Мәдениет

Германия төрінде өнер көрсетті

Өнер

Ғ.Жұбанова атындағы облыстық филармониясының «Арайлы Ақтөбе» фольклорлық ансамблі Германияның төрінде қазақ халқының әндерін әуелетіп, күйін күмбірлетіп қайтты.

Бұл бұған дейін Түркия, Бельгия, Дубай, Польша, Ресей елдерінде өнер көрсетіп жүрген «Арайлы Ақтөбенің» Германиядағы алғашқы концерті болатын. Берлин мен Магдебург қалаларында 500-ге жуық көрерменнің басын қосқан кеш Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжановтың және Қазақстан Республикасының Германиядағы елшілігінің қолдауымен өтті.

Сейсенбі күні фольклорлық ансамбль мен филармония солистері, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының иегері Нұртас Омаров пен Бағдат Балмағанбетованы ұжымдастары мен БАҚ өкілдері Ақтөбе теміржол вокзалында күтіп алды.

Композитор, Ғ.Жұбанова атындағы облыстық филармонияның  «Арайлы Ақтөбе» ансамблінің жетекшісі Серік Закария көрермен қошеметі мен ықыласына ерекше риза болғандарын жеткізді.

— Бұл — «Арайлы Ақтөбенің» Наурыз мейрамы аясындағы Германиядағы алғашқы концерті. Берлиндегі концертіміз бір сағатқа, Магдебургтегі концертіміз бір жарым сағатқа созылды. Көрермен біздің өнерпаздардың өнерін өте жақсы қошеметтеп, қолдап отырды. Немістерде егер концерттік бағдарлама көрермен көңілінен шықпаса, қошемет тек шара соңында ғана соғылады екен. Ал біздің өнерпаздардың әрбір шығармасынан соң көрермен қол соғып, әншілерімізді сахнадан жібермей жатты, — дейді ол.

Германиядағы сапар кезінде Серік Закарияның «Ана мейірімі» атты жаңа туындысының тұсауы кесілген.

Нұртас Омаров ансамбльдің сүйемелдеуімен халық әндерімен қатар, неміс тіліндегі әндерді орындаса, Бағдат Балмағанбетова «Шіркін-ай», «Көзіңнің мөлдірін-ай», «Әдемі қыз» секілді халық әндерін көрермен жүрегіне жеткізе білді.

— Абайдың Гетеден аударған «Қараңғы түнде тау қалқып» әнін жұртшылық зор ықыласпен қабылдады. Тыңдармандарымыздың қатарында Германияда тұратын қазақтар да болды. Концертіміз өте жоғары деңгейде өтті. Қазақстан Республикасының Германиядағы елшілігі бізді жақсы күтіп алып, қаланың тарихымен таныстырды. 19 наурызда елшілікке барып, елімізде болған Парламент Мәжілісі мен барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауына қатысып, дауыс бердік, — деді Нұртас Омаров.

 Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button