Денсаулық

Сколиоздың алдын алыңыз!

Маман кеңесі

Сколиоз — омыртқаның қисаюы, яғни патологиялық дерт. Өкінішке қарай, бүгінде бұл дерт мектеп жасындағы балалар арасында кең тарап отыр.

Бала атаулы әсіресе жасөспірім шақта қарқынды өседі, тап осы кезде дене тұлғасында омыртқаның қисаюы, т.б. ауытқушылықтар жиі қалыптасады.

Дене тұлғасының дұрыстығын сақтау — баланың денсаулығы мен болашақ сымбаты үшін өте маңызды. Мұны гигиеналық тұрғыдан негіздеуде оқу орындарын қажетті жиһаздармен қамтамасыз ету, т.б. талаптар сақталуы керек.

2022 жылы облыс бойынша оқушылар денсаулығын тексеруден өткізу барысында 9464 баладан түрлі ауытқушылықтар анықталды. Соның ішінде 1168 балада сколиоз бар болып шықты, ал 2021 жылғы тексеріс кезінде бұл дерт 413 баладан анықталған еді. Оның ішінде бастауыш сынып оқушыларының саны — 176 (2021 жылы 28 баладан анықталған болатын), 5-9 сынып оқушыларының саны — 619 (2021 жылғы дерек — 212), ал жоғары сыныптағы жасөспірімдер саны — 373 (2021 жылғы дерек — 173 бала).

Яғни 2021 жылғы деректермен салыстырғанда, өткен жылы оқушылар арасында сколиоз ауруының 2,8 есе көбейгені байқалды.

Сколиоздың, яғни денеде жүре пайда болатын ақаулардың себептері әртүрлі, оның ішінде ең көп тарағаны: үстелде ұзақ отырғанда, дұрыс отырмау; үстел мен орындықтың адамның бойына сәйкеспеуі; ұзақ уақыт бойы қозғалыссыз, тапжылмай отыру салдарынан ағзаға, соның ішінде арқаға күш түсу; мойын мен арқадағы жарақаттардың асқынуы; кейбір жұқпалы аурулар; жамбас буындарының дисплазиясы.

Ал сколиоздың алдын алу үшін:

— сүйектердің дұрыс дамып-жетілуі үшін бала ағзасына Д витамині қажет, сондықтан жыл мезгіліне қарамастан, баланың таза ауада болуын қадағалаңыз;

— балаға арналған жиһаз оның жасы мен бойына сәйкес болсын;

— сөмкені иықта асып жүруге болмайды. Мектеп оқушысы үшін екі жұмсақ белдігі бар аспалы сөмке таңдаңыз;

— бала ұзақ уақыт отыра бермей, қозғалып, мүмкіндігінше, спорт, денешынықтырумен айналысуы керек.

Сонымен бірге баланың қалай отыратынына да назар аударыңыз. Егер ол әдеттегідей тік отыра алмай, арқасының шаршайтынын, ауырсынатынын айтып шағымданса, еңкейе берсе, онда дереу ортопед дәрігерге қаралу керек. Неғұрлым емді ертерек бастаудың маңызды екенін ұмытпаңыз.

Райхан ҚОЙШАНОВА,

облыстық санитарлық-эпидемиологиялық

бақылау департаментінің басшысы.

Лаура РШАУОВА,

бөлім басшысы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button