Денсаулық

Қызылша құтырып кетпесін!

Биыл 16 ақпан мен 28 наурыз аралығында Ақтөбе қаласы тұрғындарының арасында қызылша ауруының 4 жағдайы тіркелген. Екеуі шетелде жүргенде, ал ағалы-інілі екі бала науқас адаммен араласқаннан жұқтырыпты.

Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте айтылды. Облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Мұхтар Сербаевтың айтуынша, барлығықызылшаға қарсы екпе алмаған 14 жасқа дейінгі балалар арасында тіркеліп отыр.

Бірінші жағдай осы жылдың 16 ақпанында тіркелді. Мұнда Түркия мемлекетінен келген бала сол жақта жеке балабақшада қызылша инфекциясымен ауырған баламен бірге ойнаған. 21 наурызда тіркелген екінші науқас 19 наурызда Египеттен келген. 28 наурызда науқаспен қарым-қатынаста болған 2 балаға «Қызылшаның ықтимал жағдайы» диагнозы қойылды. Анасы балаларын ауруханаға жатқызудан бас тартуына байланысты, қазіргі таңда науқастар амбулаторлық ем алып жатыр,  — дейді Мұхтар Сербаев. Сондай-ақ ол эпидемияға қарсы іс-шаралар жүргізу барысында қарым-қатынаста болған 187 адам анықталғанын, оның ішінде 14 жасқа дейінгі 16 бала қызылшаға қарсы екпе алмағанын, яғни ата-аналары профилактикалық екпелерден бас тартқанын айтты. Ал отыз жасқа дейінгі ересектер арасында 15 адамның егу мәртебесі белгісіз, 4 адам эпидемиологиялық көрсеткіші бойынша екпе алды, 2 адам медициналық қарсы көрсеткіш бойынша және 9 адам екпеден бас тарту салдарынан алмаған.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Бақытжан Түлкібаеваның айтуынша, қызылшадан қорғанатын жалғыз әрі тиімді әдіс — вакцинация. Ол үшін ата-аналар баласының 1 және 6 жасында берілетін профилактикалық екпені алуға қарсылық танытпағаны жөн.

Ақтөбе облысының бас инфекционист дәрігері Мейрамбек Құрманғазинөте тез тарайтын қызылша ауруы елімізде соңғы рет 2015, 2019 жылдары кездескенін айтты.

— Ауру жұқтырған науқаста негізінен жоғары тыныс алу жолдары, көз кілегей қабығының қабынуы, жоғары деңгейдегі улану белгілері болады. Қызылша инфекциялық аурулардың тобына жатады. Бұл аурудың  арнайы ем шарасы жоқ. Вакцинация арқылы ғана күресе аламыз, — дейді облыстың бас инфекционист дәрігері.

Айтпақшы, 2023 жылға арналған Ақтөбе облысында қызылшаның алдын алу бойынша эпидемияға қарсы және санитарлық-гигиеналық іс-шаралардың жедел жоспары әзірленді.Осы орайда қызылшаға, қызамыққа және паротитке қарсы профилактикалық егулерді өткізіп алған 14 жасқа дейінгі балалар, 30 жасқа дейінгі қызылшаға қарсы егілмеген, егілуі туралы деректері жоқ ересектер және бұрын қызылшаға қарсы екпе алмаған 55 жасқа дейінгі медицина қызметкерлеріне қызылшаға қарсы иммундау шаралары жүргізіліп жатыр.

Мамандар дене қызуы көтеріліп, жөтел, денеде бөртпе пайда болған кезде дереу үйіңізге дәрігер шақыруға кеңес береді.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button