбасын және айналасын табиғи өніммен, түрлі химиялық қоспасыз тағаммен қамтамасыз ету болған.

— Бастапқыда тек ниетіміз және өзіміздің қора-жайымыз ғана болды. Дегенмен жұмыс істеп, айлық алып жүргендіктен, несие алуға мүмкіндігіміз бар еді, сондықтан тәуекелге бел будық. Кейін ісімізді кеңейту үшін, ауыл шаруашылығын қолдау қорынан несие алдық, — дейді ол.

Мемлекет қолдауы арқылы ол кәсібін кеңейтіп, бүгінде инкубаторлық, ет қақтау, құс сою цехтарын ашып алған. Оның шаруашылығында жылына 36 мың жұмыртқа мен 12 тонна құс еті өндіріледі.

Ендігі жоспары — жемшөп цехын ашу және инкубациялық жұмыртқа шығару үшін ата-аналық табын алу. Айтуынша, бұл өнімдер қазір, негізінен, шетелден әкелінеді екен.

«Ауыл аманаты» жобасын ол кәсіпкерлер үшін өте тиімді санайды. Евгения Макаревич — бұл жобаның қатысушысы ғана емес, сонымен қатар тәлімгерлерінің де бірі. Ол құс шаруашылығын дамыту бойынша дәрістер оқиды.  Евгения құс шаруашылығын, жалпы ауыл шаруашылығын дамытуға көңіл бөлудің маңызы зор, өйткені бұл ұлт денсаулығы үшін қажет іс деп санайды.

— Біздің балаларымыз бен немерелеріміз шетелден әкелінген сапасы күмәнді өнімдерге құмар. Біз соны табиғи өнімдермен алмастыру үшін қолдан келгеннің бәрін жасауға тиіспіз. Болашақта тауық етінен түрлі дәмді өнімдер даярлап ұсынғымыз келеді, — дейді ол.

Айна САРЫБАЙ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button