Ұстаз, ана, басшы

Тәуелсіздік алу — бақыт. Ал тәуелсіздігін енді ғана алған елдің еңсесін тіктеу тіпті де оңай емес, ол ондаған жылдар бойы тұтас бір ұрпақтардан жанқияр еңбекті, қандай қиындыққа да төтеп бере алатын қайсарлықты, ең бір күрделі сәтте қиыстырып жол таба білетін даналықты талап етеді.
Әсіресе бүгінгі аға буынның ел іргесін бекітіп, мемлекетімізді жан-жаққа көп жағдайда жақсы қырынан танытқан, өтпелі кезеңдегі көп қиындықты мойымай жеңе білген еңбегіне, асқан зор үлесіне кейінгі ұрпақтар, тарих өзінің лайықты бағасын береді деп сенеміз. Любовь Исмағамбетова да сол буынның өкілі.
Оның білікті ұстаз, аяулы ана, қадірлі басшы ретіндегі жүріп өткен жолы неден, қалай басталған еді?..
Ана тілегімен басталған жол
Любовь Қабылқожақызы өз өміріндегі барлық сәттіліктер мен өз бойындағы барлық жақсы қасиеттер үшін, ең алдымен, анасына қарыздармын деп ойлайды. Әкесі оның үш жасында бақилық болыпты. Анасы Мәрия 7 баламен жастай жесір қалса да, сол балалардың басты тірегі өзі екенін түсініп, тағдырдың ащы-тұщысына мойымай, қандай қиындықты да жеңіп шығып, ұл-қыздарына үлгі болды.
— Анамқырманда дән тазалап, колхозда қарапайым жұмысшы бола жүріп, бізді өсірді, — деді кейіпкеріміз мақтанышқа толы үнмен. —Өте мықты адам болатын, 95 жасқа келіп өмірден өтті.
О баста оның ұстаздық жолға түсуі де ана тілегін аттай алмағандықтан еді. Мектепті бітірер тұста өзі ойлана келіп, дүкеншілікті дұрыс көріпті. Бірақ анасы бұл ойымен келіспеді. Бұрынғының адамдары зиялылықты, білімдіайрықша қастерлеген ғой. Әсіресе мұғалімнің еңбегі, беделі қоғамда жоғары бағаланды. Сондықтан жақсы оқитын әрі жауапкершілігі, тәртібі жағынан да мақтаулы, сүйікті қызын мұғалімдердің қатарынан көргісі келген ана тілегі заңды еді. Любовь анасының сөзін жерге тастамай, Ақтөбедегі педагогикалық училищеге оқуға түсіп, бастауыш сыныптың мұғалімі атанып шықты.
— Орыс тілінде білім беретін мектептің бастауыш сыныбына мамандандым. 1959 жылға дейін отбасымыз көршілес Орынбор облысының Тұзтөбе өңірінде тұрған.Мен сол жерде дүниеге келгенмін. Кейін туыстарымыз: «Балалар орыстанып кетеді» — деген уәжбен, бізді Қобданың Бегалы деген жеріне көшіріп әкелді. Бірақ мектепті Калиновка селосында бітірдім. Ал училищеден кейін өз мектебіме мұғалім болып оралдым. Ол кезде Қобда өңірінде әртүрлі ұлт өкілдері көп, сондықтан мектептер де, негізінен, орыстілді болатын. Үйімізде ғана қазақша сөйледік, — дейді ол.
Артынша Ғизат есімді жігітке тұрмысқа шығып, көрші жатқан Антоновка ауылының Красноармейская мектебіне ауысты. Осы жылдары Ақтөбе педагогикалық институтына сырттай оқуға түсіп, жоғары білім де алды. «Білім беру ісінің үздігі» төсбелгісіне де ие болды.
Ғұмырының ұмытылмас шағын еске ала отырып, Любовь Қабылқожақызы:
— Ата-енем өте мейірімдіеді, мені өздерінің бір перзентіндей көріп, аялады. Отбасымды, үйімді уайымдамай, білім алуыма жағдай жасады. Жалпы, мені өмірге шыңдаған, баулыған ең басты ұстаздарым — анам мен енем. Қандай қиындықты да тек еңбекпен жеңуді, адамдармен тіл табыса білуді ең алдымен сол кісілерден үйрендім, — деді.
Жылу қымбат жылдар еді
Біраз жылдан кейін Калиновкадағы өз мектебіне қайта оралды. Бұл, негізінен, украиндар қоныстанған, орысы, немісі, аздаған қазағы да бар, көпұлтты ауыл еді.Озат әрі бай колхоздың орталығы.Шаруашылықтың үлкен алма бағы бар, ал егіннің молдығы сондай, оны колхозшылар өз күшімен жиып-тере алмай, солдаттар көмекке келетін.Шет-шегі жоқ егіннің арасында іркес-тіркес «жүзіп» жүрген комбайндар тоқшылық өмірдің белгісіндей көрінетін…
Колхоздың мектебі де үлкен: 400-дей бала оқитын. Шаруашылық басшылары колхозшылардың балалары оқып жатқан мектепті назардан тыс қалдырмай, тікелей қамқорлыққа алған.
Колхоздың төрағасы, оның орынбасары, мектептің директоры, т.с.с. басшылардың дені өзге ұлттың өкілдерінен болатын. Дегенмен орыс тілін жетік меңгерген, өз ісін жақсы білетін маманға әрі өзіне бұрыннан таныс жандардың ортасында еш қиындық туа қоймады. Керісінше, өз саласындағы жаңалықтарға үнемі құлақ түріп, оларды тез арада күнделікті оқу үрдісіне пайдаланып, ізденіспен, шығармашылықпен жұмыс жасайтын ұстазды аудандық білім бөлімінің меңгерушісі А.Статешная, мектеп директоры Н.Редер қолдап, аз жылдан соң мектеп директорының орынбасарлығына тағайындалды.
Горбачевтің көп ұранмен басталған «қайта құруы» көп ұзамай түрлі жағымсыз өзгерістерге ұласты. Экономика, ауыл шаруашылығы салаларының құлдырауықарапайым бұқараға қиын тиді. 1991 жылы еліміз тәуелсіздік алды. Жаңа ел, жаңа мемлекеттің іргесін бекіту де — үлкен жүк, асқан зор жауапкершілік еді.
Өтпелі кезеңнің ауыртпалықтары кімге де, қайда да оңайға соқпағанмен, әсіресе өзге ұлты көп жерлерде қаттырақ сезілді. Жылы-жұмсақ орынға жайғасқан бұрынғы басшылар ғана емес, қарапайым еңбеккерлер деағылакөшіп кетіп жатты. Калиновка орта мектебінің ұжымы тарихи отанына кеткен бұрынғы директордың орнына жаңа басшыны өз орталарынан сайлап алды. Ол, әрине, біздің кейіпкеріміз Любовь Исмағамбетова еді.
— Ол кездегі ең басты уайымымыз — жылу. Сабаққа іздене жүріп даярланармыз, айлап кешіккен еңбекақыны да алармыз… Қолымыздағы барды бір-бірімізбен бөлісерміз. Ал жылу тоқтаса, мектеп қаңырап қалар еді. Ең алдымен, осыған жол бермеу керек. Электр қуаты үзіп-үзіп беріледі.Ұжымда 15 ер-азамат болды. 20 шақты жылытқыш құрал бар. Қыста сол құралдар қолдан түспейтін. Жылу батареялары қатып қалмасын деп зыр жүгіріп жүргеніміз… Сол қиындықтардың бәрін ұжымдастарымның жанкештілігінің арқасында жеңдік, — дейді ол.
Қиын сәтте ұжымның бірлігі мен ортақ іске деген жанашырлығына қоса, адамдармен тіл табыса алатын, ұйымдастырудың орайын білетін басшы да ауадай қажет. Мектептің кең спорт залындағы жылу батареясында су қатып қалып, әбігерге салған күндер болды, екі-ақ тәулікке қана жететін отын қорымен қалған күндер де болды, ескі қазандық «сыр беріп», Ақтөбенің бүкіл зауытын аралап, оны жөндейтін мамандар іздеген кездер де есінде. Қайткенде де өзі басшылық еткен мектепте жылу жоқтығына байланысты сабақтың апталап, айлап тоқтап қалуына жол берген жоқ. Бастауыш мектеп оқушыларына бір мезгіл ыстық тамақ берілді. Бұрынғыдай тікелей қамқорлық жасамағанымен,қажет жерінде колхоз басшыларынан да көмек сұрап ала білді.
1999 жыл келді. Бір күні аудан әкімдігіне шақырту алды. «Сізге аудандық білім бөлімін басқаруды ұсынамыз» — деген сөзді естігенде, қатты қобалжыды. Дегенмен келісімін берді.
— Енді бір мектеп емес, аудандағы 40 мектептің ауыртпалығы мойныма түсті. Кей жерде жылу жоқтығына байланысты балалар үйден оқып жүр. Тіпті аудандық білім бөлімінің ғимараты да сұп-суық, жылу келмейді екен. Ғимарат ескі, ішінде көне пеші тұр, сол пешті жаққызып едім, сұп-суық бөлмелер жылынып шыға келді.Көп мектептің қазандықтарын қатты отынға көшіріп, алайда қаржы тапшылығына байланысты Мамыт кен орнының көмірін пайдаландық. Жұрт жаппай көшіп жатқандықтан, маман мәселесі де күн тәртібінен түспеді. Осы қызметте бір жыл жұмыс істегенде, үйде болған күндерім сирек, — дейді Любовь Қабылқожақызы.
Есесіне ол қызметіне енді кіріскен кезде, мектептердегі жағдай бойынша облыста 12-орында қалған аудан аз ғана айдан кейін 5-орынға көтерілді.
Өтпелі шақ ғимараттардағы жылу мәселесімен ғана емес, айналасына жан жылуын төге білетін жандардың ерлігімен де есте қалды. Сабаққа киіп келетін киімі жоқ балалардың саны күрт өсті.
— Ол кезде кәсіпкерлер әлі аяғынан тік тұра қоймаған. Сондықтан мұқтаж жандардың ауыртпалығы бюджет саласында еңбек ететін қызметкерлердің иығына түсті. Шәкірті немесе бір көшеде тұратын көршісінің баласы сабаққа бара алмай отырғанын көрген мұғалімдер шыдай алмай, аз жалақысынан жинап немесе үйінен өз баласының сыймай қалған киімін әкеліп, көмек қолын созатын, — деп еске алды кейіпкеріміз.
Аудан басқарған әйел
Любовь Исмағамбетованың мемлекеттік қызмет саласындағы жұмысы аудандық білім бөлімінің басшылығынан басталып, кейіннен Қобда ауданы әкімінің орынбасары, облыстық мәдениет басқармасы бастығының орынбасары, «Жаңа үй Ақтөбе» ЖШС-ның директоры, облыстық ішкі саясат департаментінің директоры қызметтерін атқарды.
Ал 2008 жылы сол кездегі облыс әкімі Елеусін Сағындықовтың ұсынуы бойынша Қобда ауданының әкімі қызметіне тағайындалды. Бұл да жұртқа оңайға түспеген, бүкіл әлем бойынша қаржы дағдарысы белең алған қиын шақ еді.
— Әрине, бар қиындықты «көппен көрген ұлы той» ретінде қабылдадық. Алайда біздің өңірдің ерекшелігі — ауыл шаруашылығына ғана сүйенетініміз еді. Әсіресе қуаңшылық жылдары қиналғанымыз, әр таңда «бұлт көріне ме» деп алдымен аспанға қарайтынымыз есімде. Үлкен үмітпен еккен егіннің шықпай қалғаны өз алдына, малға жемді Қостанайдан алдырып, қара күздің ортасына дейін тынбастан шөп орған кезіміз болды, — дейді Любовь Қабылқожақызы.
Сол жылдары еліміз бойынша аудан басқарған әйел басшы да біреу-ақ болған еді. Түрлі қиындықтарға қарамастан, әйел басшы басқарған өңірдің әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері облыс қана емес, тіпті республикада да алдыңғы қатарда болды. 2009 жылы аудан 80 жылдық мерейтойын атап өтті. Осы мерейтойға орай Талдысай ауылында 320 орындық мектептің құрылысы, аудан орталығында спорт кешенінің құрылысы қолға алынды. Егіндібұлақ ауылында —балабақша, ал Қосөткелде медициналық пункт пайдалануға берілді. Аудан орталығында жас мамандарға арналып алты жеке үй және 18 пәтерлік көпқабатты үй салынды. Сол кез үшін мұның әрқайсысы үлкен жаңалық еді.
Ауданды 2011 жылға дейін басқарған ол кейін де Қобда өңірінде қызмет жолын жалғастырды, 2011-2015 жылдар аралығында аудандық мәслихаттың хатшысы болды. Ал 2015 жылдан бастап, 2021 жылға дейін аудандық қоғамдық кеңесті басқарды.
Жауапты қызметтерде жүрген кезінде әсіресе өзінің жолдасынан үлкен қолдау тапты. Жолдасы Ғизат — қарапайым еңбеккер, үлкен жүректі жан. Отбасында олар үш бала тәрбиелеп, бүгінде 5 немере сүйіп отыр. Тұңғышы Дариға да — мемлекеттік қызметте, екінші қызы Әлия — мұғалім, ал ұлы Ерлан жеке кәсіппен айналысады.
Мерейлі 70 жасқа жеткен Любовь Қабылқожақызы өткенге көз тастап, оны еліміздің бүгінгі тыныс-тірлігімен салыстыра отырып, көп қиындықты жеңу жолындағы қажырлы еңбегінің, маңдай терінің текке кетпегеніне қуанады.
— Жетістікке жетудің, нәтижелі, мағыналы ғұмыр сүрудің басты кілті — әрдайым көптің ортасында болуға ұмтылып, адамдарға деген жақсы ниеттен айнымай, олармен тіл табыса білуде, — дейді ол.
И.ЖАЙМАҒАМБЕТОВА.



