Мереке

Ақтөбенің наурызы

Ұлыстың ұлы күнін Ақтөбедегі Есет батыр тұрғын алабының тұрғындары да ерекше атап өтті. Олар «Наурыз тойы — мереке, салт-дәстүрім — береке» атты концерттік бағдарлама ұсынып, мерекелік дастарқаннан дәм татты.
Іс-шараға Ақтөбе қаласы әкімі Мұрат Жөребеков қатысып, жұртшылықты мерекемен құттықтады.

Қадірлі жерлестер, қымбатты Есет батыр алабының тұрғындары!
Ұлыстың ұлы күні — Наурыз мейрамы құтты болсын!
Наурыз жаңа жылдың бастауын, жаңа күннің келгенін білдіретін түркі жұртына ортақ мереке.
Ұлыстың ұлы күнін бәріміз бірге атап өту
бірлігіміздің, елдігіміздің көрінісі.
Жылдан
жылға қаламыз көркейіп, аумағы өсіп келеді. Есет батыр алабы бүгінде қалың ел қоныстанған үлкен ауданға айналды.
Облыс әкімінің тапсырмасымен осы Есет батыр ау
данын абаттандыру, дамыту жобасын жүзеге асыратын боламыз. Биыл бірнеше тұрғын үй пайдалануға беріледі.

Мектеп, балабақша және басқа да әлеуметтік нысандар салынатын болады.
Қадірлі ағайын! Жыл басы —
Наурыз құтты болсын! Ел іргесі берік, бірлігіміз бекем болсын! әр шаңыраққа бақыт, зор табыстар тілеймін, — деді қала әкімі Мұрат Жөребеков.
Бұдан соң қала әкімі су тасқыны кезінде уақытпен санаспай еңбек еткендерді, қарапайым еңбек адамдарын марапаттады.
Алматы ауданы әкімінің орынбасары Ғалым Қобыландиннің айтуынша, Есет батыр тұрғын алабы, Қызылжар, Қарғалы аудандарының тұрғындары үшін он екі киіз үй тігіліп, қазан-қазан наурызкөже дайындалды.

Оған кәсіпкерлер, мектеп ұжымдары, Алматы ауданының әкімдігі атсалысты. Сонымен бірге қазақша күрес, қой көтеру сияқты спорт түрлерінен жарыс болды. Қазақ күресінен аға жаттықтырушы Мейрамбек Әбішевтің айтуынша, ұлттық спорт түрлерінен сайысқа қатысуға ниет білдіргендер көп болыпты. Қол күресі, қазақ күресі, ләңгі және басқа да спорттан сынға түскендер бағы мен бабын көрсетті. Солардың арасында «Ақтөбе Медиа» ЖШС қызметкері Ерген Алдонғаров та бар. Ол ләңгі тебу сайысынан 1-орынды иеленіп, Алғыс хатпен марапатталды.
Жастар алтыбақан теуіп, көпшілік концерттік бағдарламаны тамашалады.

Қолөнер бұйымдарының көрмесі жасақталып, әр киіз үйде ұлттық дастарқан жайылды.
Қала тұрғындары ұлттық тағамдарымыздан дәм татып, жылы лебіздерін білдірді.
Наурыз мерекесіне орай 60 литр көже асып, 50 келі бауырсақ пісірдік. Жылдағы дәстүр бойынша сүрленген ет, қазы-қарта, айран, мейіз және басқа да тағамдарды қосып, ұлттық тағамдарымызды дәмді етіп әзірлеуге тырыстық. Халықтың көтеріңкі көңіл күйін көрудің өзі бір бақыт. Еліміздің аспаны ашық болып, Қазақстанымыз гүлдене берсін дегім келеді, — дейді «Жұлдыз» балабақшасының аспазы Жанар Орынбаева.
Наурыз-думанды тойлауға келгендердің қарасы көп болды.
Жыл сайын Наурызды немерелеріммен бірге қарсы аламын. Олар бала кезінен ұлттық құндылықтарды бойына сіңіріп, халқына сыйлы азамат болып өссе екен деймін. Еліміздің еңсесі биік болып, мәртебесі арта берсін. Наурыз құтты болсын! — дейді қала тұрғыны Мәрзия Жәнібекова.
Наурыз мейрамы қаламыздағы бірнеше жерде тойланды. Абай даңғылының бойында орналасқан Абай ескерткішінің маңында мерекелік іс-шара ұйымдастырылды.

Осы шараға жеті мекеме жауапты болып бекітілген еді. Наурыздың өтуіне облыстық білім басқармасы қолдау көрсетті. Қаламыздағы мектептер мен арнаулы оқу орындарының білім алушыларынан жасақталған өнерпаздар әсем әннен шашу шашты. Мектеп жанынан құрылған «Жан жылуы» еріктілер тобы күн мен түннің теңесуін бейнелейтін сахналық көрініс көрсетті. Одан бөлек ұлттық бұйымдарымыздан көрме жасақталды. Ұлық мерекенің кең көлемде атап өтуге барынша үлес қостық, — дейді №30 қазақ орта мектебі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Мирагүл Мұқатова.
Наурыз мерекесіне орай Ақтөбе сервис колледжі ұлттық киімдерден көрме ұйымдастырып, 1000 литрден астам ыстық көже таратты.
Осы шараға студенттеріміздің қолынан шыққан киімдерді әкеліп отырмыз. «Дизайн» мамандығының студенттері бұл киімдерді дипломдық жобасына ұсынып, сәтті қорғап шықты. Қала тұрғындары қыздарымыздың тіккен бұйымдарына қызығушылық танытып, тапсырыс беріп жатыр. Колледж ұжымы студенттердің жұмыспен қамтылуына барлық мүмкіндікті жасап отыр. Наурыз барша халықтың ынтымағын нығайтатын, береке-бірліктің, татулықтың мерекесі. Жерлестерімді айтулы күнмен құттықтай отырып, тек жақсылық тілеймін, — дейді Ақтөбе сервис колледжі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Аманша Өмірзақова.
Қалалық Мәдениет үйінің алаңында да Наурыз ерекше тойланды. Алаңға келген әрбір тұрғын бауырсақ пен наурызкөжеден дәм татты. Киіз үй тігіліп, ұлттық спорттан жарыс ұйымдастырылды. Мәдениет үйінің өнерпаздары көрініс қойып, ән шырқап, би биледі. Халық ұлттық тағамдардан дәм татып, дәстүрлі әндерді тыңдады. Қазақтың қолөнер бұйымдарымен танысты.
— Наурыз мейрамының жоғары деңгейде өтуіне «Максимус» және «Анвар» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі қолдау көрсетті. Олар екі киіз үй құрып, қала тұрғындарына дастарқан жайды. «Champion» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі ыстық шай, бауырсақ таратты. Одан бөлек №36 қазақ орта мектебі мен №16 мектептің ұжымы гір көтеру, тоғызқұмалақ, қол күресі, аударыспақ және басқа да ұлттық спорт түрлерінен сынға түсті, — дейді қалалық мәдениет үйінің директоры Мұратбек Дәрібаев.

***

Қобыланды батыр атындағы орталық стадионда 16 қанатты үш киіз үй тігілді. Бұл жердегі мерекелік шараның көрігін М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университеті, Ақтөбе жоғары политехникалық колледжі және №24 мектеп-гимназияның ұжымы қыздырды.

— Жастар тәрбиелеп жатқандықтан олардың бойына ұлттық құндылықтарды терең сіңіруге тырысамыз. Колледжде кең ауқымды шаралар жиі ұйымдастырылып тұрады. Мұндай басқосулардан ешбір топ тыс қалмайды. Наурыз мейрамында орталық стадион алаңында 16 қанат киіз үй тігіп, ішін жасақтадық. Бауырсақ, наурызкөже, басқа да ұлттық тағамдар пісірдік. Қала халқына шат көңіл сыйлау мақсатында мерекелік бағдарлама да әзірленді. Айта кету керек, бұл шараға білім саласының 11 ардагерін құрметті қонақ ретінде шақырдық. Олардың арасында біздің колледждің ардагерлері де бар, — дейді Ақтөбе жоғары политехникалық колледжі директоры Жеңіскүл Мұхамбетпайызова.  Шара  барысында үлкен де, кіші де наурызкөжеден дәм татты. Кішкентай балақайларға тәттілер тарту етілді. Спорттық ойындар ұйымдастырылды.

Мерекелік шара жоғары деңгейде ұйымдастырылып жатыр. Ел-жұрттың көңілі шат. Бәрі мәз болып, қуанып жүр. Мен де мұнда екі немеремді алып келдім. Үлкен немерем Асылай Бауыржанқызы осы алаңда — Орталық стадиондағы мерекелік шарада өнер көрсетеді. Ол Ақтөбе қаласындағы  №24 мектеп-гимназияда оқиды, — дейді қала тұрғыны Иса Шәмшиев.

Наурыз мейрамы Абай даңғылы алаңында да тойланды. Мұндағы мерекелік шараға облыстық білім басқармасы ұйытқы болды. Алаңда үш киіз үй тігіліп, ақ дастарқан жайылды.
Шарада білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Нұргүл Бертілеуова жиылған қауымды Наурыз мерекесімен құттықтап, іс-шараны ұйымдастыруда белсенділік танытқан бірнеше білім беру ұйымын Алғыс хатпен марапаттады. Мерекеге жиылған қауым концерттік бағдарламаларды, театрландырылған көріністерді тамашалады. Қолөнер шеберлері бұйымдарының көрмесі ұйымдастырылды. Сонымен қатар тұрғындар алтыбақан теуіп, ұлттық, спорттық ойындарға белсене қатысты.

Басты мақсат — халыққа көңіл күй сыйлау. Ұлттық өнерімізді,  құндылықтарымызды дәріптеу, — дейді Нұргүл Бертілеуова.

Халық «Керуен» сауда ойын-сауық орталығы мен «Қазақ халқына мың алғыс» стеласының алаңына да көп жиналды. Бұл жерлерде де ақшаңқан киіз үйлер тігіліп, көпшілік наурызкөже мен бауырсақтан дәм татты. Мерекелік концертті тамашалады.

Ақмарал МҰҚАШЕВА.

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.   

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button