Мереке

Елдегі ерекше күн

Ойыл

Ұлыстың ұлы күні — Наурыз мейрамын Қаратал ауылының тұрғындары да ерекше атап өтті.

Орталық саябақ алаңында ақшаңқан киіз үйлер тігіліп, той-думанға келген барлық қараталдық дәстүрлі ұлттық тағамдар мен сусындардан дәм татты. Ауыл ақсақалдарына ас берілді.

Ойыл ауданының әкімі Асқар Қазыбаев тұрғындарды ұлық мейраммен құттықтап, қиын кезде су тасқынына қарсы шараларды өткізуге көмек көрсеткендердің барлығына алғысын білдірді.

Айта кету керек, 17 наурызда тасқын судың жоғары қысымынан және Ойыл

өзенінің арнасынан асуы салдарынан Қаратал ауылының маңындағы қорғаныш үшін жасалған үйінді судың қатты қарқынына төтеп бере алмады. Соның салдарынан ауылға

су басу қаупі туып, Қаратал ауылының тұрғындары мектепке орналастырылды, үйінді аумағын қалпына келтіру бойынша шаралар қабылданды.

Қабылданған шараларға ауыл тұрғындарының белсенді атсалысуының нәтижесінде су деңгейі төмендеді.

Мерекелік шара барысында облыстық төтенше жағдайлар департаменті мен аудан әкімдігінің қызметкерлеріне тәулік бойы қол ұшын берген жергілікті тұрғындарға Алғыс хаттар табысталды. Атап айтсақ, арнайы техникаларымен көмектескен кәсіпкерлер Батырбек Телжановқа, Қуанышбек Сұлтанғалиевке, «Анвар» ЖШС директоры Талғат Салфиковтің демеушілігімен 300 мың теңгенің, сондай-ақ Мұрабек Оспановқа 50 мың теңгенің

сертификаты табысталды.

Мерекеде арқа-жарқа болған жұртшылық наурызкөжеден дәм татып, ұлттық ойындарды тамашалады.

Д.АЙДАР.

Темір

Темір ауданында Наурыз мейрамына арналған салтанатты шарада мәдени-спорттық бағдарлама ғана емес, қайырымдылық акциясы да өткізілді.

Аудан орталығы — Шұбарқұдық кентінде ұйымдастырылған «Армысың, Әз-Наурыз!» мерекелік шарасы барысында театрлан­ды­рыл­ған көрініс ұсынылды. Сондай-ақ қолөнер­шілер көрмесі аясында жұртшылыққа шеберлердің бұйымдары қолжетімді бағада сатылды. Дәстүрге сай бұл күні ұлттық салт-дәстүрлерді дәріптейтін ойындар, түрлі спорттық жарыстар да өтті. Атап айтсақ, жастар қол күресі, асық ату, арқан тарту, гір тасын көтеру, т.б. бойынша күш сынасты. Сондай-ақ Наурыздың құрметіне жігіттер қымыз ішуден жарысты.

Қаз-қатар тігілген ақшаңқан киіз үйлердің әрқайсысына атау беріліп, келушілер ұлттық тағамдардан ауыз тиді. Ұлыстың ұлы күнінде көпшіліктің қолдауымен темірлік бір отбасына баспананың кілті табысталды.

— Аудандағы орталық алаңда мерекелік бағдарлама барысында жалғызбасты анаға көмек көрсетілді. «100 Дос Шұбар» қайырымдылық қорының мұрындық болуымен 4 баланы тәрбиелеп отырған ауылдасымызға 4 бөлмелі үйдің кілті берілді. Бұл — атымтай жомарт, қайырымды жандардың жинаған қаражатына алынған баспана. Бұған дейін пәтер жалдап келген аталған отбасы алғысын білдіріп, ерекше қуанышты сезімде болды, — дейді Темір аудандық ішкі саясат және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Жайнагүл Жасақбаева.

Бұдан бөлек, Кеңқияқ ауылдық округі әкімдігінің ұйытқы болуымен үздік киіз үй анықталды. Киіз үйдің ішкі-сыртқы көрінісі, ұлттық нақыш, жайылған дастарқан басты назарға алынған сында «Зере» бөбекжай-балабақшасы бас жүлдені жеңіп алды.

Аудан әкімі құттықтау сөз сөйлеп, жиналғандар мерекелік көңіл күйге бөленген Наурыз-думанның соңы өнерпаздар дайындаған концерттік бағдарламаға ұласты.

 Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Шалқар

Шалқар қаласында да Наурыз мейрамы ерекше тойланды. Орталық алаңға киіз үйлер тігіліп, алтыбақан құрылды. Жастар жағы ұлттық спорттық ойындардан жарыстар ұйымдастырып, мерекенің көркін қыздырды.

Аудан әкімі Жанболат Жидеханов та Наурыз тойын көпшілікпен бірге тойлап, жұртшылықты мейраммен құттықтады.

Баршаңызды еңбек пен берекенің, бірлік пен татулықтың, ырыстың жарқын мерекесі, Ұлыстың ұлы күні — Наурыз мейрамымен шын жүректен құттықтаймын! Татулықтың бастауы болған, әрбір шаңырақтың берекесі мен несібесінің жемісі әз Наурыз ұлтымыздың болмысының бір белгісі. Күні кеше ғана халқымыз ел болашағын айқындайтын саяси науқанда өз таңдауын жасады. Ендігі міндет — өрлеу мен жасампаздық жолында болашаққа батыл қадам басу, — деді аудан басшысы.

Наурыз мейрамында еңбек ардагерлері Әлімжан Тасқожин мен Жеткерген Елемесов «Ардақты әке», Зиба Ембергенова мен Жамал Бабановалар «Ақ жаулықты ана» номинацияларымен марапатталып, сый-сияпаттар табысталды.

Мерекеге жиналғандар аудандық Мәдениет үйінің өнерпаздары әзірлеген қазақ халқының салт-дәстүрлерін баяндайтын театрландырылған көріністі тамашалады.

   Мейірлан ДӘНЕКЕРОВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button