Мереке

Елдегі ерекше күн

Ырғыз

Наурыз мейрамын ырғыздықтар да сән-салтанатпен атап өтті. Аудан орталығында

«Наурыз думан-2023» атауымен өткен мәдени-көпшілік шараға тұрғындар барлығы дерлік жиналды.

Қалың көпшілік алдынан аудандық мекеме, кәсіпорындар ұжымы атсалысқан ұзын-сонар ұлы көш жүріп өтті.

Театрландырылған қойылым жаршылардың жар салуымен басталып, Томирис патшайым, жерлес ақын-жырау Жөкей мен Жәкібай, ауыл көкпаршылары, садақшылары, Наурыз-ару, аңшы, саятшылар, Төлеген мен Қыз Жібек, Алдар көсе, т.б. кейіпкерлер қойылымда

өз образдарын сомдап шықты.

Шарада аудан әкімі Нұрлан Қызбергенов тұрғындарды Наурыз мейрамымен құттықтап, әр салада абыройлы еңбек етіп жүрген мамандар мен ардагерлерге мерекелік төсбелгі табыстады.

Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мейірхан Дуанбеков бастаған ардагерлер ауылдастарын мерекемен құттықтап, жүрекжарды лебіздерін жеткізді.

Одан әрі шарада ауданның өнерпаздары жиналғандарға концерттік бағдарлама ұсынды.

Ұлттық ойындар мен спорттық жарыстар, ауылшаруашылық жәрмеңкесі

ұйымдастырылып, тұрғындар киіз үйлерде ұлттық тағамдардан дәм ауыз тиді.

Сондай-ақ Наурыз мейрамында Ырғыз ауылындағы Б.Алманов атындағы көшенің

тұрғындары ұлттық ойындардан жарысып, дастарқан жайып, келушілерге наурызкөже таратты. Көше мерекесінде тұрғындар бір-біріне ақжарма тілектерін айтып, ақсақалдар жастарға батасын берді.

Данагүл ҚАЗИХАН.

Байғанин

Аудан орталығы Қарауылкелді ауылында Наурыз мейрамы тойланды. Шараға халық көп жиналды.

Орталық алаңға қаз-қатар 7 киіз үй тігілді. Аудан бойынша жалпы 60-қа жуық мекеме көпшілікке наурызкөже мен бауырсақ және басқа да ұлттық тағам түрлерін ұсынды. Шара барысында ұлттық қолөнер бұйымдарынан көрме ұйымдастырылды. Сондай-ақ сахналық қойылымдар көрсетіліп, көрермендерге ән мен биден шашу шашылды. Асық ату, қазақша күрес, қол күрес, садақ ату, арқан тартыс, гір көтеру сынды спорт түрлерінен сайыстар өткізілді.

Аудан орталығындағы көшелерде де той ұйымдастырылды.  Сонымен қатар 8 ауылдық округте де киіз үйлер тігіліп, концерттік бағдарлама ұсынылды. Ұлттық спорт түрлерінен жарыс өткізілді.

Рита ХАЛЫҚҚЫЗЫ,

Байғанин ауданы.

Мұғалжар

Қандыағаш қаласында Наурыз мейрамына орай «Наурызым — асыл айым» атты көпшілік серуені өтті.

Мерекелік іс-шараға келген аудан тұрғындары мен қонақтарын аудан әкімі Асқар Шериязданов құттықтады.

Орталық саябаққа 11 киіз үй тігіліп, мерекені тамашалауға келген тұрғындар қазақтың ұлттық тағамдарынан дәм татты.

Мерекеге орай тігілген киіз үйлерге «Қожа Ахмет Яссауидің туғанына — 930 жыл», «Сұлтан Бейбарыстың туғанына — 800 жыл», «Төле бидің туғанына — 360 жыл», «Бұқар жыраудың туғанына — 330 жыл», «Абылай ханның туғанына — 310 жыл», «Махамбет Өтемісұлының туғанына — 220 жыл», «Шәкәрім Құдайбердіұлының туғанына — 165 жыл», «Амангелді Имановтың туғанына — 150 жыл», «Мағжан Жұмабаевтың туғанына — 130 жыл», «Сұлтанмахмұт Торайғыровтың туғанына — 130 жыл» атаулары берілді.

Орталық алаңда аудандық Мәдениет үйінің қызметкерлері театрландырылған мерекелік көріністер ұйымдастырды. Бұл күні ән әуелеп, күй күмбірлеп, бишілер өз өнерін көрсетті.

Қала тұрғындары мен қонақтары ұлттық ойындарды тамашалады. Жігіттер қауымы гір тасын көтеріп, қол күрестіріп, арқан тартысып, қой көтеруден өзара бақ сынасса, балалар асық ойнап, бозбала мен бойжеткендер алтыбақан тепті.

Сонымен қатар мерекелік іс-шарада ең әдемі киіз үй анықталды. «Ең әдемі киіз үй» байқауында жеңімпаз бен жүлдегер атанғандар және түрлі номинацияларға ие болғандар дипломдармен, бағалы сыйлықтармен марапатталды.

«Алтын орман» мейрамханасының ұжымы қала тұрғындары мен қонақтарына наурызкөже мен бауырсақ таратты.

Халықтық серуенде 3 мың литрге жуық наурызкөже мен 2100 келі бауырсақ және басқа да түрлі ұлттық тағамдар ұсынылды. Наурыз-думанның жоғары деңгейде өтуіне Қандыағаш қаласындағы кәсіпорын мен мекемелердің бәрі де атсалысты.

 Жандос АЙТЖАНОВ.  

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button